16.04.2022
  105


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕРТЕГІ

Ақсақал падишадан ата тегі,
Туысым мұны маған айтқан еді.
«Пейіштей ордамызда қыздар толған,
Болды бір жас перизат жүзі солған.
Ай сайын сол қыз бізге келіп тұрды,
Киімі шылғи қара, түсі мұңлы.
Сұрадық: Неге қара киінесің?
Не сыр бар, неге мұнша күйінесің?
Ақ күміс жүзің неге қарайланды?
Түсіндір қайғы шоғың қалай жанды?
Сен бізге ізгілікпен сүйіктісің,
Неліктен қара киіп, күйіктісің?
Ақыры, сол перизат айтты сырын,
«Айтайын уақиғаны өткен бұрын.
Басымда жамылғаным қара жібек,
Жамылдым қайғы шегіп сорлы жүрек.
Сезер деп сіздер сырды күткен едім,
Ашайын, сол қайғымды бүккен едім.
Патшаға қырқын болдым мен бір кезде,
Ол әділ, пәрмәнді һәм кең мінезге,


Патша еді көрген талай қасіретті,
Сондықтан қара киіп, қайғы шекті.
«Қара киген падиша»– деп аталды,
Көктің сор жұлдызына ол маталды.
Жасында алтын аптап, жүрді жайнап,
Айрылды мәз шағынан соры қайнап.
Шапағат мейірлі боп мадақ тапты,
Ол жұртқа таңғы гүлдей күлім қақты.
Сарайы асқақтады айлы әлемге,
Меймандос ашық төрі келгендерге.
Әрдайым дастарқаны дәмге толған,
Күні-түн арылмады меймандардан.
Мейманы не дегдар ма, не мазлұм ба,
Бәрі де сый-зияпат көрді мұнда.
Сұрады меймандардан бәрін патша,
Не көрді, не боп жатыр қиыр жақта.
Меймандар айтты, патша тыңдай берді,
Көз ілмей атқызды да таңертеңді.
Осылай уақыт өтті тыныш шақта,
Меймандос салтын бұзбай тұрды патша.
Ал патша бір күн құстай болды ғайып,
Таппады іздетсе де хабар жайып.


Талай күн жоқтап оны қайғырдық көп,
Жоғалды самұрықтай зым-зия боп.
Ғайыптан патша бір күн пайда болды,
Үн-түнсіз өз тағына қайта қонды.
Ләм деп шаһ тіл қатпады тек түнерді,
Кигені шылғи қара, түндей реңді.
Басқарды елін солай бірнеше жыл,
Бойынан қара киім шешілмей бір,
Бақсыздық болмай сірә, дертті болған,
Қайнар судай түтікте тұтқындалған.
Патшаның қасында мен болдым дәйім,
Бір күні күрсінді де айтты жәйін.
Падиша үнмен мұңлы айтты налып:
«Қарашы аспан маған тұр қадалып,
Иремнен күшпен мені сүйреп келді,
Мәңгілік қара зілге илеп берді.
Сұрай ма ешкім қайда жоғалдың деп,
Ақ шашқа неге қара орандың?– деп.
Сол сөзін үнсіз тыңдап аядым да,
Ойланып, басты қойдым аяғына,
Тіл қаттым, уа, қамқоры бейбақтардың,
Падишам әділ, әзіз ой мен парқың.


Сені тергеу көкке балта сермегендей,
Ер бар ма ғайыбыңды ашар сендей?»
Сенді де маған патша сөзге басты,
Гауһарын қашап, мускус қабын ашты.
«Дүниеге патша болып келгенімде,
Кең аштым есігімді мен әркімге.
Келген сол меймандардан сұрай бердім,
Ізгі, сұмдық жайлардан көргендерін.
Үйіме бір жат мейман келді түнде,
Қап-қара киімдері кіл үстінде.
Салтынша мейманға дәм бергіздім мен,
Сұрадым қонақ жайын игі жүзбен.
«Білмедім ахуалыңды айтшы маған,
Кигенің неге қара, түн құсаған.
Ол айтты: «бұл жайында сұрай көрме,
Самұрықты таппайсың ғой іздегенде»
Айттым мен: «Досым бүкпе, бұл сырыңды
Айт көрген қызығыңды, сұмдығыңды!»
Айтты ол: «Кешір патшам, қайтып айтам,
Айтуға тіл жетпейді, сырым сойқан.
Жарандар ұқпас менің ғайыбымды,
Ұғар тек қаралылар қайғы-мұңды.


Жалындым аш деп ұшпу құпияңды,
Ұқпады ол жаным менің күйіп-жанды.
Үнімді жалбарынған тыңдамады,
Ашпады сыр пердесін зіл қабағы.
Бірақ ол кейісімді сезді білем,
Ұялып қасарғанға тілсіз мүлдем.
Бастады: «Чин тауында бір шаһар бар,
Пейішке сән-сәулетті дәл барабар.
Аталар –«Сорлы кенті», «Мұң мекені»–
Жұрты тек, қара киіп, күнелтеді.
Адамы сұлу оның, айдай нұрлы,
Өткізер қара киіп айсыз түнді.
Бәз біреу ішсе шарап бұл қаладан,
Қараны кигізеді, дереу оған.
Не үшін қара кебін киінеді?–
Айтуға кереметін қиын тегі?!
Соны айтып есегіне жүгін артты,
Есігін тілегімнің берік жапты.
Оның жат әңгімесін ойлап қатты,
Шақырттым оны қайта кетіп қапты.
Шам сөнді түсті үйге қараңғылық,
Ес кетті әлгі сұмдық алаң қылып.


Сол сырдың жалғасын мен білгім келді,
Қозғадым ой дойбысын әрлі-берлі.
Дойбыма биге шығар жол көрмедім,
Дуалға арқан байлап өрмеледім.
Жұбатпақ болдым алдап мен өзімді,
Ой шыдап, бірақ жүрек көп езілді.
Алдыма, жиһанкездер келіп жатты,
Сұрадым білмей сырды аузын жапты.
Біржола патшалықтан бездім бірден,
Билікті туысыма бердім мүлдем.
Қаржы мен азық алдым қиын жолға,
Мұқтаждық қыспасын деп қиырларда.
Қытайға келдім де мен сұрай-сұрай,
Таптым сол іздегенді, жар боп құдай.
Иремдей шаһар гүлге тұр бөленіп,
Ал жұрты қара киген нұры сөніп.
Бәрінің денелері сүттен де ақ,
Кигені қарамайдай сиықсыз-ақ!
Бір үйден жай алдым да тыныш таптым,
Жыл бойы адамдарын байқап бақтым.
Еш адам маған жылы сыр бермеді,
Бәрінің құлыптаулы еріндері.


Ақыры кездестім ет сатушымен,
Байсалды ер, жүзі нұрлы, тынысы кең.
Пәк ойлы, ізгілікпен ғұмыр кешкен,
Сұм, ғайбат, сөзден тілін тартып өскен.
Дос тартып ердім оған көлеңкедей,
Кездесе бердім оған күн-түн демей.
Болып ап онымен дос, айла таптым,
Алдымен сыр ашуды ойлап бақтым.
Сыйлап мен асылдарды аямадым,
Достықты ділдә тілмен аяладым.
Күн сайын, тартуымды алып жатты,
Алтынмен темір аяқ ауыр тартты.
Досыма қазынамды арта бердім,
Құпия сырды одан тарта бердім.
Құйылды алтын оған жаңбырдай мол,
Құрмалдық бұзауындай мәңгірді ол.
Сыйларым зілдей оның мысын басты,
Алтыным езіп жанын құты қашты.
Бір күні мені үйіне алып келді,
Дәм толы мол дастарқан жайнап берді.
Бәрі бар жер сыйының дастарқанда,
Қожасы қандай мырза дос барғанда!


Масайрап болып, сұбхат басталғанда,
Көп сыйды даяшылар тосты алға!
Сыйлығын санап болмас тартқан маған,
Өз сыйын қосты сыйға мен сыйлаған.
Ізетпен сыйын беріп, сөйледі ол,
«Қисапсыз қазына бердің, мырзасың зор.
Дүниеде мұндай сыйлық болды ма екен?
Разымын тартуыңа тағзым етем.
Досым-ау, тарттың сыйды мұнша неге?
Қалайша ақтаймын мен, әл жетер ме?
Не тіле, аямаймын уәзипәмді,
Жалғанда тірлік біреу,– азы қалды,
Берсе егер он тірліктің зілін маған,–
Салмағын баспас сыйдың сен сыйлаған!
«Салмақты болмас, сірә, қоқтық жаннан»
Деп қасты нөгеріме қақтым жылдам.
Ишарат еттім үйге барып кел – деп,
Жасырған алтынымды алып кел! – деп.
Саф алтын бердім қанша теңгені мен,
Асырдым бұрынғы көп бергенімнен.
Ол менің айламды бұл түсінбеді,
«Мен саған борыштымын»– досым деді.


Сол үшін сыйыңа сый етпек едім,
Сен қайта сыйға мені көп бөледің.
Ұят-ай, саған сонша не өткіздім, мен?
Үйіңе сыйлығымды жеткіздім мен.
Есесін қайтарсын деп, бермеп едім,
Менде сондай қазына бар дегенім.
Сыйлап-ем, сонша неге пейілдісің?
Сен қайта еселейсің соным үшін.
Ал, досым, құл болайын саған енді,
Ал қайта маған берген дүниеңді.
Сендім мен достығына танысымның,
Достығы хақ, риясыз, парығы шын.
Сендім де айттым оған бар сырымды,
Айтқызды бүркемеді ар шынымды.
Деп айттым, тәж-тағымды тастап кеттім,
Құпия, елі бөтен жаққа жеттім.
Білуге – бай шаһарда, шалқыған тоқ,–
Неліктен қуанышты бір адам жоқ?
Неліктен қайғы көрмей қамығады?
Неліктен бәрі қара жамылады?
Сырымды тыңдады да естен танды,
Қой еді, қасқыр болып ол тұтанды,–


Жүрегі жұлынғандай ол дір етті.
Қапыда жын соққандай мүлгіп кетті.
«Сұрадың – деді – неге мұндай жайды?
Жауабын айтам кешке, бұл бір қайғы.
Аңқыды әнбра мен камфара түн.
Бөленді жұрт ұйқыға, айқара түн.
Қожамның үні шықты: «Тұр, мейманым,
Көресің, орындалар ой-арманың,
Амал не, саған ізет мен етейін,
Ғажайып ғайыптарды көрсетейін!»
Соны айтып, мені үйден шықты алып,
Меңіреу көшелерді өттік жарып.
Бастаушы ол, мен келген жан өзге жақтан ,
Ешкім жоқ, тек екеуміз келе жатқан.
Ол үнсіз билеп шетке мені әкелді,
Көрсетті ойран-топыр меңіреу жерді.
Әкелді бір қуысқа қап-қараңғы,
Перідей, жоғалар ек бұған мәңгі.
Тұр екен бір қорабша дуал жақта,
Арқанды байлап қойған сол қорапқа.
Бастаушым – қорабқа тез отыр – деді,
Әп-сәтте көкке сені көтереді.


Білерсің сонда неге біз мұңлымыз,
Неліктен қара киіп жүрміз үнсіз.
Ғайып бар бұл қорабқа құдіретті,
Тек өзі ашар тұйық, сырлы кепті».
Сендім де дос сөзіне адал ниет –
Мініп ем қорабына уа, керемет!–
Аяғым тигеннен-ақ құстай ұшты,
Қуғандай бейне құйын, шырқай түсті.
Әкетті сүргін көкке мені қораб,
Сиқырлы от белбеумен алды орап.
Мұнара тұрды асқақ ай қасында,
Шығарды мені тылсым дәл басына.
Жыландай шыйырылып арқан қашты,
Мен қалдым, сұмдық үрей, мені басты
Налыдым тәңіріме медет сұрап,
Үсте көк, меңіреуде – жер құлдырап.
Мұнара шатырында, зәрем ұшып,
Отырдым кетті жаным жерге түсіп.
Қорықтым аспанға бір қарауға да,
Жерге де көз тігуге шарам бар ма?
Үреймен есім кетіп, көзді жұмдым,
Көнуге қара күшке бойды ұсындым.


Бұл кінәм үшін налып, зар иледім,
Қайғырдым, қайда қайран үйім менің.
Опық жеп өкінгенмен жай таппадым,
Күйініп, от ішінде жалтақтадым.
Уақытым түс көргендей, өтті бір сәт,
Аспаннан құс келді де жайды қанат.
Отыр ем жалғыз жылап сол құс сұсты,
Өзі – тау, қауырсыны қара түсті.
Құйрық пен қанаты шоқ шынар сынды,
Тұяғы тік бұтадай жуан қырлы.
Тұмсығы Бисутундағы бейне баған
Ал тілі айдаһардай жалаңдаған.
Алып құс қауырсынын сілкіп қақты,
Тастады жерге гауһар қабыршақты.
Қанатын сілкіп түзеп қаққан сайын,
Шаңдатты мускус бұлтты көкке дәйім.
Үстіме қонып сол құс кеттім мүлгіп,
Бөленіп мамығына жаттым жым-жырт.
Бұл құстың сирағына нық жабысам,
Ойладым сонда жермен тез табысам.
Мейлі, не пәлені көрсем жерде,
Құтылар айла жоқ қой көктен менде...


Залым дос, опасыздық етті маған,
Азапқа душар етті анталаған.
Бәлкім ол қазынама қызықты ма?
Ажалға айдады ма, бұзық мұнда?»
Осылай зарладым мен, атқанша таң,
Жер даусы жетті маған бұлдыр тұңғиықтан.
Басында құс жүрегі дүбір қақты,
Үстінде құс қанаты діріл қақты.
Қанатын жайды биік желкеннен де,
Жармастым сирағына бекем менде.
Зымыран құс бауырына мені қысты,
Жер ұлын алып күнге дауыл ұшты.
Сәріден алып ұшты түске дейін,
Күн өртеп жан тәсілімге қалдым бейім.
Кенеттен үстінде көк дөңгеленді,
Байқадым құс айналып жерге төнді.
Құсты сол жер мұнары тартты білем,
Қалғандай найзадай-ақ жеріме төмен.
«Рахмет, – дедім құсқа алып ұшқан,
Босаттым сирағын тез қолым қысқан.
Көгалға құлап түстім жай тасындай,
Жұпар гүл, мөлдір шықты көз жасындай.


Сәтті шақ, көзді жұмып, жаттым гүлге,
Қайдамын, хал не болмақ, білмей мүлде.
Жүректен үрей жылдам тынбады да,
Бір сәтте қарай қалдым жан-жағыма.
Көктен де жасыл арай жер нышаны,
Көгалға түспеген бұл жердің шаңы.
Мұнда мың алуан гүл, құлпырған бақ,
Жапырақтар сергіп, тынған су ұйықтап.
Көк майса мың құбылып көз арбаған,
Жұпар жел жанды мас қып бұлаңдаған.
Сүмбілдің сабағымен райханды иген,
Раушанды қызыл жасмин тілден сүйген.
Жер тарпып аргаваның тәтті тілін,
Мұнда жер әнбрадай болды шырын.
Бұл маңның құмы алтын, тасы жауһар,
Төсінде гүл толқыны қызыл каусар.
Ақықтай әппақ салқын нұр сипаты –
Бұл жанар аспанның бұл зияпаты.
Сынапта, жалт-жұлт етіп дүзгендей тап,
Судағы балықтары күмістей ақ.
Көкмайса жағалары көлбеп жатқан,
Масаты қос кілемдей аңыз айтқан.
А р г а в а – хош иісті өсімдік .......................................................


Жұмыр бел жақұт түсті қапсағай да,
Кипарис, емен, терек өскен онда.
Меруерттей жар тастары жалтылдаған
Дарақтар қызыл алау алтындаған.
Алой мен сандал ағаш араласқан,
Кезген жел сай-саланы таудан асқан.
Рас, мұны – көк рухтары салған баптап,
Дауыл мен аңызақтан қойған сақтап.
Тәңір көк, жақұт аяқ деген мұны,
Ал пейіш «деген мұны – әлем нұры».
Көрмедім ғажап жерді бұдан асқан,
Мәз болдым сый тапқандай асыл тастан.
Сол сайдан әрлі-берлі кездім барлап,
Салауат құдіретке айттым арнап.
Ашығып жемістерді теріп жедім,
Ығына кипаристің жатып едім,
Ұйықтап кеттім, үрей болды ұмыт,
Рахымы көк тәңірдің маған жуып.
Жарым түн жерге жасыл, қара жауып,
Бұлттарға сүрме салды арай ауып.
Құздардан аңқып иіс келді маған,
Көктемнің самал-желі жорғалаған.


Күркіреп өтті күн де сәуір нұры,–
Сайларға себеледі, көк жаңбыры.
Сай қанды күн нұрына самал соққан,
Сай толды аруларға сылаң қаққан.
Әр сұлу үр қызына ұқсас келген,
Алдымнан өтті бәрі түстей көрген.
Сиқыршы тұңғиық түн туғызды ма?
Көктемдей жайнап маңым толды қызға.
Шараптан қызу, қызық мынау әлем,
Меңдеген ақ тәндерді қынаменен.
Аузы інжу қызыл гүл, қан қызыл рең,
Бағасы Хузистанның қантымен тең.
Алтын көз жылан жүзік саусақ толған,
Гауһар алқа, сырғалар сән толтырған.
Қолында арулардың алау шырақ,
Ұшқынды жалындамас бықсып бірақ.
Көзімді арбап әрбір бұраң белі,
Іңкәр ғып ләззатына тартты мені.
Жұлдыздай жалтылдаған кілем тақты,
Алшақтап үр қыздары әкеп жатты.
Көгалға кілем төсеп, тақты қойды,
Ақыры не болмақ деп бүктім ойды.


Сәл бір сәт өтіп еді сол бір кезде,
Жарқ етті бір шұғыла тиіп көзге.
Аспаннан ай түскендей жерге төмен,
Көгал мен гүлді басып көлбеңдеген.
Ай емес, аруларға екен патша,
Мұдағы қыздар майса, ал ол басқа.
Перизат кипаристей гүл қасында,
Асып тұр өзге қыздан гүл басы да.
Ханымдай ару келіп мінді таққа,
Ұйқылы жер оянды сол бір шақта.
Бетінен бүркеншікті сәл түргенде,
Ордадан шықты патша деме-демде.
Алдында румилік ақ ләшкер бар,
Артында үнді қара әскері бар.
Қас-қағым өткен –де жоқ, дереу ханым,
Естідім нөкер қызға бұйырғанын.
«Жан жанның иісін мен сезіп тұрмын,
Мұнда бар жер пендесі иісін білдім.
Жөнел де ізде соны сай-саладан,
Айдап кел кездескеннің бәрін маған»
Періден жаралған қыз ақты жылдам,
Қараңғы сайды кезіп, мүлгіп тұрған.


Көгалдан мені тауып, қайран қалды,
Күлімдеп қыз қолымнан ұстап алды.
Деді: «Тұр, түтіндей тез зымырайық!»
Өзіме керегі сол кеттім тайып.
Тотыға ерген қарғадай дедектедім,
Тақ алдында тұруды дәметкемін.
Топ қыздан шеткерірек тұрдым төмен,
Патша қыз: «Орның емес, тұрма шетең,
Шық төрге, қасыма кел, орын берем,
Шоқ жұлдыз ай алдында дүзер деген».
Тіл қаттым: «Уа, патшасы таңғы көктің,
Құлыңа айды бекер тағылым еттің.
Балкистің тағын басу маған айып,
Тағыңа Сүлеймен тек болар лайық!»
Бұйырды: «Сен иесің, отыр таққа,
Енді сен әміршісің, билік сақта.
Өктеммін өзім ғана жалғыз саған,
Ашамын ғайыптарды сен аңсаған.
Сен менің мейманымсың, құрмет етем!»
Бағындым дегеніңе, қайда кетем,–
Айрылдым өз ырқымнан, таққа мені
Нөкер қыз қолдан ұстап жетектеді.


Отырдым перизаттың қасында мен,
Разы боп жылы сөзге қадірлеген.
Жайғызды ханым тойлы дастарқанды,
Толтырды оған сансыз ас-тағамды.
Аяқтар толы жақұт үстел аспан,
Аңқауды тартып көзге шаттық шашқан.
Жұбандым тәтті дәмге тойдым да мен,
Қандырдым жанның шөлін шербет сумен.
Келді де кернейшілер, сақи кетті,
Ойладым: мендейге, жер сорлысы,
құрмет етті,
Бақыт та таяу шығар маған енді,–
Қыздардан маған мадақ жыр тербелді.
Қыл шектер, шылдырмақтар безектеді,
Құйын би ойнақтады мәз еткелі.
Көгалға башпайлары тимей жылжып,
Арулар қанат жайды орғып-зырғып.
Содан соң қыздар күліп думандатты,
Сақилар шарапты тез құйып жатты.
Шарап пен құмарлықтан есім кетті,
Қан қайнап тамырымда дүрс-дүрс етті.
Ханымға қант ерінді создым қолды,
Жүзінен іңкәр көріп, көңілім толды.


Көсілді ғажап сұлу аяды да,
Жығылдым қос бұрымдай аяғына.
Арудың аяғын мен сүйе бердім,
Тартынса – тіпті қатты сүйер едім.
Сайрады үміт құсы түнгі гүлден,
Екі жаным болса да – қиям мүлдем.
Деп ойлап,– бал сұлудан жалындым мен,
«Кімсің сен, айтшы сәулем,
жаным күлген?»
«Түріктің наз қызымын, жүзім нәзік,
Атымды Түрікназ деп қойған жазып.
Мен айттым: ғажап ұқсас атымыз да!
Атымыз үндес келді затымызға.
Түрікназ – нәзіктік қой, мен – Түріктазбын,
Жалынам түсін енді парқын наздың!
Өртейік жын періні қоршап кеткен,
Жүректі сергітейік бал шараппен!
Бәрін де ұмытайық, ...ләззат тауып,
Бөлейік жанымызды рахат жауып!»
Жымиған жүз бен көзден ұқтым сырын,
«Басыңа бақыт құсы қонды бүгін!
Рахат сәт туды саған... жоқ ешбір жан...
Іңкәрмін, сүй ендеше құмар болсаң!»


Сүйістің ашты есігін ару сонда,
Мың рет сүйіс оты берді жанға.
Шараптай сүйістен сол жалындадым,
Лапылы айға жетті жанып жаным.
Деді ару: «Бүгінше сен, сүйе бер тек,
Төңкеріп бал шарапты қойма сілтеп.
Әзірше нәпсіңді сен ұстай көрші,
Шаш сипап, ернімді тістей берші.
Ал нәпсі ақылыңды жеңген кезде,
Тәбетің таппай қалса тағатты өзге,–
Табынам нөкерімнің ару бәрі,
Ләззатқа түнде күндей жарық жаны.
Біреуін берем саған өзің таңда,
Ырқына көнер сол қыз мен айтқанда.
Оңаша беріледі жар боп саған,
Тапқызар ләззәтіңді сол аңсаған.
Нәпсіңнің басар отын жарқылдаған,
Бірақ нәр өзегіңде қалдыр маған.
Басқанда түнек дәйім күннің нұрын,
Беремін гауһар қыздың саған бірін.
Соны айтып нөкерлерін көзбен шалды,
Солардан бір сұлуды таңдап алды.


Шақырды ымдап соны тақ қасына,
Күлім көз назды сұлу тұр қасымда.
Ай сұлу мені жылдам жетектеді,
Қараңғы тоғайға бір етектегі.
Елтідім қолаң шаш пен меңіне де,
Түсімде ну орманда келем міне.
Шатырға алып келді мені назбен,
Сұхбат таптым қыздан сырлы сөзден.
Қойыпты құс төсекті бұрын сайлап,
Гүл кілем, торғын жібек тұрды жайнап.
Төсекке жата кеттік ауқымдасып,
Сүйістік ынтық ләззат мауқын басып.
Ырғайдың арасынан гүлді таптым,
Гүл шоққа сүңгідім де мүлгіп баттым.
Сақтапты асылын қыз тұрағында,
Аштым мен соның кілтін бұрадым да.
Аруды таң атқанша аймаладым,
Төсекте, жұпар атқан жайнап жаным.
Шықтым мен құшақтан күн
шыққан шақта,
Сылаң қыз разы болып жан рахатқа.
Алтын көл, түбі жақұт әзір етті,
Шомылдым нұрға, бойып сергіп кетті.


Шатырдан шықты түсте шыжып тұрған,
Жоқ қыздар кеше мұнда сауық құрған.
Бастаудың қасында мен жалғыз қалдым,
Сарғайған жапырақтай сәл қозғалдым.
Шараптан ішкен түнде әлі маспын,
Тершіген маңдайымды шөпке бастым.
Тал түстен күн батқанша ұйықтадым,
Бақыт қой ұйықтап сәл тыныққаның.
Түн-киік мускус қабын ашқан сәтте,
Қара мускус желегін жапты көкке.
Ұйқының зеңбілінен тұрдым сонда,
Түбірдей су шайқаған толқығанда.
Түндегідей желді бұлт көкті қаптап,
Сайларда жасыл жатты сел моншақтап.
Жел сайды желпіп, нөсер нәрін төкті,
Жел гүл сеуіп, ал нөсер раушан екті.
Сай үстін әрбір мұнар жапқан кезде,
Жүз толқын қызыл гүлдер басты лезде.
Бұлар сол – үр қыздары түнде кеткен,
Әкелді тақты асылмен жалт-жұлт еткен.
Алтын тақ көк майсаға қонды қайта,
Бүркеді тақты жібек, қымбат қамқа.


Сұлулар бастап кетті мәз думанды,
Ән, күлкі жадыратты үнсіз маңды.
Жайнатып түн шырағы қыздар тұрды,
Ортаға абзал ханым кеп отырды.
Бұйырды тап деп мені қыздарына,
Қайтадан отырсын деп өз жаныма.
Разы боп шақырғанға келген шақта,
Мінгізді кешегідей мені таққа.
Алдыма жайды жасыл дастарқанды,
Дәм, шарап қойылды да шамдар жанды.
Аш қарным тойып, қандым сусынға да,
Үндесті тамырларым жіпсіп қана.
Өзекті шарап өртеп, бас айналды,
Шараппен махаббат та жайнай қалды.
Түрікназ төкті тағын мархабатын,
Оңаша табайын деп жан рахатын.
Қыздарға ымдап қасын, қалды қағып,
Кетсін деп, сырласуға біздер қалып.
Жүректен ынтық отым миға шапты,
Ал миым, балауыздай жанып жатты.
Шыдамай қызды белден құшақтадым,
Төсіне төсті басып, босатпадым.


Патша қыз кешегісін айтты сонда,
«Біздікі емес бұл түн, сәті алда.
Қанағат тапсаң салқын сүйістен сен,
Бұл түні тек сүйе бер, тиіспе сен.
Аз мәзір, көп нәзірге жеткізеді,
Нәпсіге құлды пақыр еткізеді».
Күңк еттім: «Тапшы, патшам, бір айласын,
Шерлі боп тұңғиыққа батты басым.
Мұнайдай қара шашың, жылан бұрым,
Ессізбін, лайықпын мен саған, шыным.
Бұғаула жынданбасын десең мені,
Сор тұтқын тор бұзбасын десең тегі.
Түн өтіп, таудан әне, сезілді таң,
Апырау, бітпес назым қайтып айтам?!
Немесе өлтір мені аямай-ақ,
Қанжарым, міне, тұрмын басты таяп.
Жоқ, білем тоғысы бір өміріңнің,
Сен бұлақ болсаң, мен де соның мөлдірімін.
Сусадым, нәр бермесең құримын мен,
Өмірім желмен ұшқан қиырмын мен.
Медет бер өліп барам, деп бер маған.
Нәр іздеп, суға батып ағып барам.


Күткізіп, ұзақ мені қинамашы,
Нәріңнен бір жұтым бер, бұлдамашы.
Қадалсын инем жылдам жібегіңе,
Әйтпесе күл себем көз тілегіне.
Есегім қисайған жоқ, месі мінсіз,
Құс түнде гүлде қонып, ұшар күндіз».
«Бүгінше бағын!– деді сұлу,– соған түсін
Шабдиздың тағасы отта қыза түссін.
Тартынсаң мақсатыңнан бүгін түнде,
Ұстайсың шамшырақты өшпес мүлде.
Бұлақты сатып бүгін тамшыны алма,
Бүгінгі у болар да – айналады ертең балға.
Нәпсіңді бүгін кілттеп, тынсын жаның,
Сол үшін бақыт табар келер шағың.
Сен сүй де сипалашы шашымды өрген,
Ойнарсың күңдеріммен нәпсіге ерген.
Бағың бар –несіне сен бақ іздейсің?
Құсың бар – құсқа неге өзеурейсің?
Кетемін қазір сенен – ойла, шырақ,
Бәрібір берілемін – кейін, бірақ.
Торыңа түсер балық терең көлден.
Ал айды ұстау қиын дәйім қолмен».


Шабдиз – Хорсоу патшаның дүлдүлі


Байқаймын ару мені алдандырып,
Көп сөйлеп сақтанады, ойландырып.
Шараппен сілекейін бірге жұттым,
Нәпсімді ашпай отқа күйіп күттім.
От сүйіс жалын шарап, жанымды өртеп,
Мәжнүн болып қайта, алқындым тек.
Сиқырлы түрік қызы мені аяп,
Жұбатты от жалынды ернін таяп.
Тағы да нөкер қыздың берді бірін,
Бассын деп жалынымды құйып нұрын.
Шатырға кеттім тағы сол бикешпен,
Жүректің отын бастым қайға кешкен.
Кілемде ойнақтадым перизатпен,
Таң түннің жамылғысын сырып көктен.
Түн – сыршы жарып бояу құмырасын,
Күн шықса көгалда тұр жалғыз басым.
Мейлі, тек арманым сол,– тұрдым қарап,
Тезірек түн оралсын жұтып шарап.
Қытайдың перизатын құшып, сүйсем,
Жүрекке жүрек қосып, жанып-күйсем.
Рахаттың балы толы түн де келді,
Жайнады ай-жұлдыздай тағым енді.


Осылай түндер өтті мәз думанмен,
Ән, күлкі, ессіз сүйіс, мол шулармен.
Кеш болса, алау, әндер, шаттық шарап,
Түн ауса қызды берді маған қалап.
Күндіз – бақ, рахат жайым болса, ал түн –
Пейіштей мускус жері, үйім алтын.
Жәннәттің патшасындай құштым айды,
Алдыма бар тілектің бәрін жайды.
Ал мен бір тәубесіз жан – уһледім,
Ләззатқа батып өзге нәр іздедім.
Өтті шақ, отызыншы кеш те жетті,
Мускусті көлеңкесін көк келбетті.
Бұйра бұлт әнбірәлі көкте желпіп,
Тұлымнан ай ғашығын тартты елтіп.
Жұпарлы желмен нөсер шауып өтті,
Сай-сайға селебесін жауып кетті.
Шу шықты, даң-дұң дыбыс көкке жетті,
Жайнатып орман сайды күн жарқ етті.
Көгалға қырқын қыздар қойды тақты,
Әнші мен бишілері сылаң қақты.
Патша қыз келді, міне, күн сипатты,
Кеудесін қолаң шашы бүркеп жатты.


Сыңғырлап сырнай керней шықты саздар,
Наз қолмен құйды шарап, сақи қыздар.
Патша қыз айтты нөкер қыздарына,
«Досты тез әкеліңдер, қазір мұнда...»
Тапты да мені бұлақ жиегінен,
Әкелді падишама сүйіп-күйген.
Бас иіп отырдым мен оң жағына,
Бұрынғы ынты-зарым лаулады да.
Махаббат оты өртеп естен тандым,
Арқандай бұрымынан ұстай қалдым.
Ару тез бау бұрымын тартып қалды,
Мәжнүнді өрімімен орап алды.
Шырмалған шыбын болдым өрмегінде,
Арқанмен жүргіш болдым өрге түнде.
Есектей арпа көрген құтырдым мен,
Жындыдай елтіп айға жұтындым мен.
Ұрыдай жаттың құмар күмісіне,
Дірілдеп қолды создым гүл мүсінге.
Аймалап ақ мүсінін әлсіредім,
Сонда ару артты маған ақ білегін.
Қызғанып сүйді ару қолымнан тек ,–
Сол қолым асылына қонбасын деп.


Бекілген есігіме қол да созба,
Жетпейді оған тіпті, ұзын қол да.
Кенімнің кілті берік, мөрі мықты,
Сол мөрді күшпен жұла алмайды
ешкім тіпті.
Дараққа ие болдың шыда, шынық,
Хұрмасын жұлмас сынар шыбық.
Шарапты іш, келер сосын қуырдағың,
Таңды күт жайнар бөлеп нұрына күн.
«Уа күнім дедім оған,– бағымдағы,–
Көзімнің нұры мен сен шамшырағы!
Раушаны ақ жүзінің ақша гүлдей,
Қатайшы, қасыңда мен ессіз жүрмей.
Көрсеттің сусағанға суды нұсқап,
Содан соң дедің: «Ішпе, аузыңды жап.
Тағы да жанымды сен салдың отқа,
Ақ таға қайтып отта шарпылмақ па?
Жүзгенін айдын теріс бөгермін бе?
Зәрремен күнге тозаң төгермін бе?
Қолымды қайтіп тартам қолға түссең?
Азапты қайтіп шегем – сен сүйіссең?
Ал, міне, ерініңе тиді жаным,
Сүй тістеп! Салқын сөзге шыдамадым.


Қайтемін, түсті теңім түйедегі,
Рахым ет, көп қинама, сүйе мені.
Аспанның аш қасқыры қаһарлы көк,–
Қасқырша талап мені қояды жеп!
Тап берер маған тажал арыстан да,
Пардустай күл болармын жер құшқанда.
Ашпасаң босағасын асылыңның,
Азаптан күйіп өлем басып мұңым.
Болсайшы патшалардай мейрімі кең,
Назымды ұқ, аямасаң құримын, мен.
Бітті әлім... енді менен кетті шыдам,–
Деді ару! «Тоқта сордан алып шығам,–
Басамын ынтығыңды, бақсың маған,
Сен менің әміршімсің, күңмін саған!
Сай болмас жұпыны сый – сендей затқа,
Табарсың соны кейін сәтті шақта.
Бүгін сен аймала да көр рахатты,–
Төсімді, ерінімді сүйіп қатты.
Тек тиме, інжуіме, оны сақта,
Мың түн бар күткен бізді алғы шақта.
Бақытың сонда. Егер тұрсаң қызып,
Беремін айдай қызды, көрші қызық.


Босат сен етегімді бүгін менің,
Естідім құр дыбысын, түсінбедім.
Дірілдеп – «тиме!» дедім өзіңе мен
Маздады темірімнің от жүзінен.
Дедім мен: «Шекті шертіп тыйдың нәшін,
Талайлар таппай соны қиған басын.
Тапқанда сол асылды жатқан дарқан,
Жүз бөгет болса қолды қайтіп тартам!
Аруым таққа шам ғып, жақшы мені,
Немесе буып мені қақ шегені.
Рахаттың кілемінде берші билеп,
Басымды не төріңде тапта илеп.
Өзіңсің жан-жүрегім, көзім, санам,
Сенсіз тек көрген өмір, көр ғой маған.
Жетсем бір арманыма осы сәтте,
Қияр ем, тірлігімді өткен текке.
Жандыршы шұғылаңды бүгін түнде,
Күйейін, кетсін дертім жанып мүлде.
Тыңдашы! Қаным тулап тұр кеудемде,
Жанымды, шақыр жендет, алсын демде!
Сол кезде қаным қайнап, кетіп есім,
Тап беріп идім қыздың гүл денесін.


Нәпсімді жалын атқан баспады қыз,
Сөйледі – сол отымды басқалы қыз.
Жалынды: «Ертең болар зарыққаның,
Басарсың құмарыңды жарып жаның.
Бір күн ғой, шыда отыңды ертең басам,
Есігін асылымның өзім ашам.
Шыда осы, бір-ақ түнге, бір түн ғана,
Шын ғашық шыдайды ғой, бір жылға да!
Деді қыз, мен соқырдай белін қыстым,
Жындыдай аласұрып, қыса түстім.
Жүз есе өршіп кетті жан құмарым,
Шыдамай есім кетіп жалындадым.
Жырттым да босаттым мен ышқыр бауын,
Аруға ұнамады шыдамауым.
Айтты ол: «Сен бір сәтке көзіңді жұм,
Ашамын асылымды қазір шыным.
Көрсетіп асылымды биле дер ем,
Сонда жет, ләззатыңа ерік берем!»
Осы бір тәтті сөзге елтіп қаппын,
Аруды босаттым да көзді жаптым.
Сендім де наз сөзіне күттім сәтін,
«Көзіңді аш!» дегенде тез бітті дәтім!


Ынтығып аруыма қарап едім,
Көрдім тек – қораб, арқан, қыр белеңін.
Ару жоқ, үр қызының бірі де жоқ,
Күйіндім, салқын желмен желпіндім көп.
Қалған бір көлеңкедей батар күннен,
Түрікназ – күн ғой батқан, батармын мен.
Сол кезде ет сатушы досым келді,
Құшақтап маған көңіл хошын берді.
Ол айтты: «Жүз жыл айтсам сенбес едің,
Енді өзің бастан кештің таптың сенім.
Көрдің ғой құпияны біліп болмас,
«Осыны айту қиын,– білген оңбас».
Өкініш өртеп мен күйіп-жандым,
Қайғырып қара киім киіп алдым.
Дедім мен: «Мұңлы мендей, сорлы, досым,
Ой меңзеп, ұшыраттың шерге тосын,
Дариға, арманым да болды ғайып,
Қараны кию енді маған лайық!»
Басыма қара жібек бүркедім де,
Қаралы қаладан сол кеттім түнде.
Ордама келдім қара жүрегіммен,
Қаралы падишамын түнерген мен!


Есуас құмарлықтың кесірінен,
Айрылдым дүниеде бар несібімнен!»
Шаһ маған осы сырды айтқан шақта,
Ұқсадым, күңімін ғой мен де шаһқа!
Іздедім Ескендірдей хаят суын!
Ай едім қара бұлттай енді сыным.
Қарамен көмкерілді патша тағы,
Қара түс, жақсы гүл ғой бақшадағы.
Балықтың сүйегі ақ, қара арқасы,
Жасқа сән – болса қара шаш пен қасы.
Береді қара көздер әсем сипат,
Мускустың қарасы да келер қымбат.
Болмаса аспан түні қара жібек,–
Сол түнге қояр ма еді айды бөлеп?
Жеті қат көктің өзге әрбір түсі,
Солардан тек қара түс ең күштісі».
Әлқисса, үнді қызы таңғы шақта,
Бітірді бұл ғажапты айтып шаһқа.
Разы боп Кашмир қызын мадақтап шаһ,
Ұйықтап қалды қызды ол құшақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу