Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  209


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАХАМБЕТ ӨЛДІ НЕГЕ?

Көк туын желбіретіп тұғырлы елдің,
Өтінде келе жатсың суық желдің.
Бірлігі ел ішінің сақталса егер
Қапыда үзіле ме жұлыны ердің.
 Қызынған жұрттың бәрі қырқысқалы,
Сөз айтсын Сізден өзге кім нұсқалы.
Төрт бөліп түн ұйқыңды жүрген жоқ па,
Ел қамы,
Халық қамы,
Тұрмыс қамы.
Жағасы туған елдің жаңарғанда,
Жүрмесін зауал шығып тағы алдан да.
Кеудеңді қалқан етіп тостың талай
Сұқ көздер ту сыртыңнан қадалғанда.
Өрістеп небір сұмдық жер үстінде,
Оққа ұшқан құлын аз ба желісінде.
Жүргенің оқ өтінде жалған емес,
Жүрсең де алтын бесік ел ішінде.
Жоғалтпай келе жатқан өр пішінін,
Дұшпаны аз болмаған ер кісінің.
Махамбет өлді неге қапылыста,
Жаулығы жоқ болса егер ел ішінің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу