Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  88


Автор: Рафаэль Ниязбек

АБАЙ МҰҢЫ

Болашаққа жол тартқан үмітпенен,
Ғұмырында жамандық күтіп пе өлең.
Абайдайын ақындық жүрегіме
Қарадың-ау, шырағым, күдікпенен.
Қарғып мінген сарбаздай күреңіне,
Үлгеріпті сұс жиып түр-өңіне, –
Өлең-жырым – жүрегім,
Есің болса
Жебе қадай көрмегін жүрегіме.
Жығылсам да атымнан табанда ауып,
Әділеттің ауылын барам тауып, –
Қара бұршақ секілді
Тұрған кезде
Оразбайлар сойылы маған жауып.
Көсегесін көгерткен көк тастың да,
Жасқа жетіп тоқырап, тоқтастым ба.
Алмас жүзді семсер ем,
Кім біледі,
Жата-жата қынапта тот бастым ба?!
Ес көрсем де өзіңді, сес көрсем де,
Айтқаныңды мен енді ескерсем бе?
Көңілімді ұстармын күмбез етіп,
Күнге қарай жол тартқан көшке ерсем де.
Көңіл шерін неге енді қозғамайын,
Көмек сұрап қолдарын созды ағайын.
Қайран сөзім қор болса көп наданға,
Бозінген боп мен неге боздамайын.
 Бозінген боп өрт жаным боздағанда,
Бірге аңырап боздайды боз далам да.
Қабырғасын жабады деп ойлама,
Қай-қайдағы сұмдықты қозғағанда.
Жыр етсем де ойымды көңілдегі,
Ала алмадым орнымды өмірдегі.
Құба төбел Оразбай озған жоқ па
Мал қайырған құба жон өңірдегі.
Ел-жұртыма жырымды арнағанда,
Болашақты болармын барлаған да.
Мыңмен жалғыз алысу оңай ма, Елім,
Тығырыққа тіреген тар заманда?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу