Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  131


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Келді де ақтық күнің, Іскендерім

Келді де ақтық күнің, Іскендерім,
Белгіге өшпес із сап, тістенді ерін.
Сусынға жұтылды емдей қызыл шарап,
Қорек боп ішке еріксіз түскен шерің.
Төзімнің майданында беріспеген,
Көзімнің жасы аяулы періштеден.
Кеудеде қып-қызыл боп жанды жүрек,
Қайғысы, қуанышы берік келген.
Ғаламға жат сырымды жақын ашпай,
Сазарып тұрдым ұзақ қатты бастай.
Басында зиратыңның оқыдым жыр,
Құранның қоңыраулы үні татымастай.
Жанары күйіп кеткен кекті жардай,
Кешқұрым күңгірт сәуле төкті арай.
Жүгірдім «Іскендерім, қайдасың?!» деп
Шырын шақ көз алдымнан өтті талай.
Кей жасық сияқтанып, жетімдендім,
Бейне ашық сақ-сақ күлген секілдендім.
Құштым мен бейтіңді емес, таудың төсін,
Қазаға болды осы-ақ бекінгенім.
Сен –жаттай, інім тете, аямадың,
Тек жатпай жерді менше аяладың.
Қалдырдың сыбағама мың сағыныш,
Қарағым, сиқырдай бұл қай амалың?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу