16.04.2022
  90


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМНЫҢ ҚЫСҚЫ ТОЙ-ДУМАНЫ


һәм жеті сарайдың салынуы
Аспанға шықты да күн жайнап ақты,
Маңдайынр көк күмбезі жарқыратты.
Сәтті шақ болды сол күн, нұр сәулелі,
Түнертпес оны мәңгі жылдар тегі .
Бұл күні даналарын шақырды шаһ,
Ордасы жайнай қалды сұлу құсап.
Бақ та емес, құрды кеңес ордасында,
Шадыман осынау күн қыс басы да.
Бақтағы жиһаздарды үйге апарды,
Шырақтар сөнді де бақ қараң қалды.
Бұбұлдың тынды үні дымқыл дарақ,
«Әне ұры» деп қарқылдар қарға қарақ.
Қарға мен үнді туыс деген сөз бар,
Үнді де қарақшы1 ғой, ұрлық құмар.
Бұлбұл кетіп, қарғалар қалды бақта,
Гүл орнына тікендер тұр дарақта.
1
Парсы поэзиясында қарға (қарақ) – үнді деген сөз ұқсас аталады. Үнді де
қарға, қарға да қарға ғой. Қарақшыға теңеулі содан.
 Таңғы жел – суретші ғой, жерді кезген,
Оқалап су тікендер тұр дарақта.
Оттың да күшін суық алған ұрлап,
Шұғламен судан семсер соққан шыңдап.
Ал құйын, шапқыншыдай найза безеп,
Ысқырған мұз өзенге қар төпелеп.
Құмырада сүт мұздайды қатық құсап,
Суйиды ыстық қан да, дымқыл құрсап.
Ақ кісті тау жамылған, сай – ақ мамық,
Жалбыр тонды аспан тұр, қылауланып.
Аш қасқыр улы шөптің кезген үстін,
Терісін жұлмалауға қой байғұстың.
Көк майса бұрымдарды жер жастанды,
Құнары паналады қуыстарды.
Химиягер – әлем дарах гүлді алтындап,
Жасырды гауһар отын тасқа қымтап.
Сол даруар райхан гүлді дару етіп,
Құмыраға қойды тығып зәру етіп.
Қою су сынаптай боп ұйыр желге,
Күміс қаңылтыр бүркенер күн келер де.
Шаһ үйін жылы жайнап әйнегінен,
Қыста да төрт мезгілдің әрін берген.
 Алтын шоқпен шұғылалы, жанған отпен,
Мұзды ауа жылып мұнда, суық кеткен.
Жеміс пен шарап мыйды маужыратып,
Балқыған ой мен жүрек балға батып.
Көмірмен қызған алой сандал жанды,
Жалбарынған үндідей жалындалды.
Зардуштың үмметіне от лаулады,
Қуаныш алтын отпен алаулады.
Тас өңеште, тандырда от қалтылдады,
Алтын жібек секілді жалтылдады.
Жалынмен – төс мәуесі көмір лаулап,
Қызуы өзегіне түсті саулап.
Алма боп қызыл көмір сырттай жанды,
Алмұрт боп өзегінде ұрықтанды.
Маржан боп шашылды шоқ қарамайлы,
Түтіні ұшқын атты ақ арайлы.
Қап-қара боп маздады сандал ағаш,
Перизат тұлымындай гүл қара шаш.
Түріктей күннен туған жайнады от,
Зардуштың үмметіне пайдалы от.
От өмір, Жүніс жүзі, Мұса ойы,
Әз бағы, Ибрагимнің Иса тойы.
 Қара мускус боп түсті көмірге дақ,
Мыс айнаға түскен бір кіршік құсап.
Баһрамдай от жайнады қараңғы үйде,
Жайнаған гауһар тастай тар үңгірде.
Алау от асыл тастай көзді шақты,
Сары, қызыл, жасыл рең жарқыл қақты.
Оты боп жас арудың шалқып ұшты,
Ұшқындап алқа шоқтар мускус түсті.
Алтын мен ақ жалынға үй масайрап,
Алмұрттай шешек атқан кетті жайнап.
Той үйі ақ жібекпен торқаланып,
Қырғауыл, бөденелер шоқта жанып.
Қуырған бала аспаз, болған әккі
Құстардың қауырсынын жұлып жатты.
Сары шоқ ұқсады бір алтын қорға,
Ал түтін – ұқсап кетті айдаһарға.
От ұқсар һәм дозаққа, һәм ұжмаққа,
Пейіші – сәуле, дозақ қой жанған шақта.
От – ая дозаққа сол түскендерге,
От – пейіш, қыл сираттан өткендерге.
Зардуштың көне Зенді атты мақтап,
Пірлер жүр көбелектей отқа қаптап.
 Жалтыр мұз от шарпыса су боп кетер –
Неге от – деп атадық біз, бекер, бекер!
Орданың шатырлары тік түрілді,
Кипаристей асқақтап көтерілді!
Қырғауылдың қанындай қызыл шарап,
Құйылып ауыздарға жатты тарап.
Құстарды көк қауырсын тастап жатты,
Қабабқа вәхир жылдам баптап жатты.
Сақталған құмырада шарап көп жыл,
Жалындай – дымқыл және судай мөлдір.
Ол кезде соқырлар да ішкен аздап,
Қуырылған киік еті отта маздап.
Қыстың сол құтты күні думан тойлап.
Баһрам шарап ішті парқын ойлап.
Бал шарап, құс қуырдақ, достар, ән-күй,
Қыс болса сол думанды сүйем ылғи!
Жымиған қыз ерніндей шарап реңі,
Бір жұтсаң – суығыңды сиретеді.
Ән-күймен меймандардың миы қайнап,
Жүректер балауыздай балқып, жайнап.
Шадымнан данагөйлер шарап сілтеп,
Қисынды қызу сөздер кетті гулеп.
 Бәрі де шын пейілмен мақтап шаһты,
Алғыспен ғайып сырын айтып жатты.
Алтынның тізбегіндей сөз сабылып,
Өзендей алғыс сөздер келді ағылып.
«Падиша, жер жүзінде тағың биік,
Аспанға атақ-даңқың жетті тиіп.
Бөледің жұртыңды сен әділ заңға,
Мұндай заң болған емес, бұл ғаламда.
Күн басыңмен сен бізді жарқыраттың,
Бақытпен нұрын бердің жарқын шақтың.
Әр үйге ырыс келді, молдық келді,
Қорғадың бізді жаудан сақтап елді.
Біз енді хауіпсізбіз, байлық та бар,
Бәріне де ризамыз болсын тек ар.
Тыныштық, тоқтық, болса үйімізде –
Қажет пе інжу, гауһар тегі бізге?
Түспейік қаһарына көктің ғайып,
Сұқ көзге сақта тәңір шалынбайық.
Аспанға сиынамыз, біздер налып,
Болсын деп әмсе, бізге жұлдыз жарық,
Алда да бақыт бізді орай берсін,
Қуаныш бейбіт нұры арай берсін!
 Әулие жұлдыз жебеп шаһ үйінен,
Кетпесін рахат дәні жел-құйынмен.
Жаса шаһ, мәз думаның арылмасын,
Сен үшін етер пида халқың басын!»
Осылай баршалары жалбарынды,
Әр мейман жүрегімен шын жарылды.
Сұқбаты ізгілердің қызық өтті,
Шаһ үйі ыстық сөзбен жылып кетті.
Отырды бір жат жұрттық түсі бөлек,
Маңғаз ол төре тұқым болса керек.
Ол күндей жүзі нұрлы Шида аты,
Суреткер, сезгір сұлу, жан сипаты.
Білгірі әр ғылымның сегіз қырлы,
Сәулеткер, асқан шебер, көп сиқыры.
Тастарды жаныды ол балауыздай,
Көп жасар әлеміші әрін бұзбай.
Қашап ол сарайларды өрнектейді,
Дуалға ғажайыпты суреттейді.
Қарасаң ол жасаған ордаларға,
Фархад пен Мани болар таң соларға!
Дарытқан яздан оған бұл өнерді,
Баулыған Симнар өзі сол зергерді.
 Нұғманға Симнар сарай салған кезде,
Болысқан сурет салып сол күмбезде.
Бұл Шида жақсы көрді Баһрамды,
Ұнатты парасатты сергек жанды.
Орнынан тұрды да ол сол бір шақта,
Бас иіп ұшпу сөзді айтты шаһқа.
«Егер шаһ лұқсат етсе, берсе жарлық,
Ираннан кетіремін мінді барлық.
Ғалыммын ашып жүрген аспан сырын,
Ғайыбын жұлдыздардың ашқан бұрын.
Туғанда аян берген оған дарын,
Үйреткен шеберліктің Симнар бәрін.
«Болжадым жұлдыз сырын көк жүзінен,
Аспаннан шаһқа қастық жоқ сезілген.
Фәнидә тағдыр жазған жасауға ұзақ,
Қаһардан қорықпасын, алдияр шаһ,
Жанындай сау болады денесі де,
Көктегі Лушадай жер өресінде.
Берілді маған аян пір қолдады,
Орнат деп шаһқа лайық жеті орданы.
Аспанның ал деп нұрын жеті арай,
Болсын деп жеті түсті жеті сарай.
 Жеті қыз шаһқа тиді, жеті нұрлы,
Елінің сипаты бар жеті түрлі.
Сай болсын әр аруға сарай түсі,
Жайнасын жеті жұлдыз, күн, ай түсі.
Орай ғып күн мен жердің өзгерісін,
Жаңартсын жеті сайын өзге түсін.
Шаһ рахат тапқан шақта бір жарымен,
Жайнасын сол жұлдыздың ажарымен.
Осынау кеңесімді құп алса шаһ,
Әр кісі қанаттанар айға шырқап.
Патшалық шарапаты кетер тасып,
Алаңсыз шаттық рахат көңілін ашып».
Шаһ айтты разымын сол жеті орда,
Алтынмен жарқырасын гүл орманда.
Ал мен бір сәт кетпеймін бе, тәңір жаққа,
Несіне әуре болам салтанатқа?
Салмақсың жеті орданы арнап маған,
Жұмақтай ішкі жағы дәл аумаған.
Нәпсім тек сол жайларда жай таппай ма,–
Қай үйде жалбарынам мен құдайға?
Ләззатпен масайрасам көп сарайда,
Тауап үй қайда маған, құдай қайда?
 Бірақ шаһ мұным теріс деп ойлады,
Шәкшілмін әрнәрсеге маңайдағы.
Естір сол жаратушы жер мен көкті,
Қай жерде оқысаң да ақ тілекті.
Соны ойлап шаһ шебермен таласпады,
Рухтанып теріс ойын аластады.
Симнардың өрнегінен көрген өзін,
Қоршаған перизаттар қадап көзін.
Сондағы ақ мұраты болды ләзім,
Жар болып жеті жұлдыз төкті назын.
Шиданның қонды сөзі жүрегіне,
Ол сабаз сәуегейдің бірі еді де.
Бірақ шаһ айтпай сырын ол күн бүкті,
Шидаға сездірмеді сәтін күтті.
Жанымен сеніп тағдыр жұлдызына,
Шеберді шақыртты ертең құзырына.
Үлгісін жеті орданың өзі қарап,
Құрылысқа керек затты айтты қалап.
Пұл берді, адам берді жеткілікті,
Құрылыстың басталатын сәтін күтті.
Сарайды салар шағын күтті бірақ,
Сәт шағын жұлдыздардың тосты шыдап.
 Тылсыммен болжап шебер жұлдыз баққан
Дәл тапты сәтті күнді өзі ұнатқан.
Әуелі құдіретке оқып дұға,
Негізін бір сарайдың салды Шида.
Екі жыл жеті орданы салып бақты,
Сәріден орман барып ағаш шапты.
Сәулеткер қандай ұлы шебер дерсің
Ғажайып сарайларға сүйсінерсің!
Өзінше әр орданың сыр-сипаты,
Бұл ары, шебердің шын ілтифаты:
Баһрам көрді бақтан жеті орданы,
Жеті көк күмбезіндей жарқын бәрі.
Симнарды өлтіргені Нұғманның –
Аузында жүрген еді бар жаһанның.
Барша жұрт Нұғманға айтқан нәлет,
Сабазға Симнар сынды салған әлек.
Шидаға төгіп Баһрам шапағатты,
Сыйлады бай шаһарды Бабек атты.
Шаһ айтты:– Нұғман жаза басқан шығар,
Хақым жоқ оны қазір даттап сынар».
Симнарды сараңдықтан өлтірді ол,
Жомарт боп шаһ берген жоқ гауһарды мол.
 Ежелден рәсімі ғой фәнидің сол,
Біреуге түсер олжа, біреуге сор.
Сусаған кетер суға сарқып күшін,
Сыйлықты алды Шида, Симнар үшін!
Атар таң біздер үшін қараңғы ғой,
Пендені тағдыр билер – амалды қой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу