Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  305


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛҒАШҚЫ ЕРКЕК

Көктеп өсіп тұрса егер ақ шынары,
Шырқалмайды неге елдің қаршыға әні?
Қалай әні шырқалсын тамып тұрса,
Сен секілді қайғының тамшылары.
Жон арқаңнан тілмесін таспа бір күн,
Шындықтардың шыңғыртып қамшылары.
Қолтығыңның астына жел кіргенде,
Төбең көкке жетті ме елге үргенде.
Абыройың аспандап тұрған еді,
Елбасының қасында сен жүргенде.
Қыран құстың жаралған қанатынан,
Көрінетін ерлердің санатынан.
Жұрттың бәрі өзіңнен сырт айналды,
Сен жұдырық түйгенде хан артынан.
Бұралқыдай күн кешіп бұралаңда,
Көсем болған жан бар ма бұл заманда.
Бір албасты ішіңде отырмаса,
Сені қара баса ма жұрт аманда.
Өмірінің өткерген көбін өрде,
Азаматтар аз емес көңілді елде.
Ақылы азып, шатаса бастайтұғын
Абыройы кісінің төгілерде.
 Атылатын жанартау сөнерінде,
Шатылатын ер жігіт өлерінде.
Көздеріне қан толып жын ататын,
Бура атанға алжасып шөгерінде.
Қатер көп те қастерлі елге төнген,
Сендей ездер намысын жерге көмген.
Нар тұлғалы азамат шығар десем,
Үрген қарын екенсің жел көтерген.
Бақытынан көз жазып үйірілген,
Сайтан түрткен сойқансың бүйірінен.
Бір байталдың соңынан кеттің еріп,
Айғырдайын адасқан үйірінен.
Сұмға балап қағынған жатырында,
Сенен безген туысың, жақының да.
Қалғаныңды білмейсің әлі күнге,
Бір сайқалдың тұншығып тақымында.
Ерген түйе ешкінің жетегіне,
Оралмаған жүк артып мекеніне.
Қуылғанда саяси сахнадан,
Сол сайқалдың тығылдың етегіне.
Білем сені жасыңнан шен құмарсың,
Бірақ қалай қам көңіл елге ұнарсың.
Қалқан етіп қатынын бетке ұстаған,
Алғашқы еркек Алашта сен шығарсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу