Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  118


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШАБЫТ ҮРЕЙІ

Бірде мені таң атпай ертеменен,
Шабыт қысып столға жетелеген.
Алып пешке – жүрегім айналды да,
Тал бойымнан не қалды өртемеген.
Тас тисе де дәл атқан шекеме көп,
Мұратыма жүрген ем жетем бе деп.
Күйіп-жанып тал бойым қызған сәтте
Шын қорықтым –
Өртеніп кетем бе деп.
Көптен бері жүрген-ді жалын қашып,
Жүрген едім өзіме қарным да ашып.
Жұлқына аққан бейне бір асау өзен –
Тез тұтанып үлгерді қаным тасып.
Дүниеге қағылған сына көрген
Ақын едім –
Қырағы құба мерген.
 Арнасына сыймаған қан тамырым
Адырайып әп-сәтте шыға келген.
Тас тисе де дәл атқан шекеме көп,
Мұратыма жүрген ем жетем бе деп, –
Тал бойымды шандыған қан тамырым
Шын қорықтым –
Жарылып кете ме деп.
* * *
Жаздың қоңыр самалды бір кешінде,
Тамақтанып үйінің іргесінде
Қойшы отырды,
Ал оған қарсы қарап,
Үш төбеті жатқан-ды қыр төсінде.
Мінезі бар кей-кейде тарпаңдаған,
Шынашақтай кісі еді қалтаңдаған.
Бір сүйекті лақтырып тастай салды,
Алты көзді көргесін жаутаңтаған.
Жойқын күшті кеуделі арыстандай,
Тұра ұмтылды үш төбет жарысқандай.
Сүйек біреу...
Әлгі үшеу бір-біріне
Жібермейді тістелеп қарысқандай.
Үшеуі де, ойпыр-ай, құмарланып,
Жұлқыласып қырқысты жұмарланып.
Кенет құйын суырып өткендей-ақ
Көтерілді қою шаң мұнарланып.
Қанталаған көздері жарқылдайды,
Жүрек жұтқан иттер-ау,
Тартынбайды.
 Алма-кезек бір-бірін алып ұрып
Азу тісін батырып алқымдайды.
Таласты-ай кеп, бір-бірін жүр тықсырып,
Үй жанында шопан мәз –
Тұрды ысқырып.
...Ұсақ-түйек болмашы нәрсеге өстіп
Тағдыр кейде қояды-ау қырқыстырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу