Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  95


Автор: Қалижан Бекхожин

КҮН БАТАРДА БОЗ ТҰМАН


Күн батарда боз тұман,
Таудың төсін алқалап.
Жемісіне көз тұнған,
Жасырынды алма бақ.
Торғын бұлтты ақ аспан,
Толқынына батқан ай, –
Мамырлап жүр, адасқан
Айдындағы аққудай.
Мұнар басқан бұл маңда
Көрінбейді шыңда қар,
Қараңдайды тұманда,
Түнгі ұрыдай шыршалар.
Тауда жел жоқ, тым-тырыс,
Боз буалдыр тұсында.
 Естілмейді бір дыбыс,
Бұққан аң да,
құсы да.
Ал жылғада дүркіндеп,
Тулап жатыр тас бұлақ.
Тауға тұман тұнды деп,
Ақпасын ба тасқындап.
Мейлі, қилы кезеңде,
Тұман басса тау-шыңды,
Күркіреген өзенге,
Қосамын мен даусымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу