Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  292


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЛҚАУ ДОСПЕН ӘҢГІМЕ

Еркеміз бе,
Жоқ әлде серкеміз бе,
Қарасақ та өмір боп өлкемізге.
Қара мысық –
Жалқаулық түспей қойды
Тас түйін боп жабысып желкемізге.
Жігіт едік ел-жұрты сенім артқан,
Жалқау болдық бұл күні кері тартқан.
Жалқаулықтың сұм оғы
Амал қанша,
Сені де атқан,
Аямай мені де атқан.
Сонда ғана сол оқты бір-ақ танып,
Жерде жаттық жығылып, құлап қалып.
Жан секілді ел-жұрттан аласталған
Шыға келдік бір күнде жырақтанып.
Берейік деп бұларды бір анықтап,
Басынды ма кім білсін бұғалықтап.
Қыран самғар көгіңде
Содан, әне,
Жаман қарға тым еркін жүр қалықтап.
Жан емес ек тағдырға қақпайланған,
Қақпайланған немесе қаққа айналған.
Қайран досым!
Дүбірлі мына өмірде
Су болдың-ау арнасы ақпай қалған.
 Солай, досым!
Жаңылған көркем ізден,
Не шығады бұл күні ерке бізден.
Ырғып, сірә, атқа да міне алмаспыз
Түспесе егер жалқаулық желкемізден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу