Өлеңдер ✍️

  16.04.2022
  264


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚУЫЛҒАН ЖӘНЕ ҚАЙТА ОРАЛҒАН ГРАФ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА


(1813)
«Кел, жыршы, күйлендіріп аспабыңды,
Оңаша үйімізде баста жырды.
Анамыз намазында, есік берік,
Келмейді ешкім мұнда, таста мұңды.
Әкеміз аңды қуып әуре мүлде,
Айт бізге оңашада бір әңгіме
Екеуміз сол жырыңды жаттайық бір»,–
Дегенде жыр басталып, шалқыды саз –
Балалар бола қалды осыған мәз.
«Кенет жау кең ордасын бір-ақ басты,
Үйінен жарым түнде граф қашты.
Бүркей сап қазынасын қорқып-сасып,
Сүрлеумен қараңғыда қадам басып,
Құпия есікті бір барып ашты.
Қалғанда артында көп нелер жиһаз,
Құшақтап келе жатыр нені сабаз?
Ұйқыдағы қызын келеді алып...»–
Осыған қуанысып балалар мәз.
«Таң атты, кең көрінді оған ғалам,
Ақ түтін селолардан бұлғаңдаған.
Графты паналатты күңгірт орман,
Көп жылдар өтті тастап күйік, арман.
 Ағарды сақал-шашы бұйраланған.
Шалдырмай үскірікке болғанда аяз,
Тигізбей ыстық желге болғанда жаз.
Өсірді плащқа орап жалғыз қызын»,–
Осыны естігенде балалар мәз.
«Зымырап өтті жылдар, тағдыр билеп,
Шапан да, шал да солай тозды күйреп.
Нөсерден сақтар қызын енді қайтып?
Бірақ та қарт жүрегін шаттық билеп,
Қызының қызығына басын имек...
Құлпырып өсті қызы көркі бір жаз,
Сол байлық оған жетпес барлық жиһаз.
Мақтаныш көрді қызын әке байғұс»,–
Осыны естігенге балалар мәз.
«Бай – князь кездестірді шал мен қызды,
Садақа сұрады қыз, балғын жүзді.
Көрсетпей қайырымды жыршы шалға,
Қызының қолын қысты, болып ізгі.
«Сені мен әкетемін!»– деді князь,
Шал сорлы – деді: «Тақсыр, айтамын наз!
Сенімен егесуге қайратым аз,–
Қызымды қидым саған, үйлен өзің».–
Балалар осыған да болыпты мәз.
«Шіркеуде болды сәті неке қияр,
Қамығып қыз басында жортты қиял.
Жан-жаққа жаутаңдады, әке қайда,
Әкенің сағынышын қайтіп тыяр?
Қызына хабар жетті бір күн бірақ,
Қаңғып қарт жүр екен елден жырақ.
«Арманым – жалғыз қызым, жиендерім,
 Оқыдым сендер үшін тілек – намаз!»–
Дегенде бола қалды балалар мәз.
Құшуға жиендерін ұмтылды шал,–
Есіктен дүбір шықты –
«Әкем шығар.
Тығыл қарт!» Қайда кетсін шал бейшара,
Бажылдап қалды князь «Саған не бар?
Шошытты ұлдарымды мынау кезеп,
Зынданға апарыңдар, бұғаулаңдар!»–
Деп шалға түйілгенде сұсты князь,
Анасы келе қалды рахым тілеп,–
Балалар қуанысып осыған мәз.
Нөкерлер тұрып қалды кілт аңырып,
Сорлы ана қытымырға тұр жалынып,
Үрейлі екі бала жаутаңдады,
Осыған ашу қысып, сұм тарылып,
Ақырды: – «Затсыз,
Тексіз азғынсыңдар,
Арыма дақ салуға мәз қусыңдар.
Кетіңдер, әулетіңе жаным араз!»–
Балалар бұған тіпті болмады мәз.
Сұстанды қартың сонда, қайраттанды,
Нөкерлер қорқынышты ойлап қалды.
Болды бұл жау отына май құйғандай
Ашулы князь қайта айбаттанды.
«Осының қызын алып әурелендім,
Шірік тал бұдан қандай мәуе көрдім?
Затсыздан, затсыз туар деген екен,
Бұларға душар болды мендей маңғаз».
Балалар бұл сөзіне болмады мәз.
 «Не деп тұр, жиендерім, мына залым,
Кемітіп өз ұрпағын, алған жарын?
Тап осы қайыршы шал қамаудағы,
Сендерге қайтарады қазір бәрін.
Менікі күллі мүлік сен тонаған,
Өз ордам, енді рақат болар маған,
Разымын, жиендерім, жалғыз қызым,
Сендерге болды мирас, мынау жиһаз»–
Дегенде бола қалды балалар мәз.
«Тағына ескі король қайта мінді,
Өзіне өшкен бақыт қайтарылды.
Сендерге сыйламақпын бар мүлкімді,
Көңліме қуанарлық жай табылды.
Ал күйеу, сен де енді кеудеңді жаз,
Тектіден ерек туған мен де сабаз,
Қанында ұлдарыңның асыл қан бар,
Ер жетер ардагер боп жас ұландар!»–
Осыған алақайлап балалар мәз.
(1818)
Игілік қой бұл ғаламда қамыс та,
Сәулетіне соның да таң қаламын.
Дүниеде сен де содан қалыспа,
Жаз өлеңді, шыбығым сен, қаламым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу