Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  82


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛБАСЫНЫҢ БАСТАМАСЫ НЕМЕСЕ ОРТА АЗИЯ ОДАҒЫ

Елбасының қолдаған бастамасын,
Соққан емес өкініп тасқа басын.
Бөрі жеген заманда бөлінгенді,
Жалғыз қалған жанды кім жасқамасын.
Соғысса да қан қырғын майдан ашып,
Жалғыз – көпті жеңе ме тайталасып.
Орта Азия Одағы құрылғанда,
Жер-жаһанға тұрмай ма айбары асып.
 Үсік шалып, солмасын тірі гүлдер,
Бейбіт күннің баршаға тірлігін бер.
Бастамасы бойынша Елбасының,
Орта Азия елдері бірігіңдер!
Ұмытылып жайына ұят қалып,
Керегі не соғысқа жиі аттанып.
Орта Азия біріксе, күшеймей ме
Еуропа елдері сияқтанып.
Біріккеннің таңы атқан арайланып,
Татулықтың бойында қаны айналып.
Бірақ көптен бөлініп,
Көш соңында
Сорлағандар аз емес талай қалып.
Дүние-әлем жаңғырып, жаңарғанда,
Бөлінгендер адасқан қара орманда.
Жалғыздықтың қашанда күні қараң –
Дұшпан көзі сұстанып аларғанда.
Болашаққа бірігіп ұмтылғанда,
Дос елдердің жағасы жыртылған ба.
Жапалақ та жалғызды соғып алар
Екіталай басына күн туғанда.
Бастамасын қолдаса ғұмырлы ердің,
Неге биік болмасын тұғыры елдің.
Жаралғасын жұмыр боп,
Тұрған жоқ па
Тұтастығы сақталып Жұмыр Жердің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу