Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҰЛҒАЛАР

1
Жетісудың тигесін түлегіне,
Айналды ма сол елдің тірегіне.
Жерік бола бастапты әйелдері
Жолбарыстың сұлтан-шер жүрегіне.
Ермек қуған жас пері – жас құйын көп,
Қоныпты атқа барлығы тас түйін боп.
Бір жағынан таулар да қалқан бопты,
Құзар шыңы дулыға – бас киім боп.
Жанарында жасынның нұры қалып,
Бұла күшін сезбеген бұрын нағып.
Атқа мінсе қазақтар қоймайды екен
Қандай зұлмат болса да қырына алып.
Найзағай от –
Қаруы, жарағы шын,
Тұра алсын ба танытпай дара күшін.
Тарғылдарды шетінен сұлатыпты
Қақ айырып көк шойын қара құсын.
Тиген кезде қамшысы өр намыстың,
Бақыт-ау деп шыққаны жолға арыстың.
Жетісудың аршын төс әйелдері
Жұлып жепті жүрегін жолбарыстың.
Күн де қорған болғасын,
Ай да қорған,
Кейде арна тартылып,
Қайта толған.
 Сонан ба әлде кім білсін Жетісуда
Барыс жүрек жігіттер пайда болған.
2
Киген сонау сауыт қып жайын көкті,
Ерлерді елім:
“Жұлдызым, Айым” депті.
Батырлықтың атасы,
Хантәңірі –
Кім білмейді бүгінде Райымбекті.
Қарақан ше?!
Намысын жолда ұштаған,
Жауы құшқан ажалды, ол құшпаған.
Азынатып
Қаратау қара айғырын
Сайлап мініп үнемі қолда ұстаған.
Рухы биік ерліктің жалғасы көп,
Соққанымен ажалдың арбасы кеп.
Жауатар ше?!
Ізі анау семсерінің –
Шыға келген Таластың арнасы боп
Сұраншы ше?!
Құз бар ма дара аспаған,
Сыры, жыры бар ма оның дала ашпаған.
Қаптай соққан сұм жауды
Туған жерден
Алты күнге жеткізбей аластаған.
Қаһары – қыс,
Жүзі – жаз,
Күйі – көктем,
Жерге түскен жасын боп жиі көктен.
Айта берсек батыр көп Жетісуда
Ата ерліктің сауытын киіп өткен.
 Көкті көрпе,
Тауларды төсек еткен,
Келеді ылғи ерлердің есебі өктем.
Жетісудың тарихы ұлы болса,
Батырлардың арқасы кешегі өткен.
3
Қара орман боп кезінде самсап тұрған
Жау біткенді жерінен ән сап қуған.
Бура мінез осынау бабалардың
Ата ерлігін ұрпақ көп аңсап туған.
Тексіз біреу болмаса есі кеткен,
Кең даланы кім-кімде бесік еткен.
Баба қаннан тараған ағалар көп
Октябрьдің жалынын кешіп өткен.
Төгілген тер,
Аққан қан тұрды өтеліп,
Алмас жүрек ағалар туды от өріп.
Бекболаттар ананың құрсағынан
Шыға шапқан секілді ту көтеріп.
Ардагерлер көп болса бұрын да өткен,
Неге ендеше айтпасын жырын көктем.
Ораз аға, даланың нар жұлдызы
Жер бетіне жарқырап нұрын төккен.
Қара орманы болғанда ел баланың,
Бала үміті емес пе өңді ананың.
Жалын жұтқан жүректі Тұрар аға,
Алысқа атқан жебесі кең даланың.
Қалың жауға қасқайып ұлы аттанған,
Жер ме, сірә, Жетісу жырақталған.
 Алмас жүрек ағалар болмаса егер,
Болмас та еді-ау нұрлы өмір шуақтанған.
4
Соғыс!
Соғыс!
Елді отқа қақтап та алды,
Қара бұлт боп бүркеуге аппақ таңды,
Бірақ,
Бірақ,
Таужүрек Бауыржандар
Тас қамал боп
Өмірді сақтап қалды.
Алғасын да қатесін бір түзетіп,
Күндер!
Күндер!
Жатыр-ау бұлтсыз өтіп...
Бауыржандар қорғаған сол өмірді
Енді менің жүрегім тұр күзетіп.
Айтсам былай ел-жұртым,
Сырласыма,
Жазам ылғи Отан деп жыр басына.
Бауыржандар өскен топырақтанмын
Қорған болып кім кепіл тұрмасыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу