Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  351


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВПЕН СЫРЛАСУ


Сырласып айқын уақытпен,
Толқыса бір сыр ішімде,
Жүр екем Шыңғыс Айтматовпен
Кездесіп бірде түсімде.
Жұлдызым, сірә, жанды ма,
Сол жолы шырқап Айға астым.
Ұлы адамның алдына
Қысыла барып жайғастым.
Жарқыл от тұнып көзіне
Жадыраған кезі оның да.
Ұсынсам деген өзіне
Қолжазбам бар-тын қолымда.
Қарады кенет жүзіме,
Тосырқап өткір сұспенен, –
Ұрынған жандай күзіне
Келдім бе сұрғылт түспенен?
Тыңдамай арман-мұңымды,
Кетердей бейне ол тұрып, –
 Түсірмей баға, құнымды,
Көкірегімді күйге толтырып.
Сөйледім лезде іркілмей,
Бөленіп балғын сезімге.
Тыңдады үнсіз, бір күлмей,
Айналып маңғаз төзімге.
– Қазақ пен қырғыз жерінде
Мұхаңнан өткен шың бар ма, –
Өмірдің өжет өрінде
Жол ашқан сендей сұңқарға.
Әлемге жан боп әйгілі,
Келесің әйдік құрметпен.
Жетесің бізге қай күні,
Керек-ау сендей бір көктем.
Керек-ау сендей бір көктем,
Жауқазын біздей жастарға.
Асулардан да бірге өткен
Жетелеп заңғар асқарға...
Ендеше тыңда, жан аға,
Бұл жолы тақпа маған сын.
Қарасаң байтақ далаға,
Асқар тау болған ағамсың.
Жусанды жазық қыр, дала,
Сенің де, аға, бесігің.
Қазақтан шыққан бір бала
Болса егер іні, несі мін?!
Алатауыңнан басталған
Таласты еміп сен де өстің.
 Қазақтың құмын жастанған
Таласты еміп мен де өстім.
Бір енені тел емген
Не жетсін, аға, бауырға –
Бірі үшін... шаба жөнелген
Салып қап атын сауырға.
Жүгіріп бір от денемде,
Шақырды сонда қыр, дала.
Мен едім –
Жүрсе белеңде
Жолыңды тосып бір бала.
Келмедің, аға, бірақ та
Таластың қуып толқынын.
Жүрмедің мініп құр атқа,
Ойықтың шарлап жол, құмын.
Арқырап бірақ Таласың
Тұсымыздан шауып өткенде, –
Қазақтың шарлап даласын,
Бірге еріп кепті көктем де.
Ел-жұртпыз әнді, сәнді де,
Сауықпен күнін өткізген.
Данияр салған әнді де
Сол Талас бізге жеткізген.
Даламның ойы, қыры да...
Жолыңды бәрі тұр бағып.
Жәмиланың жүрек сыры да
Таласпен жеткен бірге ағып.
Жарқырап, аға, маңдайың
Көгілдір әлем ішінде, –
 Елімнің сұрап мән-жайын,
Хат жазам деп ең түсімде.
Жолдарсың, аға, хатыңды
Арайлап атқан бір таңда, –
Қазаққа деген махаббатыңды
Жеткізіп Талас тұрғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу