Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  274


Автор: Рафаэль Ниязбек

Желтоқсан ызғары

Тұмшалады қара бұлт айды аспанда,
Колбин келіп «тағына» жайғасқанда.
Жеңеді деп жамандық кім ойлаған
Жамандық пен Жақсылық айқасқанда.
Бұрын мұндай кім көрген масқараны,
Секемденіп шегінген аспан әрі.
Наразылық күшейіп тасқындады,
Намыс кернеп Алматы –
астананы.
Сөлекет боп танылды
кең алаңда
Бұрқақ атып шырқалған жастар әні.
Тамырында тулаған намыс қаны,
Ұл-қызым боп
зұлматтың алысқаны.
Арпылдаған талатып иттеріне,
Тәнкілермен не сұмдық жанышқаны.
Тажал болды Мәкеудің қызынғаны,
Әділ жолдан тайғаны –
бұзылғаны.
Қорғаштаған намысын барша жастың
Судай ақты алаңда қызыл қаны.
Қарсы шапсаң көк сауыт жарақтыға,
Сор жауатын кезең ғой талаптыға.
Қаншама жас қиылып қыршынынан,
Қаншама жас қамалды абақтыға.
– Неге қарға лақтырып тастамасын,
Қалдырды, – деп, – ұятқа астанасын.
 Өр намысын қорғаған жастарының
Үлкен қанша шығарған масқарасын.
Пәрмен солай болды ма өктем жеткен,
Жанның бәрі бұғынып көктемдеткен, –
«Наркамандар!» деп бөсті бір топ саңлақ
Қалың қазақ өнерін көкке өрлеткен.
Үлкендер-ай, күн кешкен жарамсақтанып,
Кетпесе егер сөйте ме адам ұсақталып.
Бірақ бәрін күтуге болады екен
Адал өлген қоғамда, арам сақталып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу