18.04.2022
  242


Автор: Дұға оқу

Мұсылманның діндес бауыры үшін дұға етуі


«Олардан кейін келгендер (яғни, сахабалардан бастап қияметке дейін келетін барлық мүміндер) дұға еткенде: «Уа, Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген күллі мүмін бауырларымызды жарылқап кешіре гөр», – деп айтады» («Хашр» сүресі, 10-аят).




«Өз күнәң үшін һәм мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің күнәлары үшін кешірім тіле» («Мұхаммед» сүресі, 19-аят). «Уа, Раббым! Есеп күні мені, ата-анамды және мүміндерді жарылқап кешіре гөр!» («Ибраһим» сүресі, 41-аят).


Әбу Дәрда (р.а.): «Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): Алла тағаланың қандай да бір мұсылман құлы өзге мұсылман бауырына жақсылық тілеп, сырттай ол үшін игі дұға жасайтын болса, қасындағы періште: «Саған да соны берсін деп айтады», – дегенін естідім», – деген (Муслим, зикр 86).


бауыр, дұға, Мұсылман


Усама ибн Зәйд (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өзіне қандай да бір жақсылық жасалған адам, жақсылық жасағанға: «Жәзәкаллаһу хайран» (Бұның қарымын Алла саған жақсылықпен қайтарсын деп айтса, ең керемет түрде алғыс білдірген болып табылады), – деп айтты», – деген (Тирмизи, бирр 87). Жәбир (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өз-өздеріңе лағынет айтпаңдар, бала-шағаларыңа және дүние-мүліктеріңе де қарғыс жаудырмаңдар, өйткені қарғыс айтылған сәт Алланың дұғаларды кері қайтармай қабыл алатын уақытқа дөп келіп қалса, айтқан қарғыстарыңды бірден қабыл етеді», – деп айтты» – делінген (Муслим, зүһд 74).


Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құлдың Раббысына ең жақын болған сәті – сәждеге бас қойған кезі. Олай болса, сол сәтті пайдаланып көп дұға етіңдер», – деп айтты» – делінген (Муслим, саләт 215). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайсыбірің болса да: «Раббыма қанша дұға етсем де қабыл алмады», – деп асығыстық жасамаса болғаны, дұғасы міндетті түрде қабыл болады», – деген.» (Бұхари, дағауат 22; Муслим, зикр 90).


Имам Муслимнің риуаяты бойынша: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың құлы күнәға немесе туыстық қатынасты үзуге қатысты дұға етпейінше, әрі тағатсыздық танытпаса, дұғалары қабыл бола береді», – дегенде, (сахабалар) одан: «Уа, Алланың елшісі! Тағатсыздық таныту дегенді қалай түсінеміз?» – деп сұрады. Сонда ол: «Пенденің асығыстық қылуы оның: Бір кісідей-ақ, жалынып-жалбарынып, дұға етуін етіп жатырмын, бірақ қабыл болғанын көрмедім», – деп соңында дұға етуден жалығып, дұға қылуын қойып кетуі», – деп айтты» – делінген (Муслим, зикр 92).


Әбу Умәма (р.а.): «Сахабалар Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қандай дұғаның қабыл болу мүмкіндігі көбірек?» – деп сұрағанда, ол: «Түннің соңғы бөлігінде және парыз намаздардан кейін айтылатын дұға», – деп жауап берді», – деген (Тирмизи, дағауат 79).


материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,


ummet.kz





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу