Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  96


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Кеме үстіндегі таныстық

БАЛЛАДА

Тартып сапар Еділ-Донға,
Шықты кеме Москвадан.
Дегендей-ақ «Сапар оңға!»,
Қақ жарылды тасқын алдан.
Қазақ жігіт сол кемеде
Бара жатты жолаушылап.
Назар салып әр төбеге,
Көршісінен жөнін сұрап.
Жол үстінің жасап ғұрпын,
Құрды сауық жастар демде.
Тұнық судың бұзып шырқын,
Кете берді ұзап кеме.
Комбайннан қағып сусыл
Дәндей аққан жөңкеріліп;
Кеме астында тулайды су,
Ақжал толқын төңкеріліп.
Бейне ақықтай жаудыраған,
Толқиды су тағы да алдан;
Кең дүние – маужыраған,
Жағалауда – мүлгиді орман.
Би биленіп, музыка ойнап,
Кеме үстінде қызды сауық.
Кеме өзенді сүзе бойлап,
Ырғалады ауық-ауық.
Көрінеді жағалаудан
Жатқан шексіз жазық аудан.
Құнарлы жер қалың құйқа,
Жігіт отыр ойға кетіп.
Жібек шаш қыз блондинка,
Тіл қатады бойлай өтіп:
– Көңілсізсіз неге, жігіт,
Жас адамға жарай ма бұл?
Ойға шомып көзің тігіп,
Сайын түзге қарайсың құр.
Сүймейсіз бе әлде өлеңді,
Әлде биді білмейсіз бе?
Қаласаңыз – бұл өнерді
Үйретуге болар сізге!
Деді жігіт: – Жақын жанға
Сүйем сыршыл орыс сазын.
Болған шабыт ақындарға
Тентек қысын, ерке жазын!
Көздей сіздің мөлдіреген,
Біздің де әсем көлдеріміз.
Жібек шаштай желбіреген,
Сар селеулі белдеріміз.
Қыр қазағы сауық кұмар,
Өнерімен таң қалдырған.
Қыз жүрегі қауып қылар
Әнімізден біздің салған.
Еділ мен Дон туса да егіз,
Өмір бойы көрісе алмай.
Естіп сырттан еміс-еміс,
Келмеп пе еді мауқы қанбай?
Екі бауыр құшақтасып,
Жатса кешіп көңіл көркін.
Келед кеме ұсақ басып,
Сағынады алыс төркін! –
Табу қиын жүрек кілтін,
Үміт пен наз – екі жақты.
Жібек шашын келте сілтеп,
Бойжеткен қыз жауап қатты.
«Төркін біздің – сіздің Жайық,
Сіңлісіндей-ақ Еділдің.
Асығыс іс – алма-ғайып,
Тілге тиек таба білдің!
Ертең басы бүгінгіден,
ТОСЫН сапар тойын тойлап,
Құрап үміт үгіндіден,
Жүзер кеме еркін бойлап!» –
Жақсы жас сыр – жатырқамас,
Жігіт пен қыз танысты алғаш.
Кемеде әсем музыка ойнап,
Шағалалар ұшты сонда.
Кеме өзенді сүзе бойлап,
Бара жатты Еділ-Донға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу