Өлеңдер ✍️

  16.04.2022
  269


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖІГІТ ПЕН ДИІРМЕН ӨЗЕНІ

(1797)
Ж і г і т
Қайда асықтың, өзенім,
Неге асықтың?
Мұнша неге мәз едің,
Тез тасып тым?
Не іздейсің бұл сайдан, көк майсадан?
Не іздейсің, өзенім, айтшы маған?
Ө з е н
Еркін едім ағылған,
Ойнақтаған,
Ұстап алды жалымнан,
Байлап адам.
Еркіндік жоқ жүйткитін өз бетіммен,
Диірменнің атқарам қызметін мен.
Ж і г і т
Айрылсаң да еркіңнен,
Қиыр белден,
Серісің ғой серпілген,
Диірменге.
Диірменшінің қызы үшін жыламайсың,
Мен секілді көз жасын бұламайсың.
 Ө з е н
Асықтым сол сұлуды,
Көрейін деп,
Таң сәріде суымды
Берейін деп.
Жуынуға ақ төсін шығар жайнап,
Ыстығынан кетеді суым қайнап.
Ж і г і т
Ыстығынан сол қыздың,
Су қайнаса,
Сәулесінен жүремін
Қалай таса?
Кетті менің сабырым, кетті дәтім,
Кім біледі сол қызды, айтшы атын?
Ө з е н
Сипалаймын аяғын,
Қандай, шіркін!
Естен танып қаламын,
Болмай ырқым,
Тегершікті жіберем айналдырып,
Диірменім зырлайды майдан құрып.
Ж і г і т
Сен де сорлы біліпсің,
Шерді мұндай,
Сол үшін де жүріпсің
Шөлді қумай.
 «Кез қырыңды»– деп қыз да берер кеңес,
Махаббатсыз өмір не?– өмір емес.
Ө з е н
Кетем әрең арудан,
Қасіретпен,
Шерім зая ағылған,
Жасын төккен.
Болар едім зор бақыт тапқандайын,
Аяғында сол қыздың жатсам дәйім.
Ж і г і т
Азабымның серігі,
Уа, мұңдасым,
Жеткіз менің шерімді
Қыз тыңдасын,–
Жүрегімде ләззат бар жанып жатқан,
Үмітім бар әлі де жалын атқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу