Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  81


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Шөлейт-шөлде, қараша үйде туыппын

Шөлейт-шөлде, қараша үйде туыппын,
Панасында кереге мен уықтың.
Сарша белде тәнімді алғаш жуыппын,
Қайда жүрсем шөлейтке сол жуықпын.
Жөргегінде мейірбанды бесіктің
Бірде күліп, бірде жылап өсіппін.
Жел қайықтай сахарада есіппін,
Жел қайықтай мұхитында несіптің.
Түзіме сол қайта сапар шегейін,
Жүрегімнің жұлдыз нұрын төгейін.
Кәрі әжемнің көтерейін мерейін,
Өлеңімнің гүлін теріп берейін.
Шөлейт – шөлде, қараша үйде туыппын,
Панасында кереге мен уықтың.
Тұрсам да енді сәнді үйінде шаһардың,
Сол баяғы қараша үйге жуықпын.
Шарласам да сансыз аймақ өмірде,
Сол қараша үй жүр ұдайы көңілде.
Ащы-тұщы тіршілікті кешсем де,
Өзгермедім туа біткен сенімге!
Болсам да мен сиқыр сөзге майталман,
Өзіме өзім ырзамын деп айта алман.
Сынар мені ғаламда тек туған жер,
Талай мәрте шақырып ап, қайтарған.
Өлеңнің де жансызы бар, жаны бар.
Жаны бары келешектен табылар.
Мен сенемін, кейін мені таниды –
Жүрегіне шапқан қызыл қаны бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу