15.04.2022
  106


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ-ГУРДІҢ ӘДІЛ БИЛІГІ


Отырды ұлы таққа шаһ Баһрам,
Иранға сәулет беріп шат-шадыман.
Жеті алтын таған тағын тұр көтеріп,
Жеті зерлі белбеуі көрік беріп,
Қос түсті қытай тәжі тұр басында,
Румилық қамқа шапан арқасында.
Румнан ол ізгілікпен алым алып,
Төледі Чин қаһаны оған салық.
Көрсетіп фак, мүскінге қамқорлықты,
Күйретті жауыздық пен жемқорлықты.
Ордасы құлпын ашты мұң қапастың,
Бөледі шарапатқа ол қол астын.
Гүлдеді патшалығы тапты рахат,
Мүмкін жұрт тыным алды жайбарақат.
Қой қоздап, мал молайды аймағында,
Түзге өрлеп шалқыды су қайнары да.
Миуалар дарақта мол толқындады,
Ділдалар саф алтыннан жарқылдады.
Баһрам шаһ барша істің біліп сырын,
Сұмдықты ашты терең көп жасырын.
 Шаһ ісі ғибрат болып әкімдерге,
Барша Иран алға басты, гүлдеп өрге.
Әкесі билегенде сорлағандар,
Масайрап сарайына толған солар.
Қазына қамалдарды билеп сақтап,
Жүргендер шахта кілтін берді жақтап.
Хош алып келген бұйрық жарлықтарды,
Әр әкім шаһ ісіне шабыттанды.
Ісіне патшалықтың жұмылды шаһ,
Халқына игі тілеп күшін жұмсап.
Күйзелген мемлекетін түзеді де,
Әкелді босқындарды өз еліне.
Қойларды сұм қасқырдан бақты сақтап,
Сұңқар мен кептер өсті қатар баптап.
Ол ескі сойқандықтың шуын басты,
Хайуандық, зұлымдыққа күрес ашты.
Ойрандап, дұшпандардың таянышын,
Достардың жебей берді адал ісін.
Адамдық қасиетті етті ғибрат,
«Ізгілік пендеге хас, зәбірлік жат».
Қорлама, балағатттап залымды да,
Онан да өлтір жылдам жалындырма!»
 Кешпесең күнәларын мейірім ашып,
Имансыз жауыздарды өлтір асып.
«Дүре мен қорлау – сұмдық асқан шектен».
Тартты шаһ жұртты өзіне ғаделетпен.
Жаны ұлы, сақилығы болды күшті,
Мейірімі әр пендеге бірдей түсті.
Қайғыға берілген жоқ Баһрам бірақ,
Берілді думан-тойға шадыман-шат.
Фәнидің баянсызын түсінді ол,
Жүрегін жан рахатқа ұсынды ол.
Аптада бір күн іспен шұғылданды,
Алты күн – ләззатқа тек қиды жанды.
Махаббат есін алды, төзім кетті,
Есігін махаббаттың дүбірлетті.
Махаббат арбамаған пенде бар ма?
Өмір жоқ махаббатсыз тұл жандарда.
Дүниеде ол махаббатты ардақтады,
Ғашықтар сарайында бұлғақтады.
Ғарышқа жерден шалқып даңқы кетті,
Биледі ол кең әлемдей мемлекетті.
Бұл тұста тықсырылды дүре қылыш,
Ағылды қазынаға алтын-күміс.
 Аджам мол мәуелі болды бір бақ,
Баһрам мейрімді күн – шамшырақ.
Аян іс билеушіге – құлға жат қой,
Аздырды күншілдерді алапат ой.
Алласын ұмытқанды – қаһар соғар,
Адамға мейрімсіздер апат болар.
Байыса пасық сондай пітнәлар,
Құдайға тәубә етпей қырсықтанар.
Ал бір күн сол байлығы құрып қалар,
Темір, от, қан мен бейнет – соры болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу