Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  127


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨСЕК

Өсек де, мейлі, күңкіл де,
Қаншама адам қамалуда бір күнде.
Жердің беті сұмдықтарға толы болса,
Ендеше,
Түрмелердің бос қалуы мүмкін бе?!
 Мүмкін емес,
Мүмкін емес десек те,
Сұмдықтарды –
Түрмелермен есепте.
Бір адамды түрмеге әкеп қамауға әсте жарайды,
Осы күнгі өсек те.
* * *
Тығырыққа тіреліп,
Кеудемде жатса жыр өліп, –
Түнермеймін мен неге,
Дүние тұрса түнеріп?
Не сұмдықтар түске еніп,
Көңілімде жатыр “түстеніп” –
Тістенбейін мен неге,
Дүние тұрса тістеніп?
Бойыма қуат, күш дарып,
Найзадай өткір ұшталып, –
Сұстанбаймын мен неге,
Дүние тұрса сұстанып?
Төбеңнен жарқын нұр себер,
Көктегі күн де бір шебер.
Күлмеймін неге,
Ендеше,
Дүние күліп тұрса егер?
Қасірет еміп, шыңдалған
Осы ғой, әттең, сұм жалған.
Қабірге мен де барармын
Топырақ-көрпе қымтанған.
Түлесе түлеп алабым,
Көктем боп мен де қарадым...
 Үйренген жанмын
О баста
Дүниенің бағып қабағын.
* * *
Қайда барам зұлматты сезбегенде,
Отырсам да өз үйім – өз кемемде, –
Көздеп мені тұрғандай сезінемін
Сұсты мерген торғайды көздегенде.
Қайда барам зұлматты сезбегенде,
Отырсам да өз үйім – өз кемемде, –
Көздеп мені тұрғандай сезінемін
Тіршілікті біреулер көздегенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу