Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  491


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЕСКЕРТКІШІ ЖӘНЕ АЛАТАУ


Жұлдыздармен жұлдыз боп жарастың көп,
Қияндарға құлан боп дара астың көп.
Алатауға, міне, енді қарап қапсың,
Алатаумен тұрмысың таласқың кеп.
Мамырлаған ақ бұлтқа төбең тиіп,
Тұра қапсың көк шапан желең киіп.
Кей жерлерде ол таудан сен биіксің,
Кей жерлерде Алатау сенен биік.
 Алатау да тұр сенен аласармай,
Сен де тұрсың ол таудан аласармай.
Қатар шапқан қос тұлпар секілдісің
Келе жатқан алдына қара салмай.
Ұрпақ барда ұрандап талап қылған,
Халқың барда сөзіңді жарақ қылған.
Алып шыңсың, оу, Мұха!
Айналаңа
Алатаудың өзі боп қарап тұрған.
Біле білсек бір елге сезім, нұрсың,
Түнде де елің сені ойлап көз ілдірсін.
Жат жұрт елге Алатау көрінбесе,
Алатау боп көрініп өзің тұрсың.
Сен күлмедің, алайда елің күлмей,
Шұғылаңды мол төктің сері күндей.
Алатаудың жеткен бе қадіріне
Қай кісі де алдымен сені білмей?
Сенсің, Мұха!
Еліңнің бел баласы,
Тартып туған қайда да өрге анасы.
Сен де бірге жасайсың Алатаумен,
Жасаса егер қазақтың кең даласы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу