Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  106


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛАШТАН ТУҒАН АЙБОЗЫМ

Жұлдызы көктен жамырап,
Алаштан туған Айбозым!
Өзіңіз барда маңырап
Қаңғысын қайда қай қозым.
Сақтанғай көздің сұғынан
Алдаспан болған арысым.
Алатаудың заңғар шыңынан
Алысқа секірген барысым.
Шөл қысқан қуаң белеңге
Тебіреніп аққан тереңім.
Егеулі найза ер елге
Еміреніп жеткен кемелім.
Ат ерттеп мініп жасынан
Бақ қуған қырғи еренім.
Қатерлі семсер астынан
Еңкеймей өткен еменім.
 Қақ тұрмас қатқыл қыратқа
Мөлдіреп тұнған тұнығым.
Бастаған нұрлы мұратқа
Ұлытау тектес ұлығым.
Қанатын аққу жайғанда
Теңіздей шалқар айдыным.
Айбары асқан Айдан да
Арыстан кеуде айбыным.
Бармадың қанша жат елге
Жұрт көріп бәрін жаны арай,
Қарсы ағып қауіп-қатерге
Қасқайып тұрған қарағай.
Тоза ма, сірә, Сіз барда
Арғымақ аттың тағасы.
Жыртылсын қалай мұз-қарға
Азамат ердің жағасы.
Жүрсең де желдің өтінде
Арайлы таңың жиі атсын.
Әділетсіз әлем бетінде
Қап қойған жалғыз Ұятсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу