Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  119


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Ерніңнің түгі тебіндеп

Ерніңнің түгі тебіндеп,
Шілдеге сары шарқ ұрар.
Қоңыр күздің кегін жеп,
Көктемге көңілім талпынар.
Атыспай назар назармен,
Тот басты оғын сабырдың.
Әзілді тежей азар мен,
Жылдарды сері сағындым.
«Ағалап» шыққан дірілден
Бастаңғы бір сыр ұғамын.
Аңдимын сыр түріңнен,
Қабарсаң – қақтай тұнамын.
Көзіңнен ұшқан ұшқыннан
Тұтанса нәзік жүрегім.
Ақылмен таптап жалма-жан,
Өшіремін де жүремін.
Зер салмайын десем де,
Зердесіз екен көз шіркін.
Мылқауша жұтып өтем бе,
Махаббаттың өз дертін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу