Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰСТАЗ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Елден Аққошқаровқа
Жұлдыз болып көрініп бар қыраттан,
Жалғыз бұлақ өзіңсің шалқып аққан.
Көңіліңнен ақ сәуле жарық құйып,
Өмірімді сен едің жарқыратқан.
Тауға биік тарлан боп өрлегенде,
Құлашыңды шығарсың сермеген де.
Мейірім боп тарап ең тал бойыма
Мейіріміне адамның шөлдегенде.
Көңіліңнің сәулесі түспегенде,
Шығар ма едім жарқырап түзге күнде.
Сенен таптым, ұстазым, сол шуақты
Адамдардан ақ шуақ іздегенде.
 Тұрған сонау бұлтты да көктен төніп,
Ыдыратып жібердің өктем келіп.
Күзгі үскірік соққанда қарсы алдымнан,
Жүрегімді жылыттың Көктем болып.
Өткен жылдар, ұстазым, өзіңменен
Көктем еді –
Салқындық сезілмеген.
Қисық-қыңыр жерлерім бар болса егер,
Тезіңе сап түзеттің төзімменен.
Сен бар жерде, ұстазым, қалам өсіп,
Айдынымнан ақ желең самал есіп.
Кеңдікті де өзіңнен үйреніп ем,
Дарқандығы даламның саған көшіп.
Кеме болсаң,
Сен мені желкенім де,
Күнге қарай жол тартқан ертеңінде.
Көкірегімде сен жаққан отым барда
Сөнбеуім де мүмкін-ау мен тегінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу