Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  279


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕТЕКТЕГІ БОТА ЕМЕСПІН

Өзгеден ақылым аз, күшім кем бе,
Не түсті беделімді түсіргенде?
Не түсті жазым өтпей
Бөктердегі
Гүлімді үскірік боп үсіткенде?
Осы ма мені жете түсінгенің,
Бұның не беделімді түсіргенің?
Күшіктік емес шығар
Жұрт алдында
Өзіңді аға тұтып кішіргенім.
Түстім бе жайлауыңа ат байлаған,
Жолыңмен жүрдім бе әлде тақтайлаған?
Шық етіп жүрегіңе тиген тастай
Болды ма кезім және жақпай қалған?
Жол тартқан керуендей төте күнге,
Жүрмедің дейсің менің жетегімде.
Мен айтсам:
Биігінен құламайтын
Таулардың жүрген жақсы етегінде!
Жалынды аға болсаң отқа оранған,
Додаға түсіп мен де көкпар алғам.
Ай-шай жоқ жетегінде кете берер
Мен саған бота емеспін ноқталанған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу