Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  122


Автор: Рафаэль Ниязбек

АКАДЕМИК ҚАРТТЫҢ ҰСЫНЫСЫ НЕМЕСЕ НҰРСҰЛТАН ҚАЛАСЫ


Астананы арқаға көшіргенде,
Алағызып сыр берген төзімді ел де.
Диқандардың болатын мерейі үстем
Бақша-бауын жайқалтып өсіргенде.
Ар жолында сүйекті қара шалған
Елбасының күні бар ма аласарған, –
Жара салған жүрекке жұқсыз көп те,
Жағасына Есілдің қала салған.
Қажыса да көңілдің күйі кетіп,
Қала салған сәнді етіп, биік етіп.
 Тіршіліктің қан құйған тамырына
Жүрегінің соғысын жиілетіп.
Қала үйлері көкке өрлеп салынғаны –
Сарыарқаның самалын сағынғаны.
Жау жоқ әлі жапсардан сығалаған
Бес қаруын Астана тағынғалы.
Астананың сәуле ойнап келбетінде,
Айналады ақ нұрға ерте күнде.
Бүкіл әлем неге оған сұқтанады,
Сұлу қала көп болса жер бетінде.
Мұнар шалған мұратын мұңданғанда,
Талай мәрте көз жасы тұнған таңда, –
Жаны сұлу болмаса Елбасының
Сұлу қала сала ма бұл жалғанда.
Келе жатқан мезгілде дара сілтеп,
Елбасының қашанда бағы асыл деп, –
Артық емес айбынды Астананы
Атаса да Нұрсұлтан қаласы деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу