16.04.2022
  121


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ ЖЕТІ ПАДИШАНЫҢ ҚЫЗЫНА ҮЙЛЕНДІ


Көп қиын жорықтардан шаршаған шаһ,
Берілді жан рахатқа шадыман-шат:
Әуелі жұрт мүддесін қамсыз етті,
Содан соң өз ісіне бұрды бетті.
Иранның жауларын ол ойрандады,
Дүниеден ләззат іздеп жайраңдады.
Бұрынғы жан рахатын алды есіне,
Ұмытты әуре істің әммесін де.
Жеті арайға жайнаған Аржан сынды,
Фаварнак, жеті сипат тартты сырды.
Ол, міне,
жеті ғайып сырын ашты,
Жеті отпен ғашықтықтың шоғын басты.
Біріншісі – аруы Кейдің асқан,
Айрылған әкесінен бала жастан.
Гауһарын өз затының алды қалап,
Мың түрлі жиһаз беріп,
зор бағалап.
 Қытайдың қаһанына елші шапты,
Нәшінде сұсты сөз бар, алып хатты.
Қызы үшін қазынасын мол ұсынды,
Қосам деп жеті жылда толық сыйды.
Баһрамға берді Қаһан ханышасын,
Берді көп алтын зейнет
қазынасын.
Тап берді бір күн Баһрам
Рум еліне,
Қапыда Кейсар түсті әлегіне.
Баһраммен әлі жетпей тартысуға,
Қызымен қанша қазына тартты сыйға.
Мағрибтың сұлтанына елші салды,
Тарту ғып тәж бен алтын
сыйлықтарды.
Айласы Баһрамның асып кетті!–
Мағриб ханышасы келіп жетті.
Кипарис сұңғақ бойлы өскен кезде,
Жеріне Үндістанның жетті лезде.
Үндінің раджасының елтіп басы,
Баһрамға әйел болды ханшысы.
Елшісі Хорезм келді,
міне,
Шаһ қызы әйел болып кірді үйіне.
 Сақлабтың1 патшасына тарту берді,
Үйіне інжу қызы жар боп келді.
Жеті ықлым патшасының қызын алды,
Шаһ сүйіп жеті аруды қызып-жанды.
Бақыт пен ләззат бөлеп Баһрам шаһты,
Жас шағы наз рахатқа батып жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу