Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚСАҚАЛ ШЕРТКЕН ШЕЖІРЕ

Еңбек Ері атағын екі мәрте алған
әйгілі шопан ата Жазылбек Қуанышбаевтың
үлкен өмірінен бес үзік сыр.
1.Баласыз өткен ғұмыр мұңы
Сәулет болған замана сәулетіне,
Дәулет болған замана дәулетіне.
Мен де осынау нар халқым көбейсін деп
Бір бұтақ ем қосылған әулетіне.
Қиындықты көрсем де өшіп-өлген,
Кісі атанып замана көшіне ерген,-
Бірі болсам деп іштей армандадым
Өсіп-өнген әулеттің, өсіп-өнген.
Білсең, бірақ, мені өмір құрсаулаған,
Көкірегім тұл болды жыр саулаған.
Менен өткен бақытты жан болмас ед
Ұл мен қызым қасымда тұрса аумаған.
Бәрімізде қазақпыз қыран құмар,
Құба жонда қиқулап құлан қуар.
Ұрпақ қалса артыңда арман бар ма,
Өміріңді,
өзіңді ұран қылар.
 Бірақ, бірақ...
Сол болды кемістігім,
Көктей солды көгермей егістігім.
Кер даланың кезерген шөлі сынды
Алты қанат қоңыр үй –кеңістігім.
Аңырағым келіп тұр, аңырағым,
Терек болсам,
Қайда, айтшы, жапырағым?!
Ала жаздай көгінен түк тамбаған
Бедеу аспан секілді шаңырағым.
Бала сүйіп,
Бал қызық көрмегесін
Жиыла ма тәйірі кермек есің.
Бар бол, жоқ бол –
Оныңнан пайда бар ма,
Бір шикі өкпе соңыңнан ермегесін.
Қалдырам деп кімге осы тұл мұрамды,
Жаным талай боталап ыңыранды.
Балам егер болғанда
Ұшырмақ ем
Бәсіре ғып көгіне бір қыранды.
Алдаспандай жарқылдап желкесінде,
Алсам деп ем тағдырдың бермесін де.
Болмады ғой,
Болғанда тұрмас па еді,
Қаңтарылып бір бесті кермесінде.
Жетсем де ерен бұл күнге жырлап ағып,
Жаға – жайым көрмепті бір жаңарып.
Балам егер болғанда
Ен тағар ма ем
Құлағына бір қыздың сырға тағып.
 Сүймегесін ұл мен қыз қарақаттай,
Ыза, отыңды бола ма далаға атпай.
Ана атануға қақысы жоқ екен ғой
Асыл жарың алдымен бала таппай.
Кезе берген секілді құр даланы,
Жүзім қалай алаулап нұрланады.
Белі кеткен жолбарыс секілдісің
Сүймегесін әке боп бір баланы.
Бұл қайғыны бола ма дара көрмей,
Күңірентіп тартқандай дала керней.
Қасарысып қу тағдыр
Қайтер едің
Елу жылдай боздатса бала бермей.
Елім кең де өмірден, жерім кең де,
Суыған да емеспін, жеріген де.
Жібімеді қу тағдыр
Көз жасыма
Самарқанның көк тасы ерігенде.
Құс секілді қолымнан ұша білген,
Өтті осылай көп жылым құса-мұңмен.
Сонда мені!
О, өмір, асыл жар боп
Жылытып келдің ыстық құшағыңмен.
2. Жұлдызды жылдар жыры
Келістім де,
Тағдырмен керістім де,
Көрсетер деп Болашақ жеңіс кімде.
Бақытымдай жолымды тосып жүрген
Шақыратын мені ылғи өріс күнде.
 Өткен күннің бойымда күйі қалып,
Отырмадым мен үйде жиі налып.
Тоқсан қабат төзімнің көк сауытын
Көндім, жаным, бәріне киіп алып.
Нөсер тілеп, аспаны күркіреген,
Уағында көктемнің қыр түлеген.
Қырда отырған жалғыз үй біз болушы ек
Секілденген осынау бір түп емен.
– Бермек болып тағы да мұң жағалап,
Тас төбемде бір құдай тұр ма қарап, –
Дедім де мен қойымды баға бердім,
Қоймен бірге ой бақтым құмды аралап.
Қоңыр үйім –
Ол тұста тұл шаңырақ,
Сәби үні естілмей тұр қаңырап.
Қырға шықсам зарыма қосылатын
Ала қырдың үсті де бірге аңырап.
Жүре берсем осылай мен егерде,
Не болар ем –
Бәрібір жеңе көр де...
Қайта тігіп туымды құлап қалған
Қайта будым белімді белең, өрде.
Мойынсұнбай көр көңіл түн-кемпірге,
Бірге жатып,
Ояндым күнмен бірге.
Жанарымда жарқылдап өзгеше нұр
Жана берді еңбегім күннен-күнге.
Мұнар тартып тұрмадым мұң сағымда,
Жүріп жаттым, әйтеуір, құм, шағылда.
 Боз көйлекті өмір боп жұпар аттым
Боз даланың көк жасыл жусанында.
Бәрі есімде...
Жеңілген,
Жеңгенім де,
Бұлт үйіріліп төбеме төнген күнде.
Желмен бірге әндетіп ызылдаған
Шешек аттым шерменде шеңгелінде.
Шымыр тартып атымның шылбырында,
Тұрсам егер тұтқа боп құм, қырында.
Желбіреген ту болып алауладым
Тас қайнатқан жігер боп жыңғылында.
Шамданбайсың бұл есең кетсе кімге,
Серке мінез танытып сексеуілге, –
Тамыр болып байландым өлмейді деп
Шұғылалы,
Шуақты жетсе күнге.
Қолы болсам тірліктің созған құмға,
Мен арқылы жаңғырды тозған тұлға.
Бір қырқада шоңқиған шопан деме
Озып барып қосылғам озған жылға.
Тыңда мені!
Ендеше замандасым,
Алтын болып көрінбес саған басым.
Бірақ,
Бірақ күйзелту қалың елді
Саған да сын білдің бе,
Маған да сын.
Батыр, бағлан жүрегін толғағанда,
Ата аруақ, сірә, оны қолдаған да.
 Қазақ болып о баста жаралмас ед,
Даласы егер кең байтақ болмағанда.
Көп көрді ме қасірет желді күннен,
Белін бекем буса да белдігімен.
Тар болса егер етігің деп түйсінген
Дүниенің пайда жоқ кеңдігінен.
Бұлттана да,
Білетін тұлдана да,
Ашыла да,
Білетін қымтана да.
Жалсыз қазақ болса да жетесі жоқ,
Малсыз қазақ болмаған бұл далада.
Қазақ үшін бір ұғым Ар мен Дала,
Қазақ үшін бір ұғым Мал мен Дала.
Қойдан жуас қазақтың көсегесі
Көгерген ғой
Көгерсе малмен ғана.
Өмір-өзен ақса да лайланып,
Кірер өңім малменен шырайланып.
Малмен ғана көктеймін деп ойладым
Өзге жайдың бәрі де былай қалып.
Қайда апарып соқса да теңіз көңіл,
Үмітімді мен одан тек үзбедім.
Содан, міне, сабылып қой соңында
Бақытымды өрістен мен іздедім.
Көрмек болып жеңісін,
Жемісін де,
Қойды талай жусаттым өрісінде.
Қозыларым төлдеген
Қарбыз сынды
Әлі-ақ пісіп, жетілген желісінде.
 Көгім болса –
Самғаған құстың көгі,
Демім болса –
Көктегі құстың демі.
Мен өсірген қойлардың терісі де
Былғары тон –
Киімің үстіңдегі.
Қонса еңбекпен өмірдің маған бағы,
Артады ылғи осылай бағам тағы.
Қозылардың терісі мен төлдеткен
Көк қаракөл елтірі жағаңдағы.
Көз жазып қап құлагер күндерінен,
Жансың ба әлде көзінен мұң көрінген.
Үстіңдегі бар киім тоқылған-ды
Мен өсірген қойлардың жүндерінен.
Қайда,
Қайда барасың сенбегенде,
Шындыққа егер жүгінсек сен де, мен де.
Жайма-шуақ күндерде неге сөнем
Сонау жылғы боранда сөнбегенде.
Қырға қонып,
Кей-кейде ойға қонып,
Жақсы түстердің бәрін де тойға жорып,
Күндіз-түні бір тынбай еңбек еттім,
Басым – ойға,
Өрісім – қойға толып.
Боз көдесін, жусанын нұрға балай
Малым күнде беттесе қырға қарай.
Шұғыласы жанымның секілді бір
Көкжиекте алаулап тұрған арай.
 Қауіп-қатер төбеме неше төнді,
Сонда жартас кеудемді төсегем-ді.
Сол батылдық шығарды мені ұшпаққа,
Сол батырлық көгертіп көсегемді.
Қылаң беріп таңдардың арайында,
Жанды солай жұлдызым талайында.
Неше дүркін отырдым делегат боп
Кремльде,
Съездер Сарайында.
Түн күзеттім,
Қойымды күндіз бағып,
Бұлақтайын жатқан бір мұңсыз ағып.
Бір-ақ күнде жарқырап шыға келдім,
Күмбірлеген кеудеме Жұлдыз тағып.
Шабыт берді,
Бұл маған қайрат берді,
Дала деген жатқасын жайлап төрді.
Асқар Елім ақиық жұлдызым деп,
Төбесіне көтеріп айбат көрді.
Жаратсам да тұңғиық тереңді іштей,
Бұрқанамын кей-кейде ерен күштей.
Өзім алған осынау бір биіктен
Қайта биік шырқадым төмен түспей.
Ел-жұртымның үлгі боп сой жасына,
Қазына боп құйылдым қоймасына.
Бесжылдықта тағы да мен шырқадым
Екі-екіден төл алып қой басына.
Мақсатыма –
Сірескен тоң күзетпей
Жеткізейін деді ме жол жүдетпей.
 Міне, тағы тағылды нар кеудеме
Алтын Жұлдыз арада он жыл өтпей.
Қашанда Елдің ер кісі таңдайды өрін,
Еңбек ету ел үшін қандай керім, –
Күміс теңге секілді жалт-жұлт етіп,
Жалт-жұлт етіп шашырап маңдай терің.
Болат топшы тұғыр ғып мына мені
Самғайды Елім,
Әлі де самғайды Елім!
3.Шаңырақ көтерген ақ отауда
Шөлден жұтап өңірім баққа арналған,
Бала сүймей кезім-тін қатты арланған.
Жел өтінде көп тұрған тауға ұсадым
Бөктерінде жақпар тас қатпарланған.
Мұң кетпеді қабақтан,
Ой түнеріп,
Көңілдегі шуақты жойды келіп.
Бірде жайсаң кемпірім былай деді
Жатқан кезде төлдеген қойды бөліп:
– Қызғанайын өзіңдей күнді кімнен,
Сәуле құйған үйлердің түндігінен.
Ерден туған ер едің
Бір сәбидің
Болмағаны болмаса кіндігіңнен.
Бәйтерек ең біткен сен көз алдыма,
Сен де, мен де ұрпақсыз төзе алдым ба?!
Тағдырыңды қосақтап жас иіске
Отау тігіп беремін өз алдыңа.
 Арманы бұл десеңші қанша ағаның,
Ұрпақ еді –
Туғаннан аңсағаның.
Торсық шеке бір ұлды жыл өткен соң
Сол жас қыздан сүйерсің жанса бағың.
Жүрген кезде суынып көктем, күзден
Бұның өзі бақ болды-ау көктен түскен.
Шын айта ма кемпірім деп сұрадым
Көңілімде толқыған көк теңізден.
Жанарынан көрмеген жер домалап,
Ерім дейді мені де ел бағалап.
Көңілімді түсінді ұрпақ аңсап
Қызғыш құстай жүгірген көл жағалап.
Жана қоймай арманның жұлдыздары,
Қасірет боп жанымда тұрды ызғары.
Жебеп сонда кеткендей болушы еді
Айналайын қазақтың ұл-қыздары.
Бақыт құштым дәл соның ертеңінде,
Жұлдыз болып жанғандай ел көгінде.
Серің де өзім,
Бұл кезде серкең де өзім,
Секілдімін және өзім еркегің де.
Шуақ барда көгімнен жауып тұрған,
Туа қоймас қорқыныш қауіп қылған.
Қырық жасқа қайтадан жасартты ғой
Күндер менен түндерім сауық құрған.
Шал едім-ау мен бұрын қалжыраған,
Етек-жеңі,
Шекпені жалбыраған.
 Жиырма бесім алаулап қайта оралды,
Құшағында сұлудың албыраған.
Темір балқып,
Тас балқып от күшімде,
Желкілдеді көктем боп көк пішінде.
Егіз ұлым жарыса шауып шықты
Желіп жүрген теңбіл көк –
Жетпісімде.
Мен емеспін қанаты талған қарға,
Өкпесі өшіп,
Құлдырап қонған жарға.
Омырауыма тағылған қос Жұлдыздай
Сүйіп тұрмын егіз ұл,
Арман бар ма?!
Жанды ма әлде жалыным жете маздап,
Марқасқа күндеріне төте бастап.
Әзер,
Әзер дегенде шақ қалдым-ау
Қуаныштан жарылып кете жаздап.
Жеткізбейтін көк ала белең қашып,
Қалды артымда,
Көк жонын келем басып.
Мені алысқа арқалап жөнеледі,
Көкірегімнен көк өзен – өлең тасып.
Омырауымды жүгірдім далаға ашып,
Шұғыла боп,
Шуақ боп араласып.
Қарсы алдымда құтырып би билейді,
Қалпағымды бір құйын ала қашып.
 Жаңа тұрмыс,
Жаңа отау,
Жаңа тыныс,
Құйын екеш құйын жоқ – дала тыныш.
Ұлы Отаным қос Жұлдыз тақса мынау
Егіз ұл сыйлады ұлы жаратылыс.
Кенет, кенет тарылып нұр ағысым,
Қалды неге бұлқынбай бұла күшім?!
Табанда ғайып болар секілденді
Жаңа көрген қызығым,
Қуанышым.
Ана ма әлде бойына шыр бітпеген,
Шын самғайтын кезі еді кеңдікпенен.
Емшегінен бір тамшы сүт шықпады,
Сұмдық жаңа басталып ел күтпеген.
Жарым еді сөзі – мір,
Сөзі – қақпан,
Отыр, міне, үйіріліп көзіне ақпан.
...Анаға тән,
япыр-ау, қасиет пе
Сүт бере алмау балаға өзі тапқан.
Емшек сұрап қос сәби жылағанда,
Қалмайды екен күш-қайрат бұл адамда.
Қайғырмас ем мен бұлай,
Қиналмас ем,
Қаратауым гүрс етіп құлағанда.
Тұла бойды тұл етіп жырымдаған,
Зауал ма бұл жүректі сығымдаған.
Қыдыртады жанымды жай таптырмай
Қос балапан бауырымда шырылдаған.
 Жан болдым-ау қайтейін мұңға апталған,
Жылай, жылай көзім де құрғап қалған.
Балапанын қорғаған қызғыш құстай
Қоңыр үйге бір кіріп, бір шығамын,
Сәбилерді көтеріп құндақталған.
Көкірегімде осындай мұң жатқанда,
Қабырғама бұл жәйт те шын батқан ба?!
Күнім менің батады-ау деп қорықтым,
Көкжиектен құлдырап күн батқанда.
Боздап жеткен бозмая қырдан құлап,
Ол – мен едім егіліп тұрған жылап.
Алай-дүлей суырған қырмен бірге
Боран соғып кеудемде тұрды аңырап.
4.Жаңа босанған жұбайымнан сүт
шықпай қалғанда немесе екі
ұлымды баққан ана жайлы толғаныс
Хатшының өзі
Үйіме суыт жеткенде,
Тұр едім тыста
Телміріп сонау көк белге.
Ақ үміт оты
Көзімде жанды жылт етіп,
Қол созып қайта
Көгілдір әлем – көктемге.
Хатшының өзі –
Айтекем міне келгесін
Жаным да сезді
Жамандық енді көрмесін.
Сезген-ді және
Қос жұлдыз – егіз баламды
Арандап келген
Ажалға қолдан бермесін.
 Сексеуіл сынды
Шыңыраулардан нәр алған
Азамат қой ол –
Күре тамыр боп таралған.
Қандай күнде де
Болмақшы емес бізде өкпе,
Жарқылдап туған жандармыз –
Бауырдан ғана жаралған.
Айтекем барда
Жаңардым, талай жаңғырдым,
Төбесіне ту тіктім
Танымы бөтен тағдырдың.
Қос тамшысы енді
Құмға сіңгелі тұр ма, айтшы,
Жазира көктем –
Жазылбек деген жаңбырдың.
Мән-жайды інім
Түсінді білем көзімнен,
Болмаса тіпті
Танғандай екем есімнен.
Өзімен бірге
Екі ұлды бірдей кетті алып,
Алқынып жетіп
Ағалық таза сезіммен.
Бір ойы сонда
Болды ма сірә оның да,
Жанды ма әлде
Бір үміт жасыл жолында.
Дәрігерге барып:
“Қалайда сақта, – деді өктем, –
Қос ұлды мынау
Өлтірмеу сенің қолыңда.
 Дәрігер болсаң,
Қос ұлды, жаным, өлтірме,
Тажалдың бұлтын
Көгімнен сөйтіп төндірме.
Жазекең деген
Кең байтақ ұлы өңірге
Жаралап жанды
Жаманат хабар келтірме.”
Арлы Айтекем
Айтқасын солай арқырап,
Көк мұнар әлем
Кеткен-ді қайта жарқырап.
Кісінеп мені іздеген құлын дауыспен
Құлағыма жетті
Қос бұлақ үні сарқырап.
Нар тұлғам менің
Айналып тұтас темірге,
Қола мүсін боп
Қойылса да туған өңірге.
Дәрігер – күшпен
Өмірге қайта оралған
Қарақтарыммен бірге
Қайта айналып келдім өмірге.
Рахмет айтам
Сондықтан барша адамға,
Құдіреті күшті
Саналы, саңлақ заманға.
Табанға мені
Салғысы келген ажалды
Жаны игі жандар
Сойылдап салды табанға.
 Бал дәурен кешкен
От демді өткір жігіттей,
Бола ма, сірә,
Тоң-көңілді қоса жібітпей.
Қос ұлым, міне,
Дәрігер-күшпен қалды аман,
Үзіліп барып,
Үзілмей қалған үміттей.
Әңгіме еді бұл
Кей-кейде айта жүретін,
Айта отырып,
Өткенді еске ап күлетін...
Ұлдарымды енді
Бір анаға берді табыстап,
Баланың жайын
Бұрыннан жақсы білетін.
Тынысы кең боп
Өсуі үшін баланың,
Ақ самалына
Шомылуы керек даланың.
Туған анасының
Құшағында өспей қос ұлым,
Жетілді өсіп
Бауырында басқа ананың.
Жетпіс бес күнде
Ұлымды үйге шығарды,
Көз алдымнан серпіп
Көгілдір тұман, мұнарды.
...Ей, менің қиын тағдырым,
Сынайсың енді сен қайтіп
Көк тауға біткен
Жазылбек деген шынарды.
 Алайда өмір
Қалған ба мені жанымай,
Күн жүдеп көкте,
Тұрса да мейлі арып Ай.
Буыны бекіп,
Толысқан ұлдарымды мен
Қара басты ма
Қалғаным мүлде танымай.
Көзіме менің
Әлде бір сұмдық елестеп,
Жолымда бейне
Жатқандай болды белес боп.
Абдырап қалып
Салыппын айқай мен кенет:
– Әкеп тұрғандарың
Ұлдарым менің емес! – деп.
Жақсы әйел еді
Шуағын сонау көкте өрген,
Басынан небір
Қияметтерді де өткерген.
Түсіндірмек боп
Жай-күйін айта бастады
Ұлдарымды
Өзі өсіріп жеткерген.
– Мына ұлыңыздың
Жарқырап туған маңдайы,
Өкінбейді, ата,
Сүйсе де қыздың қандайы.
Мына ұлыңыз
Саңқылдап тұрар өскенде,
Көп жылаудан
Ашылып кеткен таңдайы...
 Сенбейін неге
Әз ана шерткен бұл сөзге,
Алтын күн болып
Шұғыла жайған гүл көзге.
Басқа да күн бар
Дегенге, сірә, сенем бе
Көгімнен сонау
Көрмесем егер күнді өзге.
Арқа сүйеген
Алатауым боп көрінген,
Айтекемнің менен
Кезі бар ма әсте бөлінген.
Бұл жолы да
Қасымнан бірден табылды
Жүр ме еді қарап
Жұлдыз боп жанып көгімнен.
Бағамыз бір ме,
Жоқ әлде бір ме құнымыз,
Қуанышымыз бір,
Бір және мұңымыз.
Бір кезде түскен
Суреттеріміз секілді
Жазылмай тегі
Келеді әлі жұбымыз.
Қабарып келіп,
Қарауытып тұрар құр дөңде,
Бір демде жылап,
Жұбанған ылғи бір демде.
Ажал да маған
Жақындай алмайтын сияқты
Айтекең інім
Қасымда менің жүргенде.
 Сол інім, міне,
Самғардай салқар кеңдікпен,
Қыран секілді
Қанатына дауыл, жел біткен.
– Қос ұрпақты аман
Алып қалғаның үшін, – деп
Мол сыйлық тартты, –
Ана екенсің деп ел күткен.
Толқыды ана
Жүзіне балғын нұр қалқып,
Жығылды білем
Құшағына түгел қыр балқып.
Желпіп бір самал өткенде
Ананың тал бойынан
Даланың иісі,
Жусанның иісі тұрды аңқып.
5.Тойшыбай мен Қойшыбай
Әр кезеңнен білінсе уақыт демі,
Бұған куә қазақтың жақұт көгі.
Мен бақытты қуғам жоқ
Білсең егер
Қуып жүрсе керек-ті бақыт мені.
Құшақ жайып қарсы алар кең өлкесі,
Болса болар мендей-ақ ел еркесі.
Береке боп еліме даримын деп
Болдым және елімнің мерекесі.
Жұлдыз болып көгімнен шашылғамын,
Жаны таза өйткені асылданмын.
Бір әкеден жалғыз ем
Енді, міне,
Көк орман боп жайқалды жасыл бағым.
 Күйін шертіп қан тамыр – сым темірім,
Жаңғырады жайқалып күнде өңірім.
Естімеген жетпіс жыл сәби үнін
Тойшыбай боп өйткені күлді Өмірім.
Күйін шертіп қан тамыр – сым темірім,
Жаңғырады жайқалып күнде өңірім.
Естімеген жетпіс жыл сәби үнін
Қойшыбай боп өйткені күлді Өмірім.
Дауыл менен бұрқасын, борасыннан
Қаймықпаған жылдардың сорасынан,
Соғып тұр ма жүрегім
Тас бейнемде
Жасыл таудың құйылған қоласынан.
Көңілінде күн күліп,
Туып көктем,
Тұрса да ылғи көк нөсер жуып көктен.
Ескерткіште салқынмын
Күзгі бұлттай
Ызғар жиып жүзіне суыт жеткен.
Бұл шіркін де
Жай ғана кескін бе еді,
Жаңармады
немесе
ескірмеді.
Тыңдасам да қаншама
Кеудесінен
Жүрегімнің дүрсілі естілмеді.
Шұғыла ойнап маңдайы, желкесінде
Қаз омырауланып тұр, әне, жер төсінде.
Бірақ бұдан бағалы қос мүсінім
Дүрсілдеген жүрегі кеудесінде.
 Сырын,
Жырын кезінде дала ұқтырған,
Сырын,
Жырын кезінде ана ұқтырған.
Соғып тұр ма жүрегім
Суретте анау
Үй төрінен өзіме қарап тұрған.
Сөйлер болсам сөзімнің артын бағып,
Сол суретім
Көңілге салқын нағып.
Өзім болып өмірге қарағанмен
Кете алмады өзімдей жарқыл қағып.
Жүрсем де оның “саулығын” тілеп оқтын,
Әлдеқалай кеудеме кіреді екпін.
Сол суретте
Өйткені жүрегімнің
Дүрсіліне ұласқан жүрек жоқ-тын.
Шуақ жиып,
Нұр шашқан сұр бетіме,
Таласым жоқ әрине суретіме.
Бірақ,
Бірақ өзімнің бір ойым бар
Түйіп қойған көңілдің бір шетіне.
Құба жонын,
Өңірін күн қақтаған,
Жолға шығып,
Қыр кезіп түн қатпаған.
Қос суретім –
Тойшыбай, Қойшыбайым
Суретімнен төрге ілген қымбат маған.
 Көтерілген қос терек ел ішінде,
Жемісім де сол екі ұл,
Жеңісім де.
Бұдан артық бақытты кім көріпті,
Ел үшін де
Және де мен үшін де.
Жерге түне,
Бәрібір елге түне,
Келбеттері ұқсаған келбетіме.
Тойшыбай мен Қойшыбай –
Тірі бейнем
Құдай сомдап орнатқан жер бетіне.
Атылғанда саңқылдап далаға ұран,
Нағыз батыр жауларын бара қырған.
Сондай нағыз батырдан қан дарытқан
Қойшыбайым –
Қос өркеш бала қыран.
Қайдан менің кемиді бағам, басым
Келе жатса молығып қоғамдасым.
Көз жасыма –
Нұрыма суарылған
Тойшыбайым – алдаспан,
Ақ алмасым.
Жауып тұрған сәт болып нұр көктен де,
Келді өмірге екеуі бір көктемде.
Екеуіне айтарым мынау сонда
Өткен-кеткен жайлардан сыр шерткенде:
– Ел алдында жарадың қызармасаң,
Қаным қоса қозбай ма ұрандасаң.
Ұшырмасам маған серт тас түлек қып
 Қойшыбайым,
Саған серт ұша алмасаң.
Маңдайыма бақ болып біткен де сен,
Бақыт болып жолымды күткен де сен.
Сенсің және салынып біткен көшем,
Сілтей сені алмасам маған серт те,
Тойшыбайым,
Саған серт сілтенбесең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу