Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  120


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛБАСЫН ҚАЙТА САЙЛАҒАНДА

Нұрын шашып тұрғанда жан-жағына,
Кім ілінсін қараудың қармағына.
Туған елдің бақыты шығар, бәлкім,
Жайғасқаны қайтадан хан тағына.
Одан өзге ер бар ма баққа қорған,
Тіршілікте қан жүрмей қатпа болған.
Жаңа дәуір басталған жоқ па, ағайын,
Күннен бастап Нұрсұлтан таққа қонған.
Егер бірлік болмаса көңілді елде,
Өксіп жылап өтесің өмірден де.
 Қандай жұрт та, ағайын, тауға айналған,
Бір төбенің басынан көрінгенде.
Тілі тәтті екен деп шатаға ерме,
Жылы сөздің барлығын бата көрме.
Аждаһаның үш басы секілденіп,
Үш арыстан үш жаққа тарта берме.
Азаматтың барлығы атқа мінген
Бәрі бірдей сардар ма сапқа кірген.
Сатқын жоқ деп ішінде кім айтады,
Жымысқы оймен бір оғын сақтап жүрген.
Бір биікке шыққалы қол артқанда,
Тартасың-ау етектен сорлатқанда.
Қисық сөйлей бересің неге, ағайын,
Болашаққа көш түзеп жол тартқанда!
Көшпен бірге жарысып желген арай,
Желкен керіп жүзгенде желге қарай,
Елбасына тілеулес бола алмаған
Болады, айтшы, тілеулес елге қалай.
Қазақ мұңын жаһанның көбісі ұғып,
Жортқан емес жапанда бөрісі ұлып.
Нұрсұлтанның арқасы шығар, Елім,
Бүкіл әлем тұрса егер төр ұсынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу