Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  121


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Армысың, алыстағы аяулы аулым

Армысың, алыстағы аяулы аулым,
Мен де кең дүниеде есен-саумын.
Тек қана құрдастармен сайраңдаған
Сағындым кербез төсін Қаратаудың.
Қараңа көзім жетпей, көңілім жетіп,
Қараймын терезеден есім кетіп.
Жалынсам соғар емес жүйрік поез,
Сымпылдап түстік жерден барады өтіп.
Вагонның у-шуынан ішім пысып,
Қиялым шарықтайды қиянға ұшып.
Ынтығам дидарына кәрі таудың,
Еріксіз өткен-кеткен еске түсіп.
Үстінде туған жердің болып бәйік,
Шалғайдан ұшсын жырым қанат жайып.
Мұхиттың жалында ойнап жүрмін өзім,
Қайықтан қауіп қылмай алма – ғайып.
Өстім мен қарабастың қамына епсіз,
Өгей ұл мен емеспін үрдіс-тексіз.
Өлеңнен басқа өнер қонбады, рас,
Болса да дәмем менің шетсіз-шексіз.
Сол өлең, туған ауыл, базарлығым,
Оны да болдым жазып азар бүгін.
Көлеңкең көңіліме түссе – қайғы;
Арайың жетсе шалқып – ажарлымын.
Армысың, алыстағы аяулы аулым,
Мен де кең дүниеде есен-саумын.
“Хош, хош!” деп қақ тұсыңнан барам өтіп,
Қол бұлғап құздарына Қаратаудың!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу