Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  60


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАБЫЛҒАН БОМБА

Әдетім-ді
Жаңалық күтетұғын күнде менің,
(Жақсылықты, әрине, үлгі етемін).
Жақында
Жарылмаған бір бомба табылыпты
Соғыс болған...
Астынан бір төбенің.
Топырақты аспанға атып,
Кете де алмай бүлікке серпін беріп,
Жантайған-ау шамасы шер тіленіп.
Ұйтқи соғып, суырған құм борандар
Жылдар өте үлгерген бетін көміп.
Төбе астында қырық жыл жатқан солай
Жарылмаған сол бомба
Бітеу жара секілденіп.
Сұм соғыстың
Сол жерде жоқ-ау қазір елесі де,
Солай дейді төсі де,
Белесі де...
Жарылмаған сол бомба,
Сенесің бе
Жауынгердің тәнінде қалып қойған
Жарықшақтай
Жұмыр Жердің сыздапты денесінде.
Төбесіне жай түсіп,
Жасын ұрған
Дүние
Көресіні көруде тасыр ұлдан.
Жарылмаған сол бомба
 Фашизмнің сұм басы шығар, бәлкім,
Төбе астына жасырынған.
Қателік бұл –
Қателікті жүрсек те мың түзетіп,
Түнде Ай,
Күндіз тұрған Күн күзетіп.
Енді, міне, ядролық бомбаларды
Ғарышқа шығармақ боп жатыр жаулар
Көгіме “жұлдыз” етіп.
Көгерсе де көсегем елмен талай,
Жүре аламыз тып-тыныш жермен қалай?!
Ойда жоқта көгімнен жұлдыз ақса
Қорқып тұрам бомба деп
Зулаған төмен қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу