Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  126


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЕКАРА

Өрі үстемде даламның, төрі үстемде,
Неге өркен жаймасын өрісті ел де.
Ресей, қазақ елдері шын қуандым,
Шекарасын белгілеп бөліскенде.
Қабақтары жараспай суынысып,
Жүрсе қылыш қайтер ек суырысып.
Шекарасын қуандым бөліскенде
Екі ұлы ел өзара ұғынысып.
Шекарасын айқындап белгілеген,
Қандай зауал туса да ел түлеген.
 Орыс билеп тұрғанда қазақ ылғи
Ормандайын оталып селдіреген.
Көкірекке өксіген шер толғалы,
Туған елдің тұғырлы ер қорғаны.
Шекарасы қазақтың белгіленсе,
Енді нағыз тәуелсіз ел болғаны.
Білем әлі табаннан сыз өтеді,
Бірақ қалай жанымды жүдетеді.
Төбесінен ұшырмай улы шыбын
Шекараны жүрегім күзетеді.
Дұшпан көп те ниеті шын бұзылған,
Сызық емес шекара құр сызылған.
Білсең егер күшті елдің шеп-қорғаны
Жүректерден сомдалып тұрғызылған.
Серт жүзінде орнаған шекарасы,
Енді неге ұшықсын ел арасы.
Қараса да біреулер көз алартып,
Бұдан былай қозбайды жер таласы.
Жер дауына біржола нүкте қойған
Алты Алаштың азулы ер данасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу