Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  202


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛЫП ТАСТА ДЕЙСІҢ-АУ...

Жаның сенің дедің бе төре кімнен,
Жырымды оқып, өткізіп елегіңнен, –
Қазақ деген сөзді алып таста дейсің,
Қазақ жайлы жазылған өлеңімнен.
Неге аламын, жарқыным, неге аламын,
Тыныстаймын қазақ деп, дем аламын.
Қыдыр кезген қырқасын қайран қазақ
Асқар тауым емес пе, көк алабым.
Қазақ халқы бар болса – мен де бармын,
Өлеңімнен, ендеше, неге аламын?!
Алып таста дейсің сен өктем төніп,
Қайтер еді
Қарасаң көктем болып.
Киесі атып ел-жұрттың,
Не айтпақсың,
Жүрсе егерде аяғың көктен келіп?!
О, жарқыным, сондықтан келте кетпе,
Сен – жапырақ болғанда, ел – терек те.
Қасиетін халқымның жойсам деген
Талай сұмдық болған-ды ертеректе.
Жаратпаған бір есер мол мұрасын,
( Он отырып соны ойлап, он тұрасың ).
 – Құрту керек отқа өртеп, – депті ызалы, –
Жиып алып қазақтың домбырасын.
Көк мінбеде көгілдір шыңдай қатып,
Қызметке сол шіркін тұрмай жатып:
-Домбыраның жоқ, – депті, – келешегі,
Болашаққа барамыз сырнай тартып.
Суық бопты шіркіннің сөзі сондай,
Жан жоқ еді көрінген көзіме ондай.
Қасиетті қазақтың киесі атып,
Көп ұзамай құрыпты өзі де оңбай.
Кімдер естіп бұл жайтты, кім білмеген,
Кезі бар ма жүректі мың тілмеген, –
Опа табам деді ме
Нар халқымның
Домбыра – үнін өшіріп күмбірлеген?!
Өткізсең де жырымды елегіңнен,
Сол сұмдықты сенен де көремін мен.
Қазақ деген сөзді алып таста дейсің,
Қазақ жайлы жазылған өлеңімнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу