15.04.2022
  75


Автор: Қалижан Бекхожин

ИРАН ПАДИШАСЫНЫҢ БАҺРАМ–ГУРГЕ ЖОЛДАҒАН ХАТЫ


«Есімімен жер мен көкті билеушінің,
Ақ жолды адасқанға сілтеушінің.
Есімімен бар ғаламды жасағанның,
Меңзейтін бақ жұлдызын барша адамның.
Мұқұмы әмсе жиһан бұл жердегі,
Аспан мен ауа, теңіз, тау өрлері,
Баршасы – ғайып, даңқ, шалқар көңіл,
Сипатпен Алла берген тапқан өмір.
Дүниеде тірлік еткен титімдей жан,
Алланың іңкәрімен қимылдаған.
Құдайдың біз шешпейміз түйіндерін,
Құдіретін егер мадақ биікте күн.
Ол қожа, бағынышты жер мен заман,
Бар тірлік тағзым етер мәңгі оған».
Осылай бісміллә деп сөзді бастап,
Жалғады хатшы былай ойды тастап,–
Мақтады Яздигер мен Баһрам-Гурды,
«Уа, таңның ақ жұлдызы, асқан нұрлы,
 Ұрпағы патшалардың қасиетті,
Ер шаһсың, әділетті ақ ниетті,
Мен өзім Хосроудың өр затымын,
Дұшпаннан тайынбайтын мен батырмын.
Қаһарман, мен пірімін мобедтердің,
Силайды сақалымды жұрты жердің.
Хақ жазды ерлігіме мәртебені,
Бермес хақ тақты құны кемге тегі.
Тәж кидім, берік мәңгі тағым мінген.
Ешкімге сындырмаймын сағымды мен.
Аджамда пәрменім зор, әлім күшті,
Біл, маған жын-перілер бағынышты.
Ел қамы ақылымды қинап тұр тек,
Балымен патшалықтың уды бүркеп.
Толы еді қайрат күшке өткен шағым,
Жарқырап жанушы еді шамшырағым!
Ұқсаң ғой қарт ақылын, патша бала!
Тақ түбі үрей шыңырау, қас айнала.
Көп ойлап таққа шыққым келмеп еді,
Көндірді жеделдетіп көп тілегі.
Қаумалап Иран елі патша етті,
Көрсет деп жат жұрттарға көкіректі.
 Ант еттім жаудан елді қорғаймын деп,
Парызым билік емес, қорғау ғой тек.
Ескі бір нақылды еске алмай болмас,
Жаһанды билеуге ынтық өзіне қас.
Ашқарақ емессің сен ел билеуге,
Өзгеше құмарлық бар жанға сенде.
Сен үшін кебаб артық шоққа піскен,
Патшалық әуре-сарсаң қиын істен.
Бір жұртым шарап, сайран, ессіз думан,
Тәңірдің мол сиы ғой біз аңсаған.
Алаңсыз думан құрып, аңды қуған,
Сол артық – билік зілмен малтығудан.
Бақыт пен рахат сайран сый-сипаттың,
Өзгеге арт фәнидің мехнатын.
Күнімен аң аулады, түнде думан,
Шарап іш, балды жұтып ұйықта бейқам.
Ал өзім айрылдым жер қызығынан,
Дос үшін дұшпанды ойлап сыр бұзылған.
Сол үшін қайраулы тұр көк семсерім,
Қорғауға өз тағымды күресемін.
Ал сені тәңірім өзі жарылқасын,
Мұндайды ойлап пейлің тарылмасын.
 Уа, Шаһзада, мен, сірә, сендей болсам,
Іске мен жоламас ем әуре-сарсаң.
Берілер ем қызық пен шат-думанға,
Шарапқа, ән мен жырға, шығып аңға.
Мен сені ғибратсыз деп кемітпеймін,
Тартады жұртты сенің кең, құт пейлің.
Салтынша баяғының талассыз-ақ,
Сенсің тек таққа мирас жалғыз ұрпақ.
Бірақ та болды әкең жауыз тантық,
Кейлердің тәжі енді болды мансұқ.
Жұртына қаһар шашты қырсық әкең,
Иранға күнәкәр ол, қасына тең.
Ол шаһтың сойқандығын білген әлем,
Жұрт оны, «Яздигер сұм, жауыз» деген.
Жасады шексіз зорлық, қорлық елге,
Бар Аджам аһ ұрады ол дегенде.
Ешбір жан мадақтамас әулетіңді,
Халқымыз қайталамас нәубетіңді.
Ираннан сый табуды көрме ләзім,
Кейлердің мансабынан безін өзің.
Сен аптықсаң айналаң алауланар,
Құр жұлқынсаң өз басың жадау қалар.
 Қазынадан алтынды аямайын,
Шаһқа лайық ал сыйды, бол ағайын!
Ғұмырыңа жетерлік енші бөлем,
Өз дүниемді тарылмай түгел берем.
Мұқтаж болма дүниеге ал бәрін де,
Патшадай боп байлыққа бұл өмірде.
Егер сен бізде патша бола қалсаң,
Мен разы сенен соңғы билікті алсам.
Егер де жақтырмаса мені халық,
Таққа мін жанжалсыз-ақ рахым тауып».
Уәзірі оқып шықты ұшпу хатты,–
Баһрамды ашу кернеп, жалын атты.
Бірақ ол жас болса да дана еді,
Ақылмен тұсауланды жан әлегі.
Күйсе де булықпады, сабыр тапты,
Ойланып елшілерге жауап қатты.
«Ынта сап тыңдадым мен жазған хатты
Аджамның әкімдері көп толғапты.
Бұлдырлау сынды ой мен сөз астары,
Алайда ойға қонар сөз бастады.
Ақыл мен парасат бар кеңесінде.
Хұп алмай ләзім емес егесуге.
 Мен үшін бір көрінер күміс тозаң,
Дүниеде тек ізгілік қымбат маған.
Әйтсе де атамыздан қалған тақты,
Бере алман өзге жанға тас сияқты.
Шаһ әкем тәңірсіді тар қып пейлін,
Ойға – хас, хақ қасында зәрре деймін.
Өзгеше зерде берді маған Алла,
Ынтықпын мансапқа емес, мен адамға.
Күнәм жоқ жазғыруға бұл жасымда,
Ұлы айып тартпас, әке күнәсіне.
Қаһарлы шығар әкем, ұқсаман мен,
Лағылға жол ашылар тапса кеннен.
Түн ауса, жайнап ертең күн де туар,
Гауһар да қара тастан қорытылар.
Әкемнің әруағын мінеу жөн бе?
Алланың әмірімен өлген пенде.
Зорлықшы болса да жай өлген шығар,
Өлген соң жамандауға не қисын бар.
Уәсуаса айтқандарды тыңдар сол жан –
Ізгі емес, жанын басса ойлар жалған.
Бітімі пасық жандар сөйлер тантып,
Солардың сөзін тыңдау – есалаңдық.
 Әке ісін әруағына тапсырайық,
Мен білмеген істерін паш қылмайық.
Тілер ем, әкем үшін сөкпесеңдер,
Күнәсін кешіріңдер, кек етпеңдер.
Ғайбана түстерге мен көп арбалдым,
Думаннан бездім енді қайта аяндым.
Бақытын тағдыр жазып қойған пенде,
Көп ұйықтап тұрар іске киліккенде.
Ұйқыдан безе көрме!– бұл дана сөз,
Ұйықтай бер, оян бірақ, келгенде кез!
Иә менің бейбіт ұйқым болды ұзақ,
Түспепті бақытыма бірақ дұзақ.
Берді ғой сергек бақыт маған аян,
Ұйқыны көзден қуып, деді – оян!
Сендерге сая болам, ақ жүрекпен,
Арылған арсыздықтан жан жүдеткен.
Бейбастақ безерлерді тиямын мен,
Ақылды іске жанды қиямын мен.
Мен жұртқа зәбір-запа көрсетпеймін,
Тыңдауға ел ақылын сергек пейілім.
Кешірем аз күнәні ісін сыйлап,
Ешкімнен кек алмаймын жанын қинап.
 Өткеннің күнәсіне – өш алмаймын,
Уақыттың ақ ісіне әсте саймын.
Жұртыма әділдікті бұлжытпаймын,
Ешкімнің қазынасына қол сұқпаймын.
Ешкімнен алмаймын да артық салық,
Жүрекке қазына кетер қастық салып.
Ізгі ойлы адамдарға берем ырық,
Сұм ойлы жандар болса – жоям қырып.
Тағылымды аламын мен, даналардан,
Беземін пейлі бұзық шалалардан.
Қапа боп қалмау үшін хақ алдында,
Әділ боп, ел бүлігін басармын да.
Қырағы бақташыдай малын баққан,
Сақтаймын ел тынышын бейбіт жатқан.
Диханның нанын тартып мен алмаспын,
Мұқтажға дәм сыйламай тұра алмаспын.
Ізгілік жолға бастап басын аттың,
Жынына арбалмаспын кесапаттың.
Істерге тәңір өзі қаламаған,–
Біреудің нұсқауымен болман алаң.
Баһрам сөзін бітті, кәрі мобед,
Бипаздап жауап берді сөзін елеп.–
 «Түсіндік, шаһ екенсің шын ақиқат,
Даналық сөздеріңе жанымыз шат.
Бізге сен ақылыңмен жақын тұрдың,
Ақылмен жүрегіңе сөз тұндырдың.
Баршадан асқан ұлы сайыпсың сен,
Болуға бас бақташы лайықсың сен,
Саған хас тәж бен тақ тумысыңнан,
Туғанда-ақ шаһ билігін хақ ұсынған.
Гүштаспа зентін оқып барлайтын да,
Бір өзің Кей тұқымын жалғайтын да.
Бахманның тұқымысың Дар бабаң,
Шырақсың ізгілікке нәр тараған.
Сиямақ бағында сен өскен гүлсің,
Ардашир Бабақаннан қалған нұрсың.
Туғанда-ақ сені шаһқа балағанбыз,
Низамда тәжге ие сенсің жалғыз.
Билеген елімізді мобед біткен,
Қостайды айтқанымды әділдікпен.
Ерік жоқ бірақ бізде, бұғаусыз-ақ,
Антымыз айнытпайды құрып дұзақ.
Мінерде сол бір адам алтын таққа,
Ант бердік бұзбаймыз деп бүлгін Шаһқа.
 Ант еттік басқаны біз шаһ етпейміз,–
Дедік біз ордасынан – бір кетпейміз.
Ұғарсың жанымызды ар тұр тежеп,
Бұзуға антымызды себеп қажет.
Тәңір мен жұрт алдында ақтау үшін,
Ант бұзып, қасіретті тартпау үшін.»
Баһрам үнсіз тыңдап елші сөзін,
Тіл қатты шаһқа лайық ұстап өзін:
«Низамын бұрынғының бұзбау ләзім,
Ойлыға өз антынан безбеу ләзім.
Аджамда тақты басқан менің қасым,
Бала екен ойламайтын кәрілік жасын.
Алармын тәжді жұлып ақ басынан,
Селт етпес айрылғандай тал шашынан.
Көңілім үшін емес бұл талабым,
Бабамның заңды тағын қайтарамын.
Жамшидтен қалған шаһбын ақ тағдырым
Ақ, қара аймақ менің – патшалығым.
Тәж – бен тақ елсіз болса бар ма күшім,
Патша өзі жауапты ғой елі үшін –
Рәсіммен билегенге патшалықты,
Аспан – тәж, жер – тақты ғой сонша мықты.
 Жамшид те, Фаридун да, Кей де күллі,
Болған жоқ мәңгілікті, өліп тынды.
Тек қана жан қайраты барлар асып,
Көтерді тәжін көкке тағын басып.
Тәж бенен таққа барар жолды білем,
Оған мен қылышыммен жарып кірем.
Әкемнің ақ тағын бір азғын басты,
Тор құрды өрмекшідей сол албасты.
Айдаһар сол үңгірді кернеп кірген,
Қорқа ма өрмекшінің өрмегінен.
Туар ма Жәбірейілдей кесір найсап,
Шегер ме шыбын, сірә, пілге айбат.
Киік те батырсынар ерік берсе,
Алдынан арыстан бір арс еткенше.
Жүз шырақ жайнап жанған күңгірт тартар,
Овнадан күн көрінсе,– нұрын шалқар.
Жетім мен жаттан пана жүрсем тауып,
Ордама ұры түсіп, төнген хауіп.
Ұрылар шекерімді жеп жатқанда,
Шер жұтып бауырым менің батты қанға.
Бөгеймін қанжарымды мен несіне?–
Қанжарды қадаймын жау кеудесіне!
 Аджамға – ие менмін, нем бар жатта?
Арабқа қарыздармын мәңгі шақта.
Мунзир дос ас пен суын берді маған,
Туыс қой Нұғман мүлкін аямаған.
Мені сол ас бергендер қадірлейді,
Жегендер несібемді зәбірлейді.
Билеймін өз елімді сертім асқақ,
Арыстан өз орманын кетпес тастап.
Кейдің мен тумасымын, кім маған тең?
Кім сыйлар жат нәсілді жалған, бөтен?
Кейлер тек Кей тағына ие болар,
Өзгеге сол биікке жол жоқ шығар.
Әзелден әміршіміз, құлсың бәрің,
Біз – мырза, тар сендердің құлқындарың.
Шаһ деген – ұлы тақта, майданда да,
Ер ме сол қартың таққа қойған жаңа?
Шарапты кәрі сақи құйса бұзып,
Дана жас бабын табар қайта сүзіп.
Сендерге пәлені мен төндірмеймін,
Әділдік ақиқатқа жармын деймін.
Сендерге патшамын деп болман өктем,
Бұзбауға анттарыңды, аспан шектен.
 Теріске шығармаспын сендерді де,
Шатпын мен билер жұртым сенген күнде.
Білемін, бұған себеп табу керек,
Ақтайды анттарыңды сол керемет.
Кім батыл арыстаннан болса, сол ер,
Тәж бенен тақты сол ер еркін билер!
Таңертең темір тордан шынжыр байлап,
Екі аш арыстанды шықсын айдап,
Сап құрып тұрсын әскер кең алаңда,
Байлансын қос арыстан зор бағанға.
Кейлердің Хосроу киген көне тәжін,
Арыстан арасына қойған ләзім.
Қазіргі шаһ қартыңмен серттесемін,
Мынадай екеумізге шарт кесемін:
Сескенбей арыстаннан тұрған қоршап,
Кім алса жатқан тәжді сол болсын шаһ!
Қысқаша, үрей тастап Баһрам айтты,
Алданбай көлгір сөзге жауап қатты.
Сөздерді ұшпу айтқан хатқа жазды,
Мөр соғып, бүктеп берді хат-қағазды.
Аджамның елшілері алды хатты,
Қарт шаһтан келгендерді ол босатты.
 Елшілер абзал шаһтың мөрін көріп,
Сөзіне сол хаттағы келді еріп.
Жас патша ақтағандай бар үмітті,
Тек қана қойған серті абыржытты.
Ұнатты сыр-сипатын Баһрамның,
Патшалық нұрын тартты нәрін жанның.
Елшілер ырза болды: «Нағыз шаһ!»,– деп,
«Шын патша, бір кіршік жоқ,
қаны пәк»,– деп.
Кім болар бөгет, сірә, атар күнге?–
Ешкім де қарсы тұрмас бұған мүлде.
Айбат пен қайраты зор арыстан бұл,
Жайратар айдаһарды қарысқан бұл.
Тақты тез қайратымен алар тартып,
Бізді аты тұяғымен кетер тарпып.
Талабын еркімізбен тындырайық,
Бекерге майдан отын қыздырмайық!
Шарты оның ойлағанға болар қатер,
Кім барсын арыстанға жазым етер.
Арыстан түсінгенге тапқан айла,
Қасқырға қу болса да түлкі ұқсай ма?»
Осылай ойлап кірді ордасына,
Айтуға елге келді шаһ қасына.
 Қарт елші оқып берді сәлем хатты,
Жасырмай білгендерін айтып бақты.
Сонда шаһ кәрілікте тақты басқан,
Тағынан түсті жұлып тәжін бастан.
«Қажетсіз тәж бен тағы жас асқанда,
Сол үшін жем болам ба арыстанға?
Кетейін тақтан тірі өз еркіммен,
Арыстан қарпығанша көк етімнен.
Өмірден безбеген жан қалып ықылас,
Жеміне арыстанның қолын сұқпас.
Баһрам бассын мейлі ата тағын,
Көтерді таққа лайық ер атағын.
Кейлердің мирасқоры тәж бен таққа,
Қартайдым, ілікпеймін бұл шатаққа».
Ал сонда сұрқылтайлар сәуерледі,
«Көсемсің сен ақылдың кемеңгері.
Шаһ етіп сені таққа көтергенде,
Шарт қойдың көтерме деп керіп кеуде.
Сен ғана патшамызсың қойған қалап,
Кетесің тақтан біз тек қойсақ талап.
Тәж тарту арыстаннан ермек емес,
Шешейік таң атқанша құрып кеңес.
 Сескенбей орындайық шартын айтқан,
Қасқисын қос арыстан тәжді баққан.
Қорықса ол арыстаннан жеңіс таптың,
Таланса ол – сен иесі тәж бен тақтың.
Амал не жеңіп шықса – оныкі тақ,
Құтылар ауырлықтан халық бір шақ.
«Ол таққа – лайық!»– деп жұрт кетер гулеп,
Уа, тәңірі, сондай халден құтқарғай тек!».
Шешті олар не болса да көреміз деп,
Бас тартпай шартына да еркі береміз – деп.
Күтті олар ғайып істі атар таңнан
Қандай шаһ тәж алады арыстаннан?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу