Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  102


Автор: Рафаэль Ниязбек

“ҰЛЫМА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН” ТОПТАМАСЫ


Айналаңды кең шолып дүрбімен де,
Тыныштықтың не екенін білдің демде.
Жүрсің өтеп әскери міндетіңді,
Мақтан етіп өзіңді жүрмін мен де.
Ақтаймын деп сенімін бар адамның,
Ерге өзіңді ұнайды балағаның.
Қызмет етіп әскерде жүрсің, ұлым,
Ол – сенің ел қорғауға жарағаның.
Сенің әлі еншің бар бөлінбеген,
Сақта өзіңді –
Мұқалмас елім деген.
Кейбір жітіт қиыннан қашқақтайды
Сақал-мұрты жаңадан тебіндеген.
Ақтады-ау деп үмітті ер жеткенде,
Шын қуандым жол жүріп сен кеткенде.
Ел қорғайды дегенге қалай сенем
Бас тартқандар әскерден,
Еңбектен де.
Құр сандалып Алматы көшесінде,
Жүргендерді, япыр-ай, кешесің бе?
Сыйламаған Отанын, туған елін
Сыйламайды өзінің шешесін де.
Кепкен көндей тырысып қас-қабағы,
Кезетіндер күн-түні астананы, –
 Наша шегіп,
Өзгеге дертін жайып,
Уландырды қаншама жас баланы?!
Үлгермеген әлі де өмір көріп,
Қаламыз деп қанша жас жеңілденіп, –
Алматының жүр, әне, көшесінде
Арақ ішіп алдамшы көңілденіп?!
Жел айдаған қаңбақтай белден белге,
Қоныс таппай көшеді елден елге.
Өз орынын таба алмай бұл өмірден
Қаншама жас түсіп жүр сергелдеңде?!
* * *
Отаныңа қызмет ет – ерінбегін,
Жалқау болсаң көзіме көрінбегін.
Шындық үшін шырылдап егестің бе,
Қайда жүрсең онда жүр – жеңілмегін.
Жеңілмегін және де жеңілмегін,
Берілген жоқ кісіге өмір тегін.
Көңіл күнің ешқашан сөнбек емес
Тұрған кезде жарқырап көгіңде күн.
Көтеріліп шыққанда талмай белге,
Маңдайыңды тоспайсың қандай желге?!
Ендеше, ұлым, торығып қорықпа да
Жүр екем деп шеткері –
Шалғай жерде.
Жазба бірақ жас жігер талабыңнан,
Кірбің көргім келмейді қабағыңнан.
Өз жеріңде жүрсең де
Ғажап емес
Жаурайтының сыз өтіп табаныңнан.
 Жүзің жарқын,
Қуанам сеземін де,
Күзетке де шығарсың кезегіңде.
Оңай деме өмірді, –
Өкінтіп те,
Кейде от боп жанады өзегіңде...
* * *
Кірмесең де ұрандап дабылға әлі,
Енбесең де екпіндеп жалынға әлі, –
Қандай қиын кезде де мойымайтын
Адам рухы адамның табынғаны.
Назар салмай, көз салмай түлкісіне,
Ене білдің екпіндеп жұрт ішіне.
Кім-кіммен де достасып кеттің, ұлым,
Ұлтына да қарамай, түр-түсіне.
Сыз өтті деп күзетте табанымнан,
Сезілмесін сәл кірбің қабағыңнан.
Өмір сынды әскер де бір мектеп қой,
Қала көрме мектептің сабағынан.
Ер-азамат болғасын атқа мінген,
Қай сабақты жақсы ғой жатқа білген.
Сен секілді анадан туған шығар
Сапқа кірген сарбаз да, сапқа кірген.
Қырағы бол алысты кең шолатын,
Еңку-еңку төске өрлеп, жер шалатын.
Аттан енді өзің де түспессің-ау,
Елің – аттан түспеген ел болатын.
Бір тектілік болса егер мінезіңде,
Қыран көз бол ғаламның күресінде.
 Қырағылық бәсеңсіп кетіп еді,
Не болғанын, ұлым-ау, білесің бе?!
Ардан өзге қажет пе адамға көп,
Қорқам кейде ұятқа қалам ба деп.
Ұмыттың ба, ұлым-ау, жас баланың
Самолетпен қонғанын алаңға кеп.
Жігіт те емес бір қызды құшып көрген,
Ұстар еді соңына түсіп берген.
Шептегілер сәл мызғап кетпесе егер
Шептен өтіп,
Қалайша ұшып келген?!
Шептен өтіп, шулатып мазаны алған,
Бала, әрине, ұзамай жазаланған.
Білем десең, ендеше,
Осы жолы
Әке боп та сөз айтам назаланған:
Мүмкіндік жоқ қырағы болмауыңа
Жаулар барда жер бетін тасаланған.
* * *
Қалтамда, ұлым, жүр әлі
Қаламсап өзің сыйлаған.
Қазақтың тумай бір әні,
Мені де көптен қинаған.
Сол әнді жазып шығам деп,
Үстелге төндім жайғасып.
Ақын да қызыл шынар деп,
Қиялым кетті Айға асып.
 Отырмын
Іле тұғырдан
Ұшатын құстай қомданып.
Шыға алмай бірақ шығырдан
Қоямын оқтын толғанып.
Кеудемнен тұлпар дүбірлеп,
Көкірегім бейне толы ағын, –
Толғана түсіп күбірлеп,
Өжет жыр жазған боламын.
Түнерген күндей күркіреп,
Көк бұлтты неге тілмеймін.
Жететін шауып дүркіреп
Шабытым қайда?
Білмеймін.
Қаламсап зырғып тұр бірақ
Жан балам, өзің сыйлаған.
Жыр жазсам деп ем құндырақ,
Сол болды-ау мені қинаған.
Қалды ма, бәлкім, барлығып
Жүрегім атша тулаған?
Кеудемнен, әттең, зар ғылып
Ән болса қайтем тумаған?!
Тұрып та кеткем орнымнан
Ызадан сұмдық жарылып.
Сол кезде Айым оңымнан
Туғаны бұлттан арылып.
Тумаған әнді мін көрмей,
Шабытқа жаңа кенелгем.
Жайғасып қайта үлгермей
Қаламсап зырғи жөнелген.
 Жанды ма қызу денемде от,
Нұр толды кенет көзіме...
Сен берген қалам өлең боп
Қайта ұшты, балам, өзіңе.
* * *
Қорғасаң да ақ жүрек адалдықты,
Естен, сірә, шығарма арамдықты.
Жақсылардың түбіне жетіп жүрген
Оңай деме аярлық,
Жамандықты.
Мәңі-бақи Шындықты жеңбесе де,
Алшаң басып жүреді кең көшеңде.
Шоңайнадай шошайып және өседі,
Қабір қазып,
Қаншама жерлесең де.
Қайта-қайта жұғысып әр күйеге,
Тие берсе қайтесің жан-жүйеге.
Айта алмаймын елге опа береді деп
Көнбегендер тәлімге,
Тәрбиеге.
Не жоқ дейсің кең байтақ даламызда,
Аярлар да бар әлі арамызда.
Кісіліктен жұрдай боп барамыз ба,
Қалыптасқан бір кезде санамызда?!
Кім біледі...
Жүрген бір шалқып көптен
Төрт-бес бала Кеңсайға тартып кеткен.
Барған бойда қиратқан бейіттерді,
Жүзімізді зауалдай шарпып өткен.
 Тапап өскен азамат, кісілікті
Жұқсыздар ма жұлымыр күші мықты.
Ескерткішті құлатып, қиратқанын
Батырлық деп,
Ерлік деп түсініпті.
Ата көрген сөйте ме, ана көрген,
Ескерткішті шетінен шаға берген.
Бұдан гөрі жақсы еді
Жақсы ит құсап
Тірі жанға көрінбей далада өлген.
Тағдырда қайдан ес болсын
Қара бет қып
Әке менен шешеге бала берген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу