15.04.2022
  160


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕТІ АРУ - МАДАҚ

 
Рахманы зор құдіретіңмен, жасаушысы –
бұл жаһанның
Баршада бар нұр сипатың, тірлігісің күллі жанның.
Жаратқан сен бұл ғаламды тәж-тағына өзің ие,
Шексіз жайнап фәрмәніңмен, өшер бір күн
бұл дүние.
Сен аспанды күмбез етіп, өз нұрыңды
шамдай жақтың,
Он сегіз мың бұл жаһанға жұлдыздарды
сен жайнаттың.
Шапағатың шамшырақтай бұл фәниге
жанар мәңгі,
Уа, жасаған, тіршілікке мекен еттің жылы аяңды,
Зергерісің дүниенің бар әлемге сәулет берген,
Бар ғажайып өз сипатың,
дергәһыңмен өрнектелген.
Тумақ, өлмек және де бұл дүниенің басы, соңы.
Барша тағдыр бір өзіңде, маңдайыңа жаздың соны.
 Ғайыбына дидарың да, көрінбейсің пенделерге,
Сен аянсың әрбір сәтте, кереметпен деме-демде.
Дүниедегі бар тіршілік құпия сырмен тірлік еткен,
Сенің сырлы сипатыңда тірлік өзі өмір шеккен.
Сен жанысың бар жиһанның,
жаралғанның тірлігісің
Бар өмірге нәсіп берген мейірбансың, сен нұрысың.
Есімің де барша есімнің әуелгісі құдіретті,
Жаралғанның әдепкісі – жасаған сен
жер мен көкті.
Тірлік әлем шексіз жайнап, кең аяңда
шыр айналған,
Қайта айналып құзырыңа,
мәңгі-бақи шырайланған.
Құзырыңа құштар едім, қиялыма қапың жабық,
Құпияңды білейін деп, ойым ұшар бұлтты жарып...
Ешкімнен сен туған жоқсың, туған да жоқ
ешкім сенен,
Баршасы да бір өзіңсің, қалғандары жел гулеген.
Құдіретті елһамыңмен дүние жолын жайнатасың,
Ғайыптардың сырын ашып, меңіреуді сайратасың.
Жалбарынса мүскін бір жан дәргәһыңа басын иіп,
Сәуле сынды түнде жанған мейір бердің соған
күн ғып.
 Арай төгіп атар таңға, көктемге сен сәулет бердің,
Ай мен күнді емірентіп, жұлдыздардан
шешек өрдің.
Жер үстіне ақ, қарадан көлеңдетіп шатыр жайдың,
Ақ түстісін күнге қиып, қарасымен жаптың айды.
Ақ ордаңның алдын басып, құлдарыңдай
лек-лек өрген,
Күн менен түн кезектесіп, сипатыңа сәлем берген.
Ізгілік пен зұлымдық та – туар сенің әміріңнен
Әміріңсіз ешнәрсе жоқ өз бетінше өмір сүрген.
Шамшырақтай ақыл-ойды безендіріп
миға жақтың,
Алауымен асылдардың аспаныңды жарқыраттың.
Бірақ жанған сол ақылды сен өзгеше меңзеп бердің,
Өзіңе өзің бойла терең, жайна сыртқа
кең деп бердің.
Бір өзіңе бекім етсе пенделердің парасатын
Шүбә шәкке бойды беріп, жолға түспес адасатын.
Тірлік мәнін жан билесе, тәнімізге сол жан кірген,
Бірақ сол жан бойда болса, қайда екенін
кім бар білген?
Бәрі өзіңсің. Бірақ сенің құзырыңды білген кім бар
Мүскін пенде, кем ақылын қайтіп айтар,
саған мұң-зар!
 Сен жаббарсың пенделерге, қайда сенің
тәж бен тағың
Барсың өзің әрбір жерде, әм ешқайда жоқ тұрағың.
Жеті қат көк бөлшегіміз өзің ғана толығысың
Жеті түпсіз шыңыраудай бізден алшақ ғайып ісің.
Құзырыңа саңлау тауып бара қалса бір батыл жан,
Қасын қақпас көрсе сені, именер де айбатыңнан.
Қараңғылық түнегі де, күннің шұғыла жарығы да,
Іңкәр сенің құдіретіңе күллі әлемнің барлығы да.
Бар дүниенің тағдырының, түйіндерін
шешетін сен,
Пенде емес, ағысына, сара жолды кесетін сен.
Ізгілік те, жауыздық та бәрі сенің пәрменіңмен,ғ
Өз бетінше өріске де өспес бір тал сол нәріңнен.
Қырлы тас пен саз балшықтан
туғызасың асылдарды
Жалын түсті жауһар тасты, інжу сынды
асыл нәрді.
Жұлдыз-нама жүргізгеннен тумас па еді
ер Кей-Кубад
Құзырыңның қақпасында иіріліп тұр айналып.
Сенің нұрлы көлеңкеңде, жүрген рухтар сая табар,
Тірлікке сен жасағансың, сенсіз өмір зая табар.
 Ізгілік пен зұлымдыққа қуат берген әлде күн бе?
Күн мен жұлдыз бағынышты құдіретті
күшке мүлде.
Жұлдыздардан егер бізге дарыса бақ, не зор қуат,
Жұлдыз-намә жүргізгеннен тумас па еді
ер Кей-Кубад.
Сәуегейді көрдің бе бір, адамдардан
жұлдыз баққан,
Нысанасын жұлдыз меңзеп, түкпірден
бір алтын тапқан.
Бірақ надан бал аштырар жұлдызшаға теңге беріп,
Утарид1 пен Маррихты2 ол, айырмайды
мән де беріп.
Жұлдыздардың ағысы мен құпиясын оқыдым мен,
Сол ғылымнан зейініме жарық сәуле тоқыдым мен.
Көне кітап парағының сылдырынан сыр іздедім,
Таптым сені, саған жолым, сайрап жатыр
қазір менің.
Бар дүниенің хикметі мен тетіктерін таптым сенен,
Барша істің жаббарысың, өмір өзің,– хақ деп сенем.
Сенің ізгі шапағатың, жансыздарға рухты берген,
Бақилықтың тандырында өзің бізге дәм пісірген.
Уа, құдірет, көтер мені құзырыңның қақпасына
Тәкаппар жұрт есігінде денем шаң боп жатпасын да.
1,2 Утарид, Маррих – жұлдыз аттары.
 Несібемді өзің сыйла, жаттан жазба сыйынамын,
Өзіңсің ғой аяп маған берген ырзық, азығымды.
Жас шағымнан танып сені, жүрегімді идім саған,
Жаһил жаққа бұрылмадым, иманымсың
сен аңсаған.
Мүскіндерді мүсіркедім, аямадым нәзірімді,
Өзіңсің ғой аяп маған берген ырзық, азығымды.
Қартайдым мен құлдық ұрып, сенің фәни
гүл бағыңда,
Түсірмеші мен сорлыны тағы пәле шырмауыңа!
Кешір, Алла! Қайтып айттым, ұшпу сөзім
күнә емес пе?
Өзің – менің шапағатшым, ғалам – маған
ұя емес пе!
Бұл фәнидің дүресінен есім кетті, баттым сорға,
Медетім сен, құтқар мені, келші раббым,
мені қолда.
Сақтаушым тек ғана өзің, кімге барып жалбарынам?
Кім бар мені мүсіркейтін, мейір
күтем жаббарымнан!
Перделенген құпия көп, дүниенің сыры ғайып,
Жаббар – ием, бір өзіңе аян барша таңғажайып.
Мұратымды айтуға сол тілім жетпей дірілдеймін,
Түсін өзің ақ жанымды, жалған емес,
дұрыс пейілім.
 Арманымды сол құпия өзіңе тек арнап едім,
Құпияда тек өзіңе айтып қана толғар едім.
Сол бір менің аңсарымды махрұм етсең өкінбеймін,
Сонда да мен бір өзіңе ар-иманым бекім деймін.
Өзім ашсам сол ғайыпты, пенделерге болам мазақ,
Өзіңе айтса ғайыбымды – рухым менің қағар қанат.
Уа, құдірет жалбарынам, Низамиға бер медетті,
Сүйініші өзің ғана, махрұм етпе, бер көмекті.
Көтер оның мәртебесін, асыр даңқын патшалардан,
Ізгілікпен, ақиқатпен асып кетсін басқалардан.
Жебе оны, жеткенше ол басын иіп сол бір шаққа,
Құз-құз жанмен кілт оянып – шу шыққанда
ғарасатта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу