15.04.2022
  86


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ ӘКЕСІНІҢ ОПАТ БОЛҒАНЫН ЕСТИДІ


Ғайбат сөз жетті бір кез Яздигерге,
Өсектеп Баһрамды азды деуге.
Гуледі: «Ұлың өсіп болды найсап,
Жасынан құтырынды қасқырдай тап.
Арыстан бұғып одан иттей қашар,
Ашынса айдаһарды белден басар.
Арқандап диюларды байлап алар,
Қырқандай қияларға ойран салар,
Алмасты қанжарымен жібек етер,
Қанжары жартасты да бұзып кетер.
Әкесі естіп соны болды қайран,
«Қайсар ұл – маған ажал торын жайған.
Деп әке, күншіл, зұлым оймен енді,
Арыстан өз ұлынан хауіптенді.
Ал, Баһрам аңғалдықпен сезбей мұны,
Аң аулап, думан құрды күндіз-түні.
Дос пейіл мейірбан шат әрқашан да,
Иеменге жұлдыз болды жайнап таңда.
 Баһрамды Мунзир сүйді ер – інім деп,
Шалдуар ісін Алла әмірі деп.
Бағалап, парасатын, ізгілігін,
Баһрамға берді Мунзир ел билігін,
Тізгінін асау аттың берді оған,
Мейірімін аямады, жомарт адам.
Баһрам еш дүниеге тарықпады,
Төнбеді еш пәленің хауіптері.
Иеменде жайнап достық нұр бағында,
Болды ұмыт Аджам әке, тәж-тағы да.
Ал бір күн тағдыр айдап келді сол шақ,
Әмірін тәңірі бар аспан жұмсап.
Өр тағын Яздигердің ойран етті,
Қаһарлы шаһ шырағы сөніп кетті.
Тәж-тақты әкесінен қай кезде алды,
Тап сол кез тәж бен тағы қаран қалды.
Шаһ өліп, тағы босап, үрей қашты,
Соны ойлап ләшкер мен жұрт ақылдасты.
Айдаһар енді бізді илемесін,
Әулеті Яздигердің билемесін.
Солай деп шешті қауым бағынбауға,
Ақылды, ер болса да Баһрамға.
 Болса да ізгі және өнегелі,
Патшалық қасиетін елемеді.
Әкесі жасап еді қатал қысым,
Жек көрді Баһрамды жұрт сол үшін.
«Біздерге сол жігіттің сыры ғайып,
Өлімін әкесінің жасырайық.
Арабтың арасында өсті жат боп,
Қалайша Аджамды билер шаһ боп?
Ойнатар тазилерді төбемізге,
Соған біз ирандықтар көнеміз бе?
Солай деп Баһрамды етті халас,
(Ал Алла шешсе өзінше – бекер талас)»
Мінгізді таққа, міне, жаңа шаһты,
Мобедтен қарияны бір іздеп тапты.
Емес қарт патшалардың нәсілінен,
Бабасы абыз еді нәсібі кем.
Міне шаһ киді тәжді, сұсты қарап,
Патшалық жеті зерлі баумен орап.
Баһрам білді – тағдыр шегін асып,
Оралар жаңа белгі мейірім ашып.
Тағдырдың өзге болар айналымы,
Оралмас бағы ізгі қайта адымды.
 Естіді: ұлы даңқ күл болды деп.
Яздигер тағына бір сұм қонды деп.
Яздигер нәсілі емес, бөгде бір шап,
Наразы жұрт дуылдап, туды шатақ.
Әуелі ол әкесіне бата оқытты,
Жамылды қара шапан аза тұтты.
Содан соң ол семсерін қайрап алды,
Құртуға оған қастық ойлағанды.
Найзамен сол бүлікті баспақ болды,
Сайысқа жау қақпасын ашпақ болды.
Бірақ ол парасатпен ойға қалды,
«Тап берсем бездірем ғой айналамды».
Етсе де Иран жұрты қастық маған,–
Айыруға рәсім тақтан хақ қалаған.
Бірақ мен түйілмеймін ыза-зілмен,
Мархабат – мейірім табар өз елімнен.
Адасса олар, сірә, қыру жөн бе?
Қойым ғой олар менің жүрген елде.
Терісін бүркеп олар, енді күйсер,
Үн-түнсіз жайлауымда қалғи түсер.
Ел антын бұзған олар қайта елге,
Ұялып алдымда олар болар пенде.
 Азғындық ерін қысар ер адамның,
Өкінер ащы зарын төгіп жанның.
Еліккен жалған сөзге қор боп қалар,
Ақиқат тапқан адам – бақыт табар.
Адасса Иран,– жұрты,– барайын мен,
Ақ жолға, ақыл беріп, салайын мен.
Аптыққан аңшы кенет тартса садақ,
Жебесі тимей аңға болар мазақ...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу