16.04.2022
  83


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚЫТАЙ ҚАҺАНЫНЫҢ ИРАНҒА ШАБУЫЛЫ


Баһрамның гүлдеп даңқы жарқын жайда,
Байлықтан жер көздеген – жеткенде айға.
Қасында асқар ерлер айбат шекті,
Даңқ пен ізгі мұрат жайнап кетті.
Зымиян сойқандар да үнсіз қатты,
Қара су қайғысына бәрі батты.
Бар еді Нарси атты қария бір,
Шаһқа дос, ақылға бай, дария бір.
Дана еді білгір ойы, шамдай жарқын,
Болжаған ғайыптардың алдан парқын.
Гуштасп, Дар патшалар ұрпағы бұл,
Баһрамға мол білімнен шалқытты нұр.
Меңгерді парасатпен шаһ жұмысын,
Сыйлады Баһрам да сол туысын.
Нарсидың болды жақсы үш ұланы,
Үшеуі – шал мұраты, күш ұжданы.
Білімнің кені болды үлкен ұлы,
Бас уәзір етіп қойды, білгір мұны.
 Жүз түрлі сыннан өткен өжет ерді,
Билетіп қойды патша мобедтерді.
Көреген, қиыр жолды көзбен шалған,
Ақиқат өмір жолын барлап алған.
Басқарды ортаншысы қаржы жағын,
Қолында кілт пен саны қазынаның.
Бұл ерді, ақтығы үшін ақша жақта,
Аджамға бастық етіп қойды патша.
Нарсидің кенже ұлы – әскер басы,
Әсілі шаһ қасында жан жолдасы.
Бар істі уәзірлерге тапсырды шаһ,
Оларға сенді патша осы бір шақ.
Үшеуі іспен адал шұғылданды,
Алаңсыз шаһ жасады той-думанды.
Басқарды ол диірменше елін тербеп,
Таратты жұртқа барын қолын сермеп.
Ал сырттан қайрады жау айбалтасын,
Кесуге Баһрамның гүл ағашын.
Деді олар: «Иран шаһы көкіп кетті,
Семсерді – шарап, дінді – динар мансұқ етті.
Күнде мас, масайрайды достарымен,
Күйретер мемлекетін аспаны кең...»
 Талайлар бақыт жолын ойлап кетті,
Көршілер әскер құрып айбат шекті.
Чин1 жақтан һәм Тураннан2 шықты қаһан,
Қарумен бағынсын деп Иран маған.
Тураннан үш жүз мыңдай ләшкер шықты,
Бәрі атқыш, айдаһардай әккі, мықты.
Баһрамның хакімдерін қырып салмақ,
Мавереннахр3 жерін ол басып алмақ.
Жейхуннан асып жетті Хорасанға,
Әскерін Баһрамның құртты сонда.
Пайымдап шапқыншының сол бүлігін,
Білді шаһ әскерінің сорлылығын.
Кетіпті керенау боп көп ерлері,
Ат мінбей, найза ұстамай жауынгері.
Дұшпанға сардарлары сатылыпты,
Сенімді ер қалмапты қазір, тіпті.
Шеттегі уалаяттың ұлықтары,
Қаһанға хат жолдапты құбылтқалы.
Бөлшектеп билеу үшін Иран жерін,
Шаһты құрту сұм ойы әр төренің.
Жазыпты Чин ханына: «Саған құлмыз...
Басып кір! Сүрінбейді, бағың мінсіз!
1
Чин – Қытай.  
Туран – ертеде түріктер мекендеген жерді солай атаған.
3 Мавереннахр – Жейхун мен Сайхун аралығы 
 Әлемді сен билейсің жолың ашық,
Патша боп жарытпайды Баһрам жасық».
Тілесең – басын кесіп өлтірейік,
Болмаса байлап тірі келтірейік.
Жалғанда сезілмейтін құпия бар ма,
Бұл хатты біліп қойды Баһрам да...
Бұлардың сұм ойына шаһ зілденді,
Жер-жерде сұрқылтайға билік берді.
Тасаға кетті өзі – не деймін деп,
Әскерім әлсіз, ханды жеңбеймін деп...
Ұлы шаһ соғысудан қорқып, сасып,
Деді жұрт – тағын тастап кетті қашып.
«Қаһанға тең келе ме?– сұсы басты,
Сондықтан тақтан түсіп, өзі қашты».
Қаһанға жаушы, міне, келіп жетті:
«Баһрам тәжін жұлып қашып кетті.
Иранға патша сенсің, биле жылдам,
Кейлердің жұл тамырын, билік құрған.
Бағынтқан қос өзенді, Хорасанды,
Қаһан сол айтқан сөзге сене қалды.
Мәз болып оңай олжа, тез жеңіске,
Берілді бұл да думан, ғапыл іске.
 Қанжарын қынға салып, жауды ұмытты,
Ән тыңдап, бейқам тұрып, шарап жұтты.
Бұрын ол Баһрамға таққан мінді,
Қайталап, енді оған жұрты күлді.
Ал Баһрам күшін жиып тосқауылда,
Жіберді жансыздарын қас жауына.
Қаһанның әскерлерін шықты шарлап –
Қуатын, қайрат күшін білді барлап.
Паш етті: Қаһан ішіп, ұйқылы мас,
Баһрамға қарсылыққа ол шыдамас.
Сонда Шаһ қалың қолдан таңдап алды,
Үш жүздей сайыпқыран сұстыларды.
Бәрі де көзге түскен майдан сайын,
Айдаһар – дүзде бұлар, суда – жайын.
Анардың үш жүз берік дәнегіндей,
Топтасқан, сенімді күш бәрі бірдей.
Шаһ жауды сездірместен алдап бақты,
Айласын жасырды да, бетін жапты.
Жау бетін бүркеп дымқыл көк түтінмен,
Қаһанның ошағына кірді түннен.
Дұшпанның қадалды тап жүрегіне,
Жау сырын барлап бұрын біледі де.
 Шаһ түнде тап берді хан ордасына,
Шаң бұлты айналып тез бұрқасынға.
Қаптады қара құйын түн көгінде,
Көрінді әбжылан боп жау көзіне.
Тау, дала қарауытты қарға болып,
Ай, жұлдыз түнек көкте қалды сөніп.
Қаһанның шебі састы жауды көрмей,
Жүз мың мас негр түнде лап бергендей.
Ажал мен көр тозаңы бұрқап кетті,
Түнекте турандықты шырмап соқты.
Күмбез көк, қара жібек торын жапқан,
Ұқсады құмыраға мұнай жаққан.
Сол түнде әнбірәдай күңгірт түсті,
Құйындай жауға Баһрам тиді күшті.
Түйілді Чинға Баһрам көк жасындай,
Түйрелді болат қылыш, найза сынбай.
Қапысыз садақтан ол жебені атты,
Жебесі қытайларды домалатты.
Жебесі мір оғындай тасты кесіп,
Шар болат кіреукені өтті тесіп.
Болса да қан жаралы, көрмей жауды,
Турандар оқ ата алмай, естен танды.
 Шуласты «келген ажал – бұл дозақтан!»
Оқсыз-ақ жара салып, қан жалатқан».
Алыстан жаудың шебін атты абайлап,
Баһрамның қолы ширап, шекті айбат.
Қара теңізінде жауды құрсап,
Үйілді Чин сүйегі тауға ұқсап.
Қашқан жау денелері жатты жайрап,
Қара жер аққан қанды жұтты жайнап.
Баһрамның сұр жебесі қадалғанның,
Басынан ұшты рухы шыбын жанның.
Таудан күн жарқ етті де, қызарды таң,
Ұқсап бір шіләпшінге аясы қан.
Қан жұқпаған семсер мен леген бар ма
Семсер, леген бар жерде ағар қан да.
...Сайларда қан өзендей шалқып ақты,
Жер беті қызыл қанмен шылқып жатты.
Тынбады, таң атқанша қызды майдан,
Күн емес, от пен жалын ашу жайған.
Жебелер бұлтты қуып ызың қақты,
Ысқырып әбжыландай жалмап ақты.
Жұлқынды бұл шайқаста Баһрам шаһ,
Шарқ ұрып алмас жебе жауды жайпап.
 Соққанда қылышымен дулығасын,
Атының кеудесінен жұлды басын.
Шүйілді қытайларға қырандай тап,
Болатпен қағып түсті ерден шайқап.
Сескенді қаһарынан қалың дұшпан,
Қашты олар тым-тырақай әрбір тұстан.
Үш жүз ер оларға тым көп көрінді,
Үш жүз мың бұлар қалың топ көрінді
Қаруын тастап қашты жауынгері,
Мұқалды мысы құрып жау жігері.
Баһрамның құрыштары жарқылдады,
Түріктің қарулары қалтылдады.
Қытаймен бірге қуды Турандықты,
Жау ойран болар сәтті Баһрам күтті.
Қу құмға қуып салды жауды қоршап,
Сәріде бұлтты қуған дауыл құсап.
Шаһ сонда айтты үш жүз сарбазына,
«Сендерге түскен олжа бар қазына!
Тағат жоқ тынығуға, өрендерім,
Қаһанның құрту керек төрелерін!»
Лап берді үш жүз ері арыстандай,
Айдаһар қолдарына қарысқандай.
 Қисапсыз Чин әскері ессіз қашты,
Айрылып ар-намыстан ажал басты.
Сол қолы ерте зытып, оңы қашты.
Бір тобы дөң сыртында топырласты.
Сол топқа атой берді қаһарман Шаһ,
Қаһанды ойрандады сонда қоршап.
Осынау арыстандар құрыш тырнақ,
Дұшпанды шеңгеліне алды шырмап.
Заххақтың жыланындай жебе шұбап,
Шұрқырап жаралы аттар қашты зымырап.
Ойларсың ертегіге бұл ұқсар деп,
Жейхуннан әрі қашты түрік лек-лек,
Қытайдан көп қазына олжа тапты,
Дабирлар санын білмей басы қатты,
Мавереннахр аршылды, дем алды Аджам,
Жұртына шарапатын иді Баһрам,
Еліне жеңімпаз шаһ өктем келді,
Халқына қайта бақыт көктем келді.
Батагөй мақтап тағы қипаңдады,
Шаһ алдын сақалымен сипалады.
Шаһ үшін чанға қосып айтылды өлең,
Пехлеви ділмарлары төккен ерен.
 Сайрады шаһ алдында арабтар да,
Рубабтың қосын жырын мадақтауға.
Бұл патша ақын жырын сыйлап өткен,
Сый берген жақсы жырға зияпатпен.
Қастерлеп сол бір күнді шарапатты,
Язданға құрмалдықтың отын жақты.
Етектен – гауһар, қалқаннан – алтын төкті,
Шырақшы абыздарға көп сый етті.
Қаншама алтынды шаһ жұртқа берді,
Жарлылар жарылқанып бір кенелді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу