Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  271


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕН ЖЕТІМ ЕМЕСПІН

Келеді де жел сөздер желіп, өріп,
Көңілімнің кетеді төріне еніп.
“Жетім еді, жетілді” – деп айтады,
Сырт ағайын сыртымнан мені көріп.
Кетілді кім, білмеймін жетілді кім?
Осы күні әйтеуір өтімдімін.
Түндік-бауым...
Баршасы түгенделіп,
Ұмытылып барады жетімдігім.
Көңілімді көк жайлау – өріс көріп,
Ел-жұртыма жүрмін мен қоныс бөліп.
Өйткені әкем соғыста өлгенімен
Келген жоқ па жан рухы Жеңіс болып.
Қанат жайса жаман ба көкке өркенім,
Байланбаса болғаны оққа Ертеңім.
Әкесіз өскендіктен емес шығар
Қиындықты алайда көп көргенім.
 Тәуекелдің мінгенде кемесіне,
Бәрі ілінген ажалдың жебесіне.
Жалғыз жетім мен бе екем
Соғыс бұлты
Үйірілген баршаның төбесіне.
Сірә, біреу болмаса бағы ашылған,
Айырылды көп орман ағашынан.
Бірі әкесін жоғалтса, бірі інісін...
Ажырады біреулер ағасынан.
Сол жылдардың шындығын айтсам егер –
Былай болған:
Көз алдымда сан сурет лайланған.
Жұбанатын жасына суарылып,
Бала болса егерде жылай қалған.
Міне, осылай кешегі мамыражай
Шыр айналған Дүние, шыр айналған!
Содан мен де!
Ортасында жүрмедім жиын-төрдің,
Тағдырымның алайда сыйын көрдім.
Нұрлы денем жүрді ылғи сәуле шашып,
Жыртығынан мен киген киімдердің.
Суық бар ма алайда ішіме енген,
Суық болды жүзімнің сұсы неден?!
Иелері аттанған қан майданға
Жан жүрегім жылқы боп кісінеген.
Қосшы бала дегенді ғажап көріп,
Ойға, қырға көп шаптым жасаққа еріп.
Қуып жүріп талады масалар да
Аңыздарда жүргенде масақ теріп.
 Аман қалдым Өмірге сенгенімнен,
Бәрі солай ісімнің жөн көрінген.
Жеңерім көп, әрине, жеңгенімнен,
Жауынгердің баласы болғасын ба,
Қарлы құйын өтпеді өңменімнен.
...Бірге мейлі тыңдасын тау іші боп,
Дүние ғой дүрмегі, шабысы көп.
Кешегі жорықтарда сөнген үннің
Жүрмін, міне, бүгінгі дауысы боп,
Жүрмін, міне, бүгінгі дауысы боп!
Мен жетім емеспін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу