Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛМАЛЫ ҚАЛАСЫ

Жаугершілік кез болса амал бар ма,
Айналасы айналған қамалдарға, –
Мына жерде көк зәулім қала болған,
Ой жіберсек бағзы бір замандарға.
Қайдан тынсын күмбезін мұнара етпей,
Бой түзеген сәт санап шынар көктей.
Сауданың да ордасы болған қала
Қазынаға кенелген жылдар өтпей.
Жер жүзі елі қызығып алмасына,
Алмақ болып қол салған қалтасына...
Жылдар өте кейбірі кедейленіп,
Тақырланған тас батып жамбасына.
Шынарына оралған сағым барып,
Бой түзеген жас қала аруланып, –
Бәрін де естен тандырып, көзді арбайды,
Сосын неге шықпасын қаруланып.
Шаң қаптырып жусанды қарт далаға,
Қысық көздер қиқу сап тартқан алға.
Жан-жағынан құрсаулап, шабуылдайды,
Оқ жаудырып,
Тас атып мәрт қалаға.
Жойқын күшпен соққанда толқындаған,
Қабырғасы қамалдың солқылдаған.
Кей тұстары құлады опырылып,
Қызыл тастан қаланып соғылмаған.
 Суарылған намысқа от жарақтай,
Қала халқы қорғанды бет қаратпай.
Кешке қарай шегінді жаулар кейін
Болат тұяқ бейне бір тепкен аттай.
Өлім, өмір шыңғырған жентегінде,
Ұрыс қайта қызады ертеңінде.
Қала халқы бәрібір берілмеді,
Қара орманын өртегін...
Өрте күнде.
Найза ұштары қанменен шашақталып,
Екі жақ та қырылды аз-ақ қалып...
Бірте-бірте бел алып бара жатты,
Тың күштермен сұм жаулар жасақталып.
Соғылса да маңдайы қай тасқа да,
Қоян-қолтық кірісіп айқасқа да, –
Қала халқы қасқайып берілмеді,
Айқасқа да құлшынып, шайқасқа да.
Бірақ қалың жау қандай, қала қандай?
Қала халқы, әрине, алақандай.
Өрттей қаптап, қайыра лап қойғанда
Тоз-тоз қылды кілең ит талағандай.
Қала жаппай көк алау өртке айналды,
Жүрегіне өшпестей кек байланды.
Қанға жерік сұм жаулар
Қақ төріне
Жолдағыны жапырып, көктей барды.
Күлі жатты қаланың алдарында,
Баулары да өртенген, талдары да.
Қирамаған, сынбаған еш нәрсе жоқ,
Жастары да қырылған, шалдары да.
 Бірге жасап көктеген халық, көппен,
Алмасы да түп-түгел жанып кеткен.
Жаулар кенет тұнжырап қайтты кейін
Бір құдірет қалғандай салып беттен.
Көкжалдықты көксеген қасқыр текті,
Жылдар өтті арада, Ғасыр өтті.
Бой көтерді сол жерден жаңа қала
Тесіп шығып астынан қасіретті.
...Бәрін шегіп алапат зардаптардың,
Халқым көзден қаншама зарды ақтардың?!
Қала боп та өртендің, дала боп та...
Алмағайып... әйтеуір, жан сақтадың.
Кейде сұмдық тал бойым қалтырайды,
Үстерінде жүргендей аруақтардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу