Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  289


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕСІ

Мойымайтын тағдыры түнергенде,
Жас өскіндер көп болған жігерлі елде.
Қырдың үсті дүркірей жөнелген-ді,
Бәйге аттардың тізгінін жібергенде.
Бәйге аттардың қара нар қуатынан,
Тұяғында қай тас та уатылған.
Реактивті ұшақтаң жолағындай
Соңдарында қою шаң шұбатылған.
 Ауыздықпен алысып, аласұрған
Аттар еді суытып, таңасырған.
Бірінші боп бәйгеден озып келген
Арғымақтың қашанда бағы ашылған.
Шабысынан қара жер қуырылып,
Бір ақбоз ат шықты алға суырылып.
Жанарында жарқ етіп нұр ойнаған
Қарағанда көзіне күн бұрылып.
Ақ көбік тер ақбозды сабындаған,
Сауырынан сырғанап, ағындаған.
Қай бәйгеге қоссаң да бұл жүйрікті
Шапқан сайын көсіліп арындаған.
Сәуле ойнатып көңілдің күмбезіне,
Кім түскісі келмейді жұрт көзіне.
Шабады екен ат екеш ат та аптығып,
Елбасының таласып жүлдесіне…
Жөн білетін қайда елдің кемеңгері,
Неге толқын атпады тереңдері?
Елбасының жүлдесін озып алған
Сол ақбоз ат бақытты менен гөрі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу