Өлеңдер ✍️

  15.04.2022
  97


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚЫЗ ДАУСЫ

Тұрды ма тау таң сәріден ән күтіп?
Кетті ме әлде тас бұлаққа жан бітіп?
Неткен қызсың өр дауысты мұншама,
Ән шырқаған Алатауды жаңғыртып?
Жауап шықты ар жағынан қырқаның:
– Шопан қызбын, әнім айтқан – іңкәрім.
Сонау сайда жылқы баққан жігітім,
Естісін деп әнді қатты шырқадым.
Әлде құздар теңселді ме сықырлап?
Тасыды ма тас бұлақтар сылқылдап?
Бейуақытта тау баурында мәз болып,
 Күлген қай қыз
мұнша қатты сыңқылдап?
– Абыржыма, ақсақалым, мен өзім,
Білмейсің бе ерке қыздың мінезін?
Құрбы жігіт қолтығымнан қытықтап,
Мәз күлкіге шын берілген бұл кезім.
Енді шу жоқ, наз күбір бар бір ғана
Сыбырлассақ, сырымызды тыңдама!
Мен қақшидым,
Жым-жырт болды жапан дүз,
Қой қорада, қайда кетті шопан қыз?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу