Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  79


Автор: Рафаэль Ниязбек

АФРИКАНЫҢ КАРТАДАҒЫ БЕЙНЕСІ


Африканың картадағы бейнесін
Сұрау белгі деп те кейде жырладым.
Африканың картадағы бейнесін
Бұрау белгі деп те және жырладым.
Сенбейсің бе?
Қарашы онда картаға,
Неге ұқсайды Африканың тұлғасы?
Бейғам жүрген қолын салып қалтаға
Жандар қайдан түсінсін
Болмаса егер мұңдасы.
Қасиетті құрылық қой
Қасіретті өмірде
 Талай ері мерт болған,
Көкірегіне өрт толған.
Сонда да оның кек оты
Оқ жыланнан өрілген.
Қарап тұрып картаға
Ой ойлайсың не түрлі:
Бүкіл әлем сауырынан көрінген
Бір құдірет көк табанша секілді –
Өзін-өзі қолдаған,
Өзін-өзі қорғаған
Жаудан, сірә, шабуылдап болмаған.
Кім танымас мол жаралған күштіні,
Қара мейлі тағы да
Тұра алмайсың ойланбай.
Африканың
Көтеріліп кетпесін деп ыстығы,
Қос мұхитқа бір-ақ салып қойғандай.
Бір жағында толқыса Үнді мұхиты,
Жан секілді мұңданып.
Әлдеқайдан қайғы жүзіп жете ме,
Бір жағында Атлант тұр
Мұздан көрпе қымтанып.
Айдыны мол,
Айбаты мол қос Ана
Көңіліне хош ала
Ұлы тарих қателігін жаймалап,
Екі жақтан толқынымен құшақтап,
Африканы жатқандай-ақ аймалап.
Өзгелерді таңырқатып,
Таңдай суын жұтқызып,
Қарашы бір
Картаға айналған далаға:
Құрсағында әлемнің
 Жатқан мынау бүк түсіп,
Кейде Африка
Ұқсайды екен іште жатқан балаға.
Картадағы Африканың аумағын
Және қара
Көкірегіңнен от өріп:
Европаның барлық ауыр салмағын
Тұрған құрылық секілді
Төбесімен көтеріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу