15.04.2022
  98


Автор: Қалижан Бекхожин

ПАЙҒАМБАРДЫҢ МИҒРАЖЫ

Пайғамбардың мәртебесі асты биік жер бетінен,
Миғражына шақырды оны жаббар ием
құдіреті кең.
Жәбірейіл періштесі жетектеп кеп бір пырақты,
Көктен түсіп, пайғамбарға қапияда күбір қақты.
Уа, Мұстафа! Аттан жерден, ұш аспанға
жөнел жылдам!
Зымыра тез пырағыңмен, жолыңды ашар
жел алдыңнан!
Уа, Алланың сүйіктісі, бүгін түнде түсті сәтің!
Күн шұғылалы құзырында ашар Алла нұр сипатын!
Ізгі хабар келдім алып, жүйрік пырақ жел қанатты,
Алып ұшар сені жарып, жұлдызы жоқ
тұман жақты.
Бұл дүлдүлің мақсатыңа жетер озып нажағайдан.
Қаһарман бол! Атың – қалқан, сенімің сол
қанат жайған.
Жүйрігіңді айда көкке, биікке шақ өзің айсың,
Жұлдыздарды құшып зымыра, өзің
көкте патшадайсың.
Жеті қат көк биігінің шықсаң алты өр төріне,
Тоғыз қабат күмбезі бар әлем сенің әміріңде.
 Балық түстес көк қырымен жүйткі шапшаң
айдап атты,
Періштенің мойындарын қамшы етіп серме қатты.
Періште қыз жүректерін махаббаттың оты шалсын,
Әфлисунды аршимын деп, алақанын кесіп алсын!
Өзің шыққан ғарышыңа мұнара сал салтанатты,
Сол ордаңды жарқыратып, төк сәулеңді шарапатты.
Сенің ғазиз сипатыңа ну жайсаңдар нұрын төгер,
Періштелер тәжім етіп, шат-шадыман
жырын төгер.
Жүсіпті мәз көктемінде, көрген мысыр
қыздар сынды,
Һүр қыздары ғашық болып, жалындасын
назбен сырлы.
Жиһанкезге түнгі көкте, жолын ашып сәуле жібер,
Өзің жаңа жиһанкезсің, жайнап бақтай
гүлдене бер!
Ұшпу түнге сен иесің, ақ дұғаңды оқы шалқып,
Не қаласа әз жүрегің, баршасы да табар балқып.
Серпі енді! Құдіретіңнің құзырына қада көзді,
Көк тағының жотасына тік өзіңе ақ күмбезді.
Жайна мәңгі күн алдында, аш ғайыптың құпиясын,
Сол ғарыштан ол шұғыламен жандыр жердің
тұйық тасын.
 Сен біліп ал құпияны, айтуға да сөз табылмас,
Бұл ғаламда асқақ өзің, сен ұлысың, бәріне бас.
Тәж бөлеген әз басыңды көтер асқақ көкке биік,
Екі әлемді билерсің сен, майдансыз-ақ рухпен иіп.
От тағалы тұлпарыңмен құм-құйынды сырып өт,
Жүйткі тура құзырына, саған басқа бұрылыс жоқ.
Фәнидегі сарп еткен бейнетіңді жебейді хақ,
Екі дүние күмбезінде тұрар лағыл туың жайнап!»
Жәбірейілден бұл ғайып сыр жеткен
сәтте Мұхаммедке,
Ұлы рухпен масайрады, аян болған ғанибетке.
Күндей жарқын бұл аянға қиял жетпей
қайрат қалды.
Құлағына алтын сырға пенделікпен іліп алды.
Көк елшісі Жәбірейіл алдына кеп тағзым етті,
Пайғамбар ғой өзі жерде, ақиқатты тағлым етті.
Бір Алланың дүниесіне – бұл екеуі – екі қорған
Бірі көктен, бірі жерден туған бұлар – екі зор жан.
Алла әмірін орындаушы періштесі хабар етті,
Ал пайғамбар қошеметпен, қабылдады кереметті.
Рухтың сөнбес шамшырағы, жаны
сүйген ақиқатты,
Күннің нұрлы ақиқатын ол риза боп күтті сәтті.
 Сәт сапарын ерліктің ол, тағын алтын алқа көрді.
Ол аспанның арқанына мойынсұнып, ерік берді.
Ол пырақтың арқасына жалындай боп қона қалды,
Қамшысымен жел сабалап, әулие атпен
ол жоғалды.
Құдай өзі ерттеп берген дүлдүлімен ұшты көкке,
Қырғауылдай зымырады, нүктедей жер
қалды шетте.
Найзағайдай жүйткігенде жапырақтай
бұлттар ұшты,
Төрт аяғы төрт қыранның қанатындай
қатар түсті.
Тұяғынан сол тұлпардың – қауырсындай
оты жайнап,
Кей-Кабустың тахытындай мандайында
орақ ойнап.
Кешікпей-ақ жер әлемін аспан төрі аймалайды,
Тұяғының астында тез дөңгеленіп ай жайнайды.
Ұшқыр ой да кейде жүйткіп, ұқсамай ма найзағайға,
Көк семсері қынабынан сурылғанда жайнамай ма?
Ақыл-ойдың от сәулесі жүйткір қалай бұл әлемде?
Көрдің бе сен қасиетпен әулие рух ұшқан өрге?
Ол жүйткісе ақсап қалар, жүйрік
біткен алшаңдаған,
Оның зымыран ағысына тарлық етпес
шексіз ғалам.
 Сол пырақтың төрт тұяғы, жерге дүбір
қаққан кезде,
Теріс, күнгей жер кіндігі оттай жайнап кетті лезде.
Жер үстінде самғағанда Алла досы, хақ пайғамбар,
Ақиқат сол, ол рух болып, болды оған құдірет жар.
Мұстафасы құдіреттің жұлдыздары ұшты жарып,
Түнек аспан кітабінің ашты бетін ол ақтарып.
Шексіз ғарыш ғаламының, дарбазасын ашып өтті,
Күмбез көктің аясынан, тұңғиыққа асып кетті.
Дүниеге мағлұм емес, ұшты аспан әлемінде,
Періштелер жебеуімен Ай мен Күннің желегінде.
Шыр айналған зымырандай жүйткіп міне
айға жетті,
Содан бері айдың беті нұрланды да жайнап кетті.
Жарқырады Утарид та, күмістей боп тәжге таққан,
Жалындады тандырдай боп, қорғасынды
ертіп жатқан.
Ол сәріде самғап өтті, Зуһраның1 төбесінен,
Сынап сынды жалт-жұлт етіп ізі қалды
нұр себілген.
Ол Алланың құзырының аясына жақын жетті,
Жанған күннің шоқысына алтын тәжді
қойып кетті.
1 ,2,3 Зуһра, Баһрам, Мүштари – жұлдыз аттары.
 Жасыл түсті шапанын ол арқасына жапқан шақта,
Тәжім етті Баһрам1 жұлдыз қызыл арай –
гүл сипатта.
Мүштариды2 жаутаңдаған, тұла бойы зақымдалып,
Мүсіркеді Мұстафа өзі жазып кетті, рахым дарып.
Ол кейуанның гүлді тәжін, аяғымен түртіп еді,
Кейуан туы хош иісті Әнбрамен3 желпілдеді.
Тұлпар пырақ қалқып көкте таңғы жеңіл
желдей ұшты,
Арқасында ақ пайғамбар арыстандай отыр сұсты.
Шылауында жебеледі хақ елшісі Жәбірейіл,
Ғарыштың ең биігінде аяқтады жолын ауыр.
Мұхаммед те пырағынан түсті көктің шоқысына,
Қалдырды атын көкжиекке мәңгі жанған
от тұсына.
Жәбірейіл сол бір тұста Мұхаммедтен кейін қалды,
Қолыңдағы арқан-жіпті ұзын саты етіп алды.
Қарап еді бір бесікке Микаилі отыр қалғып,
Бір сарайда отыр жайнап, Исрафил да
даңқы шалқып.
Періштелер хақ тағынан жамылғыны алып кетті,
Мәңгілікті шұғыла сол көк төрінен бір жарқ етті.
3
Әнбра – хош иісті зат.
 Тіршілікті фәнидегі жарым жолды ол қалдырды,
«Мен» дегенді мансұқ етіп, жанын
рухқа айналдырды.
Телегейге төсін керіп, жүзгендей ол тұңғиыққа,
Адаспай ол хақ жолымен, жетті, міне, бұл тұйыққа.
Жүзіп шықты, жетті, міне, ол жаббардың
тап алдына,
Мәңгі бақи құпияның орнын көріп таң қалды да.
Есі кетіп, сол ғайыптан, жаны бір сәт әлсіз қатты,
Алла сонда елшісіне рахым етті шапағатты.
Құдіреттің құзырының тұрды жайнап баспалдағы,–
Садақ оғы жетер жерден хақтың төрі асқақтады.
Таяу келіп көтерді ол зіл перденің ауыр шетін,
Көрді көзі күн теңізін, сыры ғайып кереметін.
Өшпес мәңгі шамшырағы жарқыраған
тәжбен ойнап,
Құдіреттің ақ дидары көрінді оған күндей жайнап.
Шүбә ойдың көлеңкесін қуды жаббар жүрегінен,
Пайғамбары көз жанарын жуды хақтың
нұр лебімен.
Қарамады өзге жаққа мансұқ болды бәрі де оған,
Мадақ жауды – жан-жағынан,
найзағайдай шартылдаған.
 Сол ғайыпта шұғыла кеңдік, не төмен жоқ,
не жоқ аспан,
Алты өлшем ада онда, бар қасиет – бір тұтасқан.
Алты ұлы өлшем деген – хақ алдында өлшем емес,–
Алдында оның жаһан да тар, найзағай
да күркіремес.
Бұл фәнидің өлшемдері – ләзім жердің мүддесіне,–
Құдіреттің тәж-тахыты симас жердің кең төсіне.
Расул-Алла, зияпатпен көріп жүзін құдіреттің,
Азат жаны мерейленді, қуып түнін қасіреттің.
Көз алдынан көрді Расул мәңгі ғайып
хақтың тағын,
Жер-жаһанда замандарда ешкім таппас
хақ тұрағын.
Рухы жайнап, ақ жанымен, жаңа өңірге
қақты қанат,
Сол құзырда одан басқа, болған емес бір адамзат.
Шексіз аққан дүниеде бәлкім барар бағыт бар ма?
Сірә, шексіз қиырларды, өлшем бар ма анықтауға?
Тәнсіз хақты көк үстінен тек пайғамбар
көрді барып,
Ол тіл қатпай сөзсіз ұқты ғайып сырын
құдай дарып.
Ол ғайыптың кесесінен нұрды жұтып қуаттанды,
Алласының мейірімен бұл фәниге қайта оралды.
 Бұл бақыттың – нұр кесесі сақи оның – ғазиз ақыл,
Ол уақыттың жазмышы ғой мәңгі шаққа
болды бақыл.
Алласынан алып қайта жұлдыз жапқан
өз шапанын,
Хақ елшісі тәмам етті жерге түсіп әз сапарын.
Өзі білген құпияны қауымына айтты толғап,
Мүскіндерге медет бері,п күнәһарді қалды қорғап.
Уа, Низами! Қанша шақта басыңмен сен иілесің?
Құлау үшін бір уақытта биік тұрып сүйінесің?
Сен бақилық пейішіңді рухыңмен тек ізденіп тап,
Пайғамбардың ізімен жүр, ақ жолында
тіленіп бақ.
Егер біздің иманымыз болса кәміл ғанибатты,
Жүрегіңе сақта терең – шарапатты, шариғатты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу