15.04.2022
  108


Автор: Қалижан Бекхожин

СӨЗДІ МАДАҚТАУ ӘМ ДАНАЛЫҚ ХАҚЫНДА БІРЕР ПІКІР


Әлемнен де ең көне, мәңгі жаңа,
Көп айтылды ол жайлы – ол сөз ғана.
Мәңгілік Кейуана – жер баласы,
Тумасы соның ізгі – сөз данасы.
Құдіретті, хикметті сөз – рухтай пәк,
Сақтаушы асыл сырды, алсын тыңдап.
Сол сөз ғой талай ғайып сыр ашатын,
Әлеммен сыры жұмбақ сырласатын.
Бүгін бардың ертең-ақ бәрі өшер,
Сөз ғана мәңгі жасап, майдан кешер!
Бақ солар, жібек жидіп, күмбез құлар,
Бәрі-бәрі желге кетер, тек сөз қалар.
Ұқ сырын, өсімдіктің, табиғаттың,
Ұқ сырын тылсымы бар барша заттың.
Ашарсың жаралғанның баршасынан,
Өшпейтін ғажайыпты ең асылдан.
Барша өлер, уақыт отап, болар тозаң,
Тек мәңгі жасар дана, білгір оған.
 Өз қырыңды ақиқат көре білсең,
Ғайбаттан без, шындыққа ере біл сен.
Ең ұлы ақиқатты барламасаң,
Онда сенің кең емес, тар босағаң.
Үй ме сол түтіні жоқ төбесінде,
Бос тірлік білім – ұқтым жоқ есінде.
Барға разы көр тышқан секілді ол,
Мәңгілікке соқпайды сарайды зор.
Рухани жалқаулыққа сылтау оңай,
Сүтің іріп кетпей ме, бұл да солай.
Әр іске машығы бар, кей жарандар,
Пайымдамай кей істі құр сандалар.
Білгір жандар алысты бұрын көрер,
Білімсіздік көзіңді бумен көмер.
Бай мүлікпен алысқа сапар шексең,
Күзет ал, қарақшыдан сақтанып сен.
Саудагер қытайдан кеп мүшкі сатқан,
Мүшкісін қорғап орап, қабық жапқан.
Болса да көкек әлсіз бүркіттен кем,
Қыранға жеткізбейді үріккеннен.
Атақтының қасында қастық дулар,
Мүскіндерді қорқытпай ондай шулар
 Лашын ұшар жем үшін үрейсіз-ақ,
Кенет бір тұяғына түсер дұзақ.
Аш жолбарыс жайратып сиырды жер,
Бірақ сыймас қарнына сиыр түгел.
Дән таусылмас әлемнің албарынан,
Бұйырғанын жейміз тек, арылмас дәм.
Арпа дәнді құсқа сен көп сепсең де,
Дәм азаймас жұлдыздай көк әлемде.
Алтын тәжбен шырақтай жайнасаң бір,
Ойла, зар қағамын деп жайрасаң бір.
У шарап масайратса ойла бірақ,
Сәл күлген соң қалам деп өксіп жылап.
Аз емес қой дүниеде сырластар да,
Медет берер сені бір зіл басқанда.
Ақыл ғана шын медет, шын панамыз,
Ақылдан тек игіні біз табамыз.
Ақыл-ойдан алжасқан жан ол сұмырай,
Бейнесі адам, әрекеті дәл диюдай.
Ақылдылар періште әз әулие,–
Кереметті тылсымға олар ие.
Фәни ісің не болса сен разы бол,–
Туғанда маңдайыма жазылды ол.
 Фәнидегі парызды сен өтей бер.
Тірлік күнің өтпесін зая, бекер.
Тамұқта да еңбек ет сол ғой абзал,
Пейіштегі думанда – қандай мән бар.
Бәлкім іске берілсе – сол игі ме?
Тек қаталдық болса оның пейілінде?
Кім қастықпен шүйілсе дос ізіне,
Қастық бізін сол қадар бір өзіне.
Ізгі жан шарафатты мейірімі мол.
Абзал боп, жауыздыққа жоламас ол.
Жаса сен өмірім зая кетпесін деп,
Өлсем жұрт мінеп мені сөкпесін деп,
Біреулер – «құрыды үйі» демесін деп,
Айтпасын біреу өлсем кім осы?– деп.
Мейлі сені ешбіреу қолдамасын,
Жығылма, тапталмасын жолда басың.
Тағдырыңды табалап мәз болғаннан,
Досың абзал ізгі оймен есіне алған.
Өңшең аштың қасында нан жей көрме,
Шақыр қайта оларды дәм бар жерге.
Күншіл барда қазынаңды санай көрме,
Айдаһардай жабысар ол бай кенге.
 Болса досың желдей бір жеңіл жұмсақ,
Жеңіл бір жел үрлесе жанбас шырақ.
Жаралған жоқ тойыну үшін адам,
Ақыл – ойдың дарыны ырыс оған.
Қарыны үшін тек өмір шеккен жаннан,
Ит артық иесіне серік болған.
Дана сен, ізгі бол да жебе жұртты,–
Мол қазына, әміршіден сол ғой мықты.
Хайырың – райхан гүлдей жұпар атсын,
Жомарттығың – еліңе шалқып жатсын.
Дана айтқан: «Тындырған жан ізгі істі,
Ұйықтаса көрер ізгі, қызық түсті».
Залымның жүрегі сұм, сұмдық құмар,–
Өмірін сұмдық езіп, сұмдық жұтар.
Жақсының ізгілікке жаны жарқын,
Ізгілік өмір шегіп жаяр даңқын.
Сақтан сен ашкөздіктен тәңір селі
Ашкөзді соққан талай, соғар сені.
Жазмышты ұқ,– фәнилік іс пен атақ –
Бәрі де болар бір күн көр – топырақ.
Десе : «Білім алауын адам жаққан,
Бірақ жөн ғой адамның өзін тапқан.
 Жауап қат аңқымай ма жұпар гүлден,
Ол гүл өзі нәр алып туар жерден.
«Жылан улы, жолама сол кесірге –
Убасары бар бірақ желкесінде».
Алданба сен фәниге рахым күтпе,
Айдаһардың алдына шатыр тікпе.
Айдаһардан дос іздеп әуре болма,
Өзгелердей сені деп асар жолда.
Әулиенің жейдесін ит сый көрмес,
Мұндай сыйға пасықтар баға бермес.
Адал достан айрылса кей достарың,
Көресің, дұшпанымен бас қосқанын.
Ақ гүлге қара шыбын қонғандай тап,
Ағын қара, қарасы болар әппақ.
Дін бұзылса ақтықты сұмдық езер,
Иосиф аң боп, тақуа шарап ішер.
Бұл шақта екі жол бар – сұмдық істе,
Не сұмдық жолын жақта, ара түс те.
Уа, Алла құлдарыңның ая бәрін,
Сұмдықпен тұсамасын аяқтарын!
Фәниде дозақ оты жанбаса екен,
Сөнер шоққа май, сірә, тамбаса екен!
 Тұр, жаран, құрт пасық пен зұлымдықты,
Жалғанда Алла жолын ұста мықты!
Мол алтын күйме барда болма жарлы,
Батыл аш қазыналы қоймаларды.
Қара сен лала гүлге жел түлеткен,
Үш теңге үшін оны жүндей түткен.
Мақтанба алтын сәлде – тәж кидім деп,
Алтынды табанға бас еркін билеп.
Құйылсын қара бұлттан нәрлі нөсер,
Алдыңда жер құлпырып, гүлдер өсер.
Алтынды күнге шаш та жомарт атан,
Гауһарды тастай жарып бол жұртқа таң.
Топастар – алтын құмар – деген бір пір,
Пенденің көзі шала – әлем бұлдыр.
Алтын не? Екі әріп қой қоса алмайсың,
Ұнтағын сақтап ұзақ тоса алмайсың.
Алтын сел ашқан арна сынды болма,–
Шашылма, өзен шашқан құмдай жонға.
Сарғайса сары алтындай бір күн денең,
Жасыл шапан жамылар уақыт деген.
Кімге пұлын шашпады қазынашы?
Мың есікке қаланды мың кен тасы.
 Бір ұйықтаса оянбас күмісі көп,
Тірлік үшін оянар күмісі жоқ.
Алтынды жұмсай білсең – сүйінерсің,
Жасырып сақтай берсең – күйінерсің.
Қара, сол достарыңа көр топастар,
Тас үшін қастасып жүр сол бақастар.
Қанша шақ дүние зілі басынады,
Қанша шақ жер алтынын жасырады.
Үш мүскін тасыр үнсіз зіл жүгіңді
Төрт құл бар, баптап тұрған құзырыңды.
Мекенің – жер, жел және түн қараңғы,
Сүймесең жер – салқын, жел сұмдық лаңды.
Жерге бір тікен түссе хұрма ағаштан,
Бұлғауың етсін аспаз, салма асқан.
Ақыл – ой қарынынан бөлек пенде,
Гүл емес, оларыңды асқа демде.
Тыйған жан ашқарақтық қу нәпсісін,
Гауһардай жарқыратар шуақ түсін.
Азап шексең шынығар ширар күшің,
Мың түсті тарақ керек сақал үшін.
Фәнидің бал бәлзамын тату үшін,
Мың түрлі у жұтарсың соны түсін.
 Қара сен: ет сатқанның дүкенінде,
Бейнетсіз келген кесек жоқ қой мүлде.
Мың үміт сөніп талай, өмір өтті,
Ал біреу байып содан шалқып өшті.
Жүз мүскіннің кілләсін кесіп жендет,
Бір маңғаз өрге шауып өтсе екен деп.
Алтынды аяғымен таптар бір паң,
Бір тиын үшін сорлар мың-мың адам.
Дегенің боп бітсе арман сол игі не?
Бітпес арман – ол шырақ биігіңе.
Арманына жеткен жан кешең бір сәт,
Кепіл бұл жасауына оның ұзақ.
Кеш жетер мұратқа ұзақ тірлік еткен,
Ерте өлер мұратына ерте жеткен.
Шыңдалып лағыл ұзақ жасар көп жыл,
Ал лала қалар күйреп, соқса бір жел.
Уа, қанша той көресің сен масайрап,
Шырақтың сәулесінде желмен жайнап.
Сыпыр сен аяғыңнан нәпсі зілін,
Құмырадан батыл шығар батсын бүгін.
Жеті мүйіз түбірін жұл басыңнан
Құтыл сен төрт тағанды бұрқасыннан.
 Құпия құдық көрсең басып өтпе,
Ол зындан саған қазған түсіп кетпе!
Жарқылда найзағайдай, өл күлімдеп,
Өл,– тантып жүргеннен де құр күбірлеп.
Ұмытпа – сен мүридсің ен дүниеге,
Мүслімге шаттық беріп, бол өнеге.
Сапында мүридтердің баста әм сен,
Есігі үмітіңнің ашылар кең.
Жүз қиын түйіншекті шешкен мұндар,
Бекзадамын қыстақсыз көкке іңкәр.
Мейман келсе қайтпекпін, жоқ қой асым,
Дастарқанды жаятын жоқ даяшым.
Ақыл сезер не ойлап, нені бүктім,
Мысалдап, я тұспалдап нені күттім.
Жарлылықта зіл емес бұл жалғанда,
Жат есегін мінгенім кір ғой арға?
Эфиопқа ұнамаса түрік сәні,
Зеңгі үшін екпедім гүл майсаны,
Көк қазаны тал түсті қыздырғанша,
Піспеген собық болып жаттым қанша?
Жұлмалап уақыт жеді собығымды,
Көз майын жемісімнен сығып мыйды.
 Пістім мен жүзімдей боп нәрі тәтті,
Қарап ем мәуемді ара сорып жатты.
Қайтейін шараппаз жоқ қайран шырын,
Зая боп елсіз жерге солды жүзім.
Белгісіз жолмен келем тағдыр айтқан,
Келе ме алып мені суға қатқан.
Аңыз бар су ұйықтаса кен боп қатар,
Су емес өзегінен алтын атар.
Бұл бекер жайнар қатқан су күміс боп,
Жалтыр мұз, жалтыраған күміс қой тек.
Бұл кезде күміс берер алтын үшін,
Қиын ба айыру күннен айдың түсін?
Арабша жазсаң күміс «йасын» болар,
«йа»сын алсаң егер – сын қалар1.
Сөз темірін аптадым саф алтынмен,
Кім күмісті етер жай алтынға тең?
Темір үшін бұл күнде алар алтын,
Күміс үшін көтерер темір нарқын.
Сақтан зергер! Өзгерді қазір жалған,
Алтының күмісіңнен болды арзан.
Жанымды бір ғана тек ой мазалар,
Ақылға сәті түссе бақыт қонар.
1
Парсы сөзі – сын арабша – сим болып, ал парсы сөзі мыс – мс болып жазылады.
Егер орнын алмастыра – күміс (мс) болып кетеді деген ғой.
 Бұл күнде бағакерден сөзім қашқан,
Маржанды айырмайды малта тастан.
Мақтаны айтар көрсе,– шүберек деп,
Қол созар арқан көрсе – бұлтты көк деп.
Қоймасы толған оның торғын жібек,
Қазынасын саф алтынға қойған тиеп.
Алтын мен маржанды ол айырмаса,
Қайғым не, еркін басым қалсын таса.
Дос емес ондай найсап жалғыз болам,
Құмыраға жасырам ба күнді одан.
Айғайлар сақшы кетсе мейман егер,
Бұл қаһар баршамызға бір күн келер.
Мерзімде аяқтармын хикаямды,
Ұйқысын түн өткізіп қинап жанды.
Сапарда тез әзірлен тау бар алда,
Құлама, қатер жолмен өрле жарға?
Жүрер ем қозғалмайды көк есегім,
Қалайша сенім тауып жол кешемін?
Ұғамын кеткенімді сол бір жақта,
Сол күні ұям құлап қалған шақта.
Уа, қанша, болар ғайып арман маған,
Қабағын жүрегімнің қашан жабам.
 Ұмыт сен бұл фәниді түн ғой күнің
Ғайып боп біраз уақыт шықпай үнің!
Біл барлап өміріңнің өткен жолын,
Адастың ба? Тап оның оң мен солын.
Күрегіңді лақтыр! Сел жолды басты,
Көк те әне күрегін алып қашты!
Аспан жерді асығар көр етем деп,
Топырақ пен күректі қорқытпас тек.
Көз жібер өткеніңе әр кезіңе,
Бұл шақта қанша дүние бар өзіңде.
Екі піл қызмет етті сыйлап бұйым,
Көрге тек әкетесің тұңғыш сиын.
Теңіз, таудай борыш боп зіл тұр, меңдеп,
Ұшасың ба қырға сен көкпен өрлеп.
Борышыңды өте дос, сөзімді ұқсаң,
Жүктен құтыл, жеңіл жүр жолға шықсаң.
Фәни зілін лақтырсаң, жеңіл жолың,
Сапарыңның қаларсың оң мен солын.
Тұрғанда тахтан күшпен жұлынбай тәж,
Өзің-ақ бұрын содан құтыл, сабаз.
Кезі жетсе жеміс те қурап салар,
Тапталар да тозаң боп тез жоғалар.
 Мен қаруды тастадым гүлдей желпіп,
Күншілдік пен сұмдықтан аулақ серпіп.
Қажет пе сол күншілдік шіріп жанған,
Отын оның сөндірсін сөзің маржан.
Дүние бір қара жол қара түнек,
Жүрген жолдармен өт былай тек!
Көне есігін аспанның сөйле қағып,
«Мен мейманмын, биле өзің мен бір ғаріп!»
Низами бұл бұғауда жүрме, жетер,
Құтыл енді шырмаудан басты көтер!
Дүниеге рахат мәңгі туғызуға,
Қорықпа жер сыйқырын сен бұзуға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу