Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  356


Автор: Рафаэль Ниязбек

Марқұм болған ана жыры

Тозаң кешіп,
от кешіп,
азап кешіп,
Келе жатқан ел еді қазақ та өсіп.
Дала – таба болса егер,
келеді әлі,
Қуырып жеу қазақты ғажап десіп.
Дауыл, боран тудырған дүркін демі,
Аждаһаны жеңуің мүмкін бе еді.
Әр төбе үшін соғыста майдандассаң,
Күресесің жан үшін бұл күндері.
Ит тірлікте иттермен сан керісіп,
Тұғырлармен тұғыр боп сан тебісіп, –
Күресесің бір сәттік сәуле үшін де
Жан алысып күніге,
жан берісіп.
Бүйідейін тиетін елге күнде,
Роборт-жандар жүргенде жер бетінде.
Тыныш өмір сүруің мүмкін емес
Бақыт нұры жарқырап келбетіңде.
Бостан босқа, қайтесің, назаланып,
Өкіметті деп пе едің таза қалып.
Қара құйын секілді бұлар кейде
Оқтын-оқтын тұратын мазаны алып.
Қоғам болса ақылы ауыспаған
Күн кеше ме барша жан жазаланып.
Өлім сеуіп үйренген бар маңына,
Олар неге жетпесін арманына.
 Жайын балық сен болдың,
көп қиналмай
Қапылыста ілінген қармағына.
Тас қоғамда жүзінен ақпан ескен,
Елін тастап,
үй қанша жатқа көшкен.
Әдеті ғой
қарағай,
еменді отау –
Жасыл орман ішінде қаптап өскен.
Ажал болып тажалмен үндесе алған
Өкімет бұл құрбанын күнде шалған, –
Халқын түгел тұтқындап ұстау үшін
Алдыменен тас қорған түрме салған.
Болсын мейлі еңбектің ақ табаны,
Қажет емес сенімін ақтағаны.
Түрме ішін кімдермен толтырады
Тықпаса әкеп тексермей ақ, қараны.
Кеңес дедің,
Сен оған жақтаса бер,
Мен сенбеймін,
Анамын аққа сенер.
Бұл өкімет ақылды болар еді-ау,
Асылдарын түрмеге жаппаса егер.
Көзбен көріп сұмдығын өртенгенмін,
Талай мәрте тірідей көрге енгенмін.
Біліп сені жабарын абақтыға
Көргім келмей әдейі ерте өлгенмін.
 Жан емес ең арманын желең қуған,
Тал бойыңды ер жыры –
өлең буған.
Тас бұғауды талқандап шығарың хақ
Перзент болсаң егерде менен туған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу