Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

Адвокат Юрий Петрович Еронинге

Асқаровты –
еңбектің ақ табанын,
Сенің бүйтіп құрысын ақтағаның.
Айналып кеп қазығын тапқан аттай
Өз орысың болды ма жақтағаның.
Ақтаған боп сөйлеп те
Бұның қалай?
Намысымды,
Арымды таптағаның.
Бұлтты күндей қабағы тұнжыраған,
Қырт екенсің болбырап былжыраған.
Жанды қорғап адвокат сөйлеуші еді,
Көз ұшында Шындығы бұлдыраған.
Қос өкпеңді қысқандай дарқан жалған,
Неге тұрсың аттай боп арқандалған?
Асқаровты ақтасаң
болар еді –
Тас қоғамның қорғаны талқандалған.
Атпақсың ба тұтқынды орға баптап,
Неге тұрсың, ей, мырза, қорғалақтап?
Бірі ме едің жағымпаз жарамсақтың
Қарап жаман үйренген зорға алақтап.
Жарық күнің бара ма түнге айналып,
Неге тұрсың сілейіп, тіл байланып?
Ара түссем жазықсыз жанды қорғап,
Қорқасың ба кетем деп құмға айдалып.
Жат көрініп жатырқап айға аспаның,
Қандасыңа тартқаның қай сасқаның?
 Әділдікті,
Шындықты қорғап және
Қажет еді жан беріп айқасқаның.
Күштілерге сыбаға – табақ тартқан,
Арамсирақ екенсің қабақ баққан.
Бопсалауың –
емес пе кезің сенің
Зұлым иттей үндемей балақ қапқан.
Жорта кергіп,
қатындай бұлданғаның –
Қарау ниет ойлармен шыңдалғаның.
СССР – естіге жындыхана,
Жетпеді ме есіріп, жынданғаның.
Ақтамасаң тұтқынды – ақтамағын,
Шағылмаса болғаны бақ, талабым.
Төселсем де кілем боп,
жалғыз кінәм,
Жылан болып жолында жатпағаным.
Аңдаусызда мойныңа сарт оралып,
Өзің құсап өзгені шақпағаным.
Жеткен болар кезегі
қара көзден
Асқаров ед ендігі атпағаның.
Ат та жібер!
Шыжғырып табаға сап,
Қазақ халқын аз болса қақтағаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу