15.04.2022
  92


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМНЫҢ АҢ АУЛАУЫ ҺӘМ КИІКТЕРДІ ТАҢБАЛАУЫ


Баһрамға Сухейлдей нұр жанғанда,
Терісі сұр киіктің жұқарғанда.
Баһрамға болды енді Мунзир аға,
Екеуін бірдей баққан Нұғман дана.
Үйретті жүйрік мініп жүйткуді оған,
Разы еді Мунзир мен оған Нұғман.
Баһрам толықсыған бақтай гүлдеп,
Қуантты қарағанды, өсті гулеп.
Күндіз-түн үзілмеді жас ойнағы,
Күндіз аң, түнде – думан, масайрады.
Киікті аулауға ол болды құмар,
Жебесі талай аңға тиген шығар.
Сау кетпес садағынан жалғыз киік,
Мінгені жирен тұлпар желдей жүйрік.
Теңіздің толқынындай жүйткіп кейде,
Құйғытар қамшыны бір тигізбей де.
Күн добын, ай табағын көкпар етер,
Ол шапса, көк дөңгелеп бірге кетер.
 Шиырылып жал-құйрығы жүз жыландай,
Құйынды қуып озған жылқы қандай?
Мұндай ат болған емес дүйім елде,
Ор қазды тұяғымен киіктерге.
Шыққанда Баһрам аңға атқа мініп,
Киіктер таң қап атқа қалған тынып.
Бұрынғыдай озып тұлпар асқан шауып,
Буынан қашқан аңға туған хауіп.
Барыс сынды сол сері сәрі таңда,
Мыс түсті тұлпарымен жосығанда.
Көрінер: түз өрнектей дуалдағы,
Алау қыр, тобыр аң, тау, қыр шаңдағы.
Күн сайын сәті түсіп аңға көрген,
Жебесі дәл тиетін болды мерген.
Аң-құсқа бай еді ғой ол кезде қыр,
Мерген де мүлт кеткен жоқ сол түзде бір.
Ер Баһрам кезді атымен талай жерді,
Шөлдерді, елсіз қия тау мен өрді.
Арқандап алды қырдан мың-мың киік.
Алқымдап желкесінен жерге түйіп.
Тимеді құралайға, құлындарға,
Аяды түлектерді, берді сауға.
 Сауырына өз атымен соғып таңба,
Өссін деп қоя берді құба жонға.
Шаһ мөрі соғылған соң таңба болып,
Кім жасар таңбасы бар аңға жорық.
Көргенде қашқан аңнан сол таңбаны,
Аңшылар атпай оны жалтаңдады.
Ұстаса таңбасы бар жас киікті,
Босатып маңдайынан бір сүйіпті.
Баһрам, таңба соққан сабаз мерген,
Құтқарып таңбалыға ерік берген.
Таңбалы құлымыз ғой сұлтанның біз,
Құйғытпай тағдыр атын сылтып жүрміз.
Құмырсқа бар ма сірә, бұл заманда,–
Сауырына соғылмаған зорлық таңба.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу