Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  214


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖОЛБАРЫСПЕН ҚОШТАСУ

Елбасы ұлы композитор Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ
сырқаттанып жатқанда ауруханаға
арнайы барып, көңілін сұрап,
Халық Қаһарманы атағымен
марапаттаған болатын.
АВТОР.
Кім көлеңке түсірсін шұғылама,
Өмір деген сәт сайын құбыла ма.
Нұрғисаның жатқанын сырқаттанып,
Көп кешікпей естіген тұғырлы Аға.
 Мына ұлы ғасырда дүбірлеген,
Құдіретін өнердің кім білмеген.
Сазгер еді Нұрғиса кие қонған,
Көкірегі күй еді күмбірлеген.
Сазгер еді баратын алысқа әлі,
Тұрған жоқ па басынан бақ ұшқалы.
Кім болғаны ат ізін салмай кетсе,
Ағасына кәрі дерт жабысқалы.
Президент емес пе кеудесінде
Аласұрып ақырған арыстаны.
Көңілінің сарқылмай бұлағы әлі,
Сазгер жатқан төсекте құрамалы.
Емханаға Елбасы жетті азанда
Ағасының көңілін сұрағалы.
Ата жолын ұстанып, сана қуған
Асыл еді анадан дара туған.
Елбасы ішке кіргенде
Нұрғисаның
Көз алдынан серпілген қара тұман.
Көңілінің көтерген мұнарасын,
Елбасы кеп көңілін сұрағасын.
Нұрсұлтан мен Нұрғиса сырласқанда
Нұрлы өзенге айналып нұрлы ағасың.
Тәңіріден өзгеге жағынбаған
Елбасы ма ағасын сағынбаған.
Алтын Жұлдыз таққанда кеудесіне
Алтын сәуле бөлмеде ағындаған.
Көкірегінен бір өзен жырлап аққан,
Сырқат кейде құлазып мұңға батқан.
Жолбарыспен қоштасып жұмды көзін
Елбасының ішінде тулап жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу