Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  128


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАС ҚАЛАМДАСТАРҒА ӘЗІЛ

Талап күші жеткен де, жетпеген де
Бағын сынап жүр, міне, отты өлеңде.
Шіренеді әлден-ақ
Ескерткіш боп
Тұратындай күні ертең көк белеңде.
Мына бір жас –
Сертінен таймас жан ба,
Мәз болады төрге кеп жайғасқанға.
 Келсе егерде қолынан
Жүріп-жүріп
Бір-ақ күнде шығармақ Айды аспанға.
Мына біреу жанынан жасын бөліп,
Кім-кімнен де бір өзін басым көріп,
Күнде,
Күнде күркіреп жыр оқиды
Көтерілген мінбеге Қасым болып.
Бәрі солай жеткен де, жетілген де,
Неден, сірә, сескенсін бекінгенде.
Келсе егерде қолынан
Мынасы енді
Тайынбайды Абай боп кетуден де.
Көңілінде көк дауыл бұрқана ма,
Жыры тарап жатпай-ақ қыр, далаға, –
Жаңа Жамбыл атанып,
Және бірі
Кеткісі бар айналып бір қалаға.
Еркін өсті,
Ер жетті,
Азат бағы,
Бұл жастардың көп содан ғажаптары:
Аға жұртқа жүгірді
Бір тобы енді
Ұлыларды “менсінбей” қазақтағы.
– Жырым, сырым –
көгілдір бір өңірдей,
Жұрт өсірген жайқалып тұр егіндей.
Махаббаттың бар мұңын арқалаған
Жүрегім бар
Есенин жүрегіндей.
 Ақындардан ақын боп жаратылған
Есенинмін
Бір шыңда дара тұрған,–
– Деп шалқиды тағы бір балауса ақын, –
Шуақтай боп далаға таратылған.
– Не бітірем, ей, достар, мұнда қалып,
Ауасы тар бөлмеге құр қамалып, –
Маяковский мен болам, – дейді бірі, –
Тұра қалған көк мұзарт шыңға барып.
Мамырлаған ақ бұлттай жыр, ән тұнған
Лермонтов та тау ма еді мына тұрған?
Беу, дәурен-ай!
Михаил бола қалды
Қара мұртын сылаған бір “антұрған”.
Сардаланың сандалып, кешінде ағып,
Сыр түйді ме жұрт ойын – көшін бағып.
– Сыртқы формам ұқсайды, бакенбардым...
Пушкинмін! – деп жүр бірі төсін қағып.
Тербетілген сезім боп ерке түнде,
Арман бар-ау бәрінің келбетінде.
Кете барған бір-бірден иеленіп
Ақын болса қанша ұлы жер бетінде.
Алау жүзім қып-қызыл өрттей жанып,
Тірі жүрсем,
Жырым да көктейді анық.
Мен де бірі болар ма ем
Сорлатпаса
Маған деген ұлы ақын жетпей қалып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу